Жаңа Конституция аясында ұсынылып отырған реформалардың бірі — депутаттарды тек партиялық тізім арқылы сайлау. Билік бұл өзгерісті саяси жүйені жаңарту, партиялардың рөлін күшейту деп түсіндіреді. Алайда Қазақстанның нақты саяси ахуалын ескерсек, бұл реформа демократияны нығайтудан гөрі, билікті шоғырландырудың құралына айналып кету қаупі бар.
Ең басты мәселе - Қазақстанда шын мәнінде тәуелсіз партиялардың болмауы. Қазіргі тіркелген партиялар билікке жақын, әкімшілік ресурстарға тәуелді, тактикалық сипатта құрылғанын көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Мысалы, Парламентте отырған «Аманат», «Ауыл», «Ақ жол», «Respublica», «ЖСДП», «Қазақстан халық партиясы» сынды алты партияның қайсысы билікке тәуелсіз, нағыз халықтық партия деп кім айта алады?
Мұндай жағдайда партиялық тізіммен сайлау — азаматтардың таңдауын кеңейтпейді, керісінше таңдауды формалды рәсімге айналдырады. Халық нақты тұлғаны емес, билік іріктеп қойған партиялық тізімді ғана қолдауға мәжбүр болады.
Партиялық тізім жүйесінде депутат халыққа, сайлаушыға емес партия басшылығына, сол партияны құруға, Құрылтайға кіруіне мүмкіндік берген Билік жүйесіне тәуелді болады. Бұл депутатты негізгі жауапкершілігінен айырады. Оның басты мақсаты - өз округіндегі мәселелерді көтеруге емес, тізімнен түсіп қалмауға бағытталады. Ал партиялар бір саяси орталықтан басқарылған соң Құрылтай атқарушы биліктің қол баласына айналып кетуі әбден мүмкін.Мұндайда оппозиция жойылады, бар болса әлсірейді, альтернатив пікір жүйеден ығыстырылады, парламент бақылаушы емес, бекітуші органға айналады. Бұл — классикалық авторитарлық режимге апаратын тура жол.
Демократияның басты шарты – таңдау мен сайлау мүмкіндігі. Егер сайлаушы тәуелсіз кандидатқа дауыс бере алмаса, билікке балама партия көрмесе, шынайы саяси бәсеке жоқ жағдайда сайлауға қатысса, онда кез келген «реформа» демократиялық деп саналмайды.Егер шынымен тек партиялық тізіммен Құрылтай жасақтағымыз келсе:
1. Партия тіркеу талаптары жеңілдетілуі тиіс;
2. Оппозициялық, тәуелсіз партиялардың құрылуына жағдай жасап, оларға да тең мүмкіндік берілуі керек;
3. Мәжіліске мажоритарлық жүйе кемінде жартылай сақталуы қажет;
4. Партия ішіндегі демократия Заңмен бекітілуі тиіс.
Осы шарттарсыз партиялық тізім — жаңғыру емес, авторитарлық билікті заңдастырып, бір қолға, бір жүйеге шоғырландыру тетігі болып қала бермек. Оның үстіне «Реформа» бастамашыларының қатарында азаматтық қоғам өкілдерінің болмауы, балама немесе қарсы пікір айтатын азаматтардың қамтылмауы – жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Егер шындығында Ата заңымыз, саяси жүйеміз түгелге жуық өзгереді десек қоғам белсенділерінің, ел ішінде жүрген айтары бар азаматтардың, оппозициялық пікірдегі қайраткерлердің де «Реформашылар» қатарында өз ұстанымдарын жеткізуіне мүмкіндік берілуі тиіс еді. Әйтпесе реформаның талқылануынан-ақ талай шикіліктің шиі шығып жатыр...
Сіз не дейсіз, мәртебелі оқырман?