Клубтар арасында әлем чемпионатының жартылай финалдық кездесуінде «Реал Мадрид» мексикалық «Америка» клубымен кездесті. Ойын 15-желтоқсан күні Японияда «Ниссан» стадионында өтті.
Ойынның бастапқы минуттары корольдік клубтың басымдылығымен өтті. 2016 жылы алтын допты алып, үздік футболшы атанған Криштиану Роналду,толықтай корольдік клубты алға сүйреді. 21-минутта мексикалық клуб ойындағы алғашқы соққысын жасады. 30-жасқа толып отырған Кейлор Навас туған күнінде қақпасын құрғақ сақтағысы келіп, допқа тойтарыс берді. 22-минутта мексикалық клубтың жартылай қорғаушысы Самбуэса, Роналдуға қарсы тәртіп бұзғаны үшін парагвайлық төреші Энрике Ксерестен ескерту қағазын алды. Корольдік клуб 26-минутта гол соғуға жақын қалды. Лукас Васкес оң қапталдан айып алаңына допты әуелете Роналдуға жеткізді. Роналду баспен соққы жасағанда, доп қақпаның бағанасына тиіп, қақпа торынан табылмады. Бірінші таймның соңғы минуттарында шабуылға көп мән берген мексикалық клуб қорғаныста осалдық танытты. Бас төреші қосқан қосымша үш минутта королдік клуб есепте алға шығып үлгерді. Айып алаң алдында Кроос қақпаға жақын қалған Бенземаға пас шығарды, Бензема Муньосты қапы қалдырып мүлт кетпеді.
Екінші таймда «Америка» футболшылары гол соғуға қанша тырысса да, корольдік клуб еш мүмкіндік бермеді. Ойын тізгіні «Реалдың» қолында екенін байқаған «Американың» бас бапкері 70-минутта Ромероның орнына Арройоны кіргізіп, шабуылды күшейтуге тырысты. Екі минуттан соң «Реалдың» бас бапкері Зидан да қосалқы құраммен ойынға жаңа күш қосты. Кроостың орнына Хамес Родригесты алаңға кіргізді. 80-минутта Зидан алаңға ойындағы алғашқы голдың авторы Бенземаны Моратамен алмастырып шабуылға серпін қосты. Соңғы минуттарға дейін Роналду гол салуға тырысты. Екінші таймның қосымша уақытында офсайдтан қашып үлгерген Роналду қақпашымен бірге бір шығып, Муньосты қапы қалдыртып, ойын нүктесін қойды.
18-желтоқсанда «Америка» колумбиялық «Атлетикомен» үшінші орынға кездесу өткізсе, клубтар арасында әлем чемпионы атану үшін «Реал Мадрид» Жапонияның «Касима Антлерс» клубымен бақ сынайтын болады.
Авторы: Төлепберген Маликов