Ирактың Премьер-Министрі Хайдар әл-Ибади «ДАИШ террор ұйымы мұнай құдықтарын бүлдіріп, су мен мұнайды бір-біріне қосты» деді. Оның айтуынша, ДАИШ Иракты осы әрекетінің кесірінен 35 миллиард доллар шығынға батырған. Әрі, Мосулда өртенген күкірттен экологияға ауыр зардап келген.
Сондай-ақ Ибади бейбіт тұрғындарға ДАИШ жасаған зұлымдықтарды айыптады.
Айта кетер болсақ, ДАИШ ұйымы Сирия мен Ирактың біраз бөлігін басып алған ультрарадикалды террорлық ұйым. Олар өздерін Исламның нағыз қағидаларымен жүретін мемлекет құрамыз деп санайды. Алайда, олардың әрекеттерінен мыңдаған бейбіт тұрған түрлі жантүршігерлік өліммен ажал құшса, жүздеген тарихи нысандар, ескерткіштер мен мәдени қалдықтар бүлінді.
Еске сала кетсек, 17 қазан күні Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Ибади Мосул қаласын ДАИШ террористік ұйымынан азат ету операциясы басталғанын жариялаған еді. Қала 2014 жылдың маусым айынан бері лаңкестер ықпалында қалып келген.
Ал азат ету операциясы халықаралық коалициясының әуе күштері, Ирак әскери күштері және күрді әскерлерінің қатысуымен жүргізілді. Көп өтпей операция өз нәтижесін беріп, Ирактың Мосул қаласын лаңкестерден азат ету операциясы барысында үкіметтік әскери күш 13 ауданды тазартты.
Террористерге қарсы соғыс жүрген бірнеше күн ішінде жалпы аумағы 120 шаршы километр территория азат етілді. 21 миналанған автокөліктің көзі жойылды.