Астана тұрғыны ретінде Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізіп жатқандарға алғысым шексіз. Астанаға қара суық түсіп, қар жауып кетсе де, елорда тұрғындары оңтүстіктің қарбыз-қауынын жеуге мүмкіндік алғаны қуантады. Құрт-ірімшік, қымыз-шұбат, бауырсақ сияқты ұлттық тағамдар және бар. Бүгін таңертең «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының алдында Оңтүстік Қазақстан облысының жәрмеңкесі басталып, оңтүстігіміздің қаншама өнімін сатып алдық.
Астанада қарбыздың маусымы тез өтіп кетеді, тойып жеп үлгермейміз. Сол себепті, оңтүстіктің қарбыз-қауынынан ауыз тиейік деп сатып алдым. Килосы 90 теңгеден екен. Бұған қоса мұндай баға таппайсыз. Жәрмеңкеде сәбіз, картоп, пияз сияқты көкөністердің килосы 50 теңгеден, баялды – 100 теңгеден, құрттың килосы – 1 400 теңгеден, ірімшік – 1 100 теңгеден, жылқы еті – 1 200 теңгеден, жылқының қазысы – 1 500 теңгеден, жұмыртқа – 22 теңгеден сатылуда. Бұл деген қарапайым халық үшін өте қолжетімді баға. Ұйымдастырушалырдың айтуынша, оңтүстік өңір ауыл шаруашылық өнімдерімен Қазақстанның барлық облыстарын қамтуға тырысады екен. Облыс әкімдігі жеміс-жидек, көкөніс егілетін жерлердің көлемін де жыл сайын ұлғайтып, дихандарға қолдау көрсетуді жүйелі түрде жүргізіп келе жатқанынан да хабардармыз. Сәйкесінше өнім көлемі де артуда.
Жазира АСҚАР,
Астана қаласының тұрғыны