Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қолданыстағы Ата заңның 3 бабындағы «Биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген сөзді Жаңа конституцияда «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы және Егемендік иесі – Қазақстан халқы» деп өзгерту ұсынылғанын жеткізді. Әрине, «Егемендік иесі - Халық» екені кез келген тәуелсіз, демократиялық мемлекеттің бұлжымас қағидасы.
Комиссия отырысынан білгеніміз, Конституцияға өзгеріс емес Жаңа Конституция қабылданатыны анық болды. Егер бастамашы топтың сөздеріне сенсек бұл Конституция «өткенімізді, бүгінгі күннің қағидаттарын және ертеңгі күннің бағдарын белгілейтін толыққанды, тұғыры бекем, сұранысқа толық сай келетін» құжат болмақ. Осыған дейін «мың өліп, мың тірілген» басты заңымыз енді өзгермесін десек асығыс шешімнен гөрі байсалды байып пен халықтық талқы қажет. Әсіресе Жаңа Конституцияның преамбуласын Түрік баласының басты жәдігері «Күлтегін ескерткішіндей» тасқа қашамасақ та, ұлт тағдыры талапайға түспейтіндей таңбалауымыз ең негізгі міндет болмақ.
Тоқаев кезеңінің басты ұрандарының бірі – әділеттілік. Ендеше ықылым заманнан мемлекеттіліктің түп қазығы, алтын діңгегі болып отырған Қазақ ұлтының статусын Жаңа конституцияда нақтылау - «Әділеттіліктің» нағыз бастауы болар еді. Біз мұнда Ұлттық үстемдік, қандайда бір айрықша мәртебе туралы айтып отырған жоқпыз. Егер Мемлекеттік кеңесші айтқандай Ата заңның преамбуласында Мемлекеттілігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары жазылатын болса, онда қазіргі Қазақстанның Сақ, Ғұн, Үйсін, Түрік, Алтын Орда ұлыстарының, Қазақ хандығының заңды мұрагері, «Алашорда» автономиясының жалғасы екендігін анық, ашық жазу керек.
Сондықтан:
- Қазақстан Республикасы – «Алтын Орда» империясының заңды мұрагері, «Алашорда» үкіметінің заңды жалғасы ретінде қазақ жерінде құрылған тәуелсіз мемлекет.
- Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы және Егемендік иесі – Мемлекетқұрушы қазақ ұлты және тарих көшінде қазақ жеріне қоныс аударып, мекендеп қалған, Қазақстан Республикасын «Отаным» деп санайтын Мемлекетқұраушы барлық этнос өкілдері.
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекет өзге этнос өкілдерінің тілін сақтауға, мәдениетін дамытуға, мемлекеттік саясатты дәріптеуде аударма қызметін пайдалануға барынша жағдай жасайды.
- Қазақстан Республикасынан тыс жерде жасайтын ұлты қазақ азаматтар кез келген уақытта Атажұртқа оралып, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алуға құқылы. Тиісінше Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келетін кез келген азамат мемлекеттік тілді білуге, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін ұғынуға, құрметтеуге және соны дәлелдеу үшін арнайы емтихан сынағынан өтуге міндетті.
Егер шын мәнінде мызғымас Жаңа Конституция қабылдаймыз десек осы төрт тармақ Ата заңның преамбуласында анық жазылуы тиіс. Бұл ең алдымен қазақ ұлтының жауапкершілігін арттырады. Өзге ұлттардың ел мен жерді сыйлауына, Мемлекеттік тілді меңгеруіне адаспас бағдар сілтейді. Қалай десекте тәуелсіздік, ең алдымен қазаққа керек екені заңдылық. Өйткені дүниежүзінде қазақтың бір ғана мемлекеті бар.
Ақыры «Егемендік иесі – Қазақстан халқы» дегенді Ата заңға енгізеді екенбіз, ендеше жоғарыдағы төрт тармақты міндетті түрде Конституцияның преамбуласына жазуымыз керек. Елдің демографиялық өсімі, ұлттың оянуы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан қазіргі кезеңде аталған тараулар елдің бас құжатында көрініс таппаса, көп ұзамай-ақ тағы да «Жаңа Конституция жазу» талабы күн тәртібіне шығары сөзсіз.