Бүгін, 7 желтоқсан күні М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында ақын, әнші-композитор Ермұрат Зейіпханды еске алу кеші өтті.
ҚР Мәдениет қайраткері, Жазушылар одағының мүшесі, композитор, әнші, актер, қаламгер Ермұрат Зейіпхан биыл тірі болса ердің жасы 50-ге келер еді. 45-інде арамыздан озған дарын иесін еске алуға жиналған халықтың қарасы көп болды. Еске алу концертіне Ермұрат Зейіпханнан туған-туыстары, қаламдастары, қаруластары, достары жиналды. Олардың ішінде классик жазушы Қабдеш Жұмаділов, ақын Жәркен Бөдеш сияқты қазақ әдебиетінің ақсақалдары да бар. Сондай-ақ ол туып-өскен Шығыс Түркістаннан көзін көрген ауылдастары, достары концертке арнайы келді.
«Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» концерті Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының арнайы жіберген жүрекжарды хатымен басталып, Ермұрат Зейіпханның бар арман-мұратын бойына сіңірген «Көк тудың желбірегені» әнімен шымылдығын түрді. Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, мәдениет қайраткерлері, қоғам қайраткерлері және Қытай елінен танымал өнер иелері келіп Ермұрат Зейіпханның ел арасына таралған әндерін орындады. 2 сағатқа созылған концерттен әуелеген ән тыңдаушысының жүрегіне жетіп, Ермұрат Зейіпханның ел есіндегі бейнесі жаңғыра түсті.
Еске алу кешінен соңғы қонақасында Алматы Облысы Талғар ауданы мәслихатының депутаты Әбдіғани Пәзілқанұлы жиналған қауымға Ермұраттың атына Талғар қаласынан көше берілетінін айтып сүйіншіледі. Бұдан былай, Талғар қаласындағы Шоссейная көшесі Ермұрат Зейіпхан көшесі деп аталады.

Ермұрат Зейіпхан, Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өлкесі, Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетелде тұратын миллиондаған қандасымыздың арасынан Атамекенге алғашқы болып ат басын бұрған талантты жастардың бірі болатын. Жасындай жарқ етіп өте шыққан 45 жыл ғұмырында «Сыбызғы сарыны», «Өзіңе арнадым» «Үш бурыл», «Бұ дүние» сияқты прозалық шығармалар мен өлеңдер жинағын жарыққа шығарды. Қорғаныс министрлігінің оркестрінде қызмет етіп, «Көк тудың желбірегені», «Күнес-ай», «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан», «Жайлауым – әнім», «Кенесары», «Қызай ана» сияқты рухты әндер сыйлады.