Қазақстандық кәсіпқой боксшылар Батыр Жүкембаев пен Абылайxан Құсайынов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап өткізген жекпе-жектерінде кезекті жеңістеріне қол жеткізді.
Бокс кеші 17 желтоқсан күні Канаданың Квебек қаласында өтті. Жүкембаев өзінің жетінші кездесуінде мексикалық боксшы Мануел Марезбен жұдырықтасып, ұпай санымен жеңіске жетсе, Құсайынов өзінің төртінші кездесуін мексикалық Хесус Переске қарсы өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша қарсыласынан басым түсті.
«Аллаға шүкір, Қазақ елі үшін осындай маңызды күн жекпе-жек өткізіп, жеңіске жеткеніме. Бүгінгі жекпе-жегім өз дәрежесінен жоғары деңгейде өтті. Әрине, кездесу ойңа болды деп айта алмаймын. Оған жекпе-жек нәтижесі мен раунд саны дәлел. Қарсыласым да тәжірибелі боксшы. Бірақ бұл кездесуде мен жеңіске жеттім, Аллаға шүкір. Жеңісімді ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын. Жеңіс құтты болсын, Қазақ елі»,-дейді А.Құсайынов.
Екі боксшы да осыған дейін соңғы жекпе-жегін 23 қазан күні Лемье-Риос шоуында өткізіп, қарсыластарын теxникалық нокаутпен ұтқан еді. Онда Жүкембаев мексикалық Иван Перейраны 5 раундта, Құсайынов қарсыласын 2 раундта теxникалық нокаутқа түсірген болатын.