Оңтүстік Қазақстан облысының тұрақтандыру қорындағы азық-түліктер Шымкент қаласында сенбі және жексенбі күндері өтетін жәрмеңкеде, облыстың аудандары мен қалаларында сатылуда.
Тұрғындарды әлеуметтік тауармен қамту және бағаны қолдан көтеру сынды жайттарды жою мақсатында құрылған тұрақтандыру қоры арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша тауарлардың келесі бағада беріліп жатқандығын хабарлайды.
Атап айтқанда, картоп пен сәбіз 30-35 келіге дейін 1 келісін 65 теңгеден, ал құмшекердің келісі – 220, күнбағыс майы 1 литрі – 350, 5 литрі – 1750 теңгеге, 50 келі жоғары сортты ұн – 3600 теңгеге саудаланып отыр.
Айта кетейік, Шымкентте сенбі күні жәрмеңке Мәделі Қожа көшесіндегі «Қажымұқан» стадионында ал, жексенбі күні Арғынбеков көшесі, «Рахима Плаза» ойын-сауық кешенінде өтеді.
Тұрақтандыру қорының сату бойынша менеджері Рамазан Есенбаевпен байланысқа түскен едік. «Тұрақтандыру қоры мен әкімшіліктің кәсіпкерлік бөлімі ұйымдастырып отырған шара сенбі, жексенбі ұйымдастырылатын жәрмеңкемен шектелмейді. «Күлтай ана» және «Қапланбек» базарларында мобильді машинамыз жеті күн бойы жұмыс жасайды. Жәрмеңкеге бара алмай қалғандар базарға келіп, төмендетілген бағада әлеуметтік тауарларды сатып алуына мүмкіндігі бар. Көбінесе біздің тауарларды әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен зейнеткерлер көптеп алады. Кейбіреуі жеткізіп бересіздер ме деп те сұрап жатады. Өкінішке орай, бізде ондай қарастырылмаған. Кез келген сұрақ бойынша машинаға жапсырылған жарнамадағы нөмірлерге қарап хабарласа алады» дейді Рамазан.
Рамазан Есенбаев: +7 (7252) 99-70-98, +7 701 505-12-88. Мекен-жайы: Шымкент қ., Қонаев гүлзары №48 («Оңтүстік» бизнес-орталығы), кабинет 15.