Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. Бұл күннің Алматы қаласы үшін де ерекше мәні бар. Себебі мегаполис еліміздің тарихи-мәдени мұрасының негізгі орталықтарының бірі болып саналады.
Қазіргі таңда Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне 160 нысан енгізілген. Оның ішінде 34-і республикалық маңызға ие болса, 126-сы жергілікті маңыздағы ескерткіштер. Бұл нысандар қаланың тұтас мәдени ландшафтысын қалыптастырады: 92-сі – сәулет және қала құрылысы, 50-і – монументалды өнер, 12-сі – археология, 5-еуі – ансамбльдер мен кешендер, 2-еуі – сакралды нысандар.

– Қала тарихының тамыры тереңде. Бұған археологиялық ескерткіштер, соның ішінде Боралдай сақ қорғандары дәлел бола алады. Аумағы шамамен 430 гектарды құрайтын бұл ірі некрополь ерте көшпелілер өркениетінің маңызды айғағы. Некрополь 47 сақ және үйсін қорғанынан тұрады. Ең ірі қорғанның биіктігі 14 метр, диаметрі 100 метрге жетеді. Сондай-ақ биіктігі 5–6 метр, диаметрі 60–80 метр болатын қорғандар және орташа (3 м / 30–40 м) мен шағын (1–1,5 м / 10–20 м) қорғандар кездеседі, - деп хабарлады әкімдіктен.
Қаладағы рухани нысандардың бірі – Райымбек батыр кесенесі. Бұл XVIII ғасырдағы көрнекті қазақ батырына арналған маңызды ескерткіш. Одан бөлек мегаполисте зияткерлік мұраны сақтайтын музей-үйлер бар. Солардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін ерекше атап өтуге болады.

Алматыдағы көптеген ескерткіштер кеңестік кезеңмен де тығыз байланысты. Бұл уақытта қала әкімшілік және мәдени орталық ретінде қалыптасты. Сол дәуірдің маңызды нысандарының бірі – қазіргі ҚБТУ ғимараты (бұрынғы Үкімет үйі). Бұл ғимарат Қазақстанның тәуелсіздік тарихында ерекше орын алады - дәл осы жерде 1991 жылы тәуелсіздік туралы декларацияға қол қойылған.
Еске салайық, Алматыдағы Райымбек батырдың мемориалдық кешені қайта жаңғыртылып жатқанын жазғанбыз.