Елбасы Жолдауларында аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту үшін арнайы жобаны қолға алу қарастырылған болатын. Осы мақсатта ауыл шаруашылығына қаржылай көмек беретін «Сыбаға» бағдарламасы дүниеге келді. Ол мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін көтеруді көздейді. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында берілетін бұл несиелерді еліміздегі қаржы институттары жүзеге асырып отыр. Мысалы, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-ның шарттарына сай ең жоғарғы несие көлемі 18 миллион теңге деп белгіленген болса, оны қайтарудың ең ұзақ мерзімі 84 айға дейін жетеді. Сондай-ақ алғашқы 3 жыл ішінде шаруаларға бірқатар жеңілдіктер де жасалады.
Бұл жерде бір ескерерлігі, кепілдік мүлік ретінде ауылдық жерлердегі құжаттары заңды тіркеуден өткен, жағдайы қанағаттанарлық барлық құрылыс нысандары, автотехникалар қабылданады. Мал басы жоқ, қара-жайы арнайы сараптамаға сай келмейтін, жайылымы жеткіліксіз шаруашылықтарға несие берілмейтінін де ескере кеткен жөн. Ал бағдарламаның басты шарты бойынша алынған қаржы ірі қара мал аналықтарын тауарлы мал ретінде, ал бұқаны асыл тұқымды мал ретінде сатып алуы қажет.
Осындай талаптарға өтінімдері сай келіп, «Сыбағадан» өз сыбағасын алып, шаруашылығын дамытып отырған еңбекқор жандар біздің өңірде де аз емес. Солардың бірі «Қазығұрт» ауданы, Рабат ауылдық округі, Қарақозы Әбдәлиев ауылындағы «Ибрагим» шаруашылығының төрағасы Ибрагимов Бақытжан Сабзалыұлы ол тумысынан төрт түлікке үйірсек болып өсіп, спортпен де белсене айналысып, ата кәсібімізді дамытуды басты мақсат етіпті. Осы арманы ойдағыдай орындалып, мемлекетіміз ұсынған «Сыбаға» бағдарламасының арқасында 2013 жылы «Аграрлық несие корпорациясынан» 2%-бен 30 млн. теңге несие алады. Нәтижесінде айналдырған екі жылдың ішінде, нақтырақ айтсақ былтыр 100-ге жуық, биыл 100-ден аса төл алған еңбекқор шаруа Әулиекөл тұқымын дамыту үшін барын салып келеді. Өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, шаруашылығындағы 10 нақты жұмысшының табан ақы, маңдай терімен өз несібесін табуына мүмкіндік туғызып отырған кәсіпкер бүгінде мал басын одан әрі көбейтуді көздеп отыр. Істің көзін тауып, ірі қарадан көл-көсір олжаға кенеліп отырған 200-ден аса ірі қараны бағып, қосымша сиыр етін өндіруді де дұрыс жолға қойып, жылына 400 бастан аса ірі қара малды бордақылайды. Осы еселі еңбегі үшін де мемлекеттік тұрақты қамқорлығына алынып отыр. Жалпы бүгінде өңіріміздің түкпір-түкпірінде Бақытжандай бағы жанған, өз кәсібінің қыр-сырына барынша қаныққан атпал азаматтардың қатарының көбейіп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады.
Сонау 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан осынау оңды бағдараламаның ұйытқы болуымен еліміз бойынша 55 600 аналық ірі қара мал сатылып алыныпты. Нәтижесінде 47 фермерлік шаруашылық бой түзеп, 50-ге жуық шаруашылық етті қара мал шаруашылығымен айналыса бастады. Сондай-ақ сатып алынған мал басын 3-4 есе асыру үшін мемлекетіміз арнайы жоспар да әзірлеп, қолда бар көрсеткішті барынша ұлғайтуда қаржыландыру қорын да көбейтіп келеді.
Мәселен осыдан екі-үш жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржысына 53 800 бастан астам ірі қара мал сатып алынса, қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Осыдан 4 жыл бұрын бұл «Сыбаға» бағдарламасын қаржыландыру несие серіктестіктері арқылы іске асып, бұл бағдарламаның баяндылық табуы жолындағы жоспарлы жұмыстар біздің өңірден бөлек, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында да кеңінен қолға алына бастады. Елбасы тапсырмасына орай ірі қара малды экспорттау көлемін биыл 60 мың тоннаға жеткізу жоспарланғаны баршамызға белгілі. Осы үшін шетелден мал басы көптеп сатылып алынып, фермалар, бордақылау алаңдары құрылып жатыр. Былайша айтқанда, бойында жігері, күш-қайраты бар, қолында құрал-сайманы сақадай сай тұрған, тұрақ-жайы түп-түгел шаруа үшін «Сыбаға» бағдарламасының берері көп-ақ.
Ал, «Құнан» бағдарламасы туралы кеңірек айтар болсақ, бұл бағдарлама жылқы құмар жұрт үшін жағымды жаңалық іспетті еді. Осы жылқы шаруашылығын дамытуға арналған «Құлан» кредиттеу бағдарламасының басты мақсаты етті және етті-сүтті жылқы басын ұлғайту болса, қарапайым шаруаны жылқылардың аналық басын көбейтуден бөлек, асыл тұқымды айғырларды сатып алу қатты қызықтыруда. «Жылқы мінезді халықпыз» деп жиі айтатын халқымыз үшін бұл бағдарламаның ерекше болатын да жайы бар. Себебі, жылқы қазақы төрт түлік мал ішіндегі ең қасиеттісі, қазақ үшін ең қымбаты. Халқымыздың оны жырға қосып, тыныс-тіршілігінде кеңінен қолданып, қасиетін жоғары бағалағанын айтпағанның өзінде өзіндей еркіндікті сүйген, бостандықтың бейнесі іспетті қанатты жануарға деген кейінгі толқынның құрметін арттыруға, мақтаныш сезімін қалыптастырудың да маңызды зор деп білеміз. Демек, облысымызда жылқы малын асылдандыруға барын салып жүрген отандастарымыздың қарасы көбеймесе, азаймайтыны анық.
Солардың қатарына мамандығы есепші болғанмен өзі жылқы шаруашылығын қолға алу арқылы табысы еселеніп, есебі түгелденген Ордабасы ауданы, Бөржар ауылдық округі «Сабыр» шаруашылығының төрағасы Жанысбаев Талғатты жатқызуға болады. Ел ағасы жасындағы жылқы десе ішкен асын жерге қоятын Талғат бауырымыз 2006-2007 жылдары өз қаражатымен 120 бас, 8 айғырымен шаруашылығын жүргізе бастаған. Ал, «Агробизнес-2020» бағдарламасы өңірімізде кеңінен қанат жайып, нәтижелі жемісін бере бастаған тұста, нақтырақ айтсақ былтырғы жылы ол кәсібін кеңейту мақсатында «Аграрлық несие» корпорациясынан «Құлан» бағдарламасы бойынша 7 пайызбен 30 млн.теңге алған болатын. Бүгінде сол қомақты қаражатты қасиетті түлікті көбейтуге жұмсаған шаруақор Талғат ағамыз қазақтың жабы жылқы тұқымын дамыту үшін аянбай тер төгіп келеді. 6 айда бір рет 3,5 млн. теңгеден несие төлейтін ол шаруашылығына 4 жұмысшыны қабылдап, 200-ден аса жылқыны бағып, қарауда. Оған қосымша жылқы етін өндіруге де бел шеше кірісіп, жылына70 бастан аса малды бордақылап отыр. Тектіліктің нышанын текті жануардан тапқан қазақы қара шаңырақтың иесі Талғат Жанысбаев көкпар десе де делебесі қозып отыратын шабандоздың бірі. Біз де Жанысбаев Талғаттай жаны жылқыға жақын жайсаң жандар көбейген үстіне көбейе түссе, бұл шаруашылықтың аяғынан тік тұрып, табысты кәсіпке айналарына күмән келтірмейміз.
Ендеше «Құлан» және «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламалары бойынша облысымызда мал шаруашылығын өркендетуге лайықталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары міндеттеріне сай кәсіпкерлікке өз үлесін қосып жүрген азаматтарға да айтар алғысымыз аз болмауы керек деп білеміз.
Б.Үсенбеков
ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы,
мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімінің
жетекші маманы