Қазақстандағы саяси жаңғыру үдерісі аясында Ұлттық құрылтай мінберінде көтерілген Парламенттегі әйелдердің 30% квотасын сақтап қалу мәселесі қоғамдық дамудың сапалық жаңа кезеңіне өту қажеттігін айқын көрсетеді. Бұл бастама тек белгілі бір әлеуметтік топтың мүддесін қорғаумен шектелмейді, керісінше саяси жүйенің инклюзивтілігін арттыруға, шешім қабылдау тетіктерінің тиімділігін күшейтуге және өкілді биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін тереңдетуге бағытталған кешенді институционалдық қадам болып табылады.
Әйелдердің заң шығарушы және өкілді органдардағы тұрақты қатысуы демократиялық басқарудың маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады. Әртүрлі әлеуметтік тәжірибелердің, өмірлік көзқарастардың және қоғамдық сұраныстардың саяси күн тәртібіне енуі қабылданатын шешімдердің мазмұнын байытып, олардың әлеуметтік әділеттілікке сай болуын қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан алғанда, әйелдер квотасы - формалды статистикалық норма емес, қоғамдық келісім мен теңгерімді дамудың нақты құралы.
2022 жылғы саяси реформалар пакеті аясында ұсынылған квоталық жүйе Мемлекет басшысы айқындаған «әділетті мемлекет - жауапты қоғам» қағидатымен тікелей сабақтас. Бұл норма қоғамдағы әлеуметтік әртүрлілікті мойындауға, билік пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға және өкілді институттардың легитимдігін арттыруға бағытталған. Әйелдер квотасын 30% деңгейінде сақтау - саяси жаңғырудың декларативті емес, жүйелі әрі ұзақмерзімді сипат алуының айғағы. Сонымен қатар, Парламент реформасы контексінде квотаны сақтау мәселесі билік құрылымдарын оңтайландыру, саяси жауапкершілікті күшейту және азаматтық қоғам институттарының ықпалын арттыру сияқты кең ауқымды өзгерістермен тығыз байланысты. Қос палаталы жүйеден бір палаталы модельге көшу жөніндегі талқылаулар да осы логика аясында қарастырылып отыр. Мұндай жағдайда өкілді органның сапалық құрамы, оның ішінде әйелдердің жеткілікті деңгейде қамтылуы саяси шешімдердің теңгерімді әрі өміршең болуына тікелей әсер етеді.
Әйелдердің саяси процестерге қатысуы әлеуметтік саясат, білім, денсаулық сақтау, отбасы және жастар мәселелері сияқты маңызды бағыттардың күн тәртібінен тыс қалмауына ықпал етеді. Бұл факторлар қоғамның ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен адами капиталдың дамуы үшін шешуші мәнге ие. Сондықтан әйелдер квотасын сақтау - тек саяси техникалық шешім емес, ұлттық дамудың стратегиялық мүдделеріне сай келетін таңдау.
Осы азаматтық әрі қоғамдық-саяси ұстанымды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қолдайды, университеттің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының ұжымы қолдайды. Университет қауымдастығы жастардың бойында азаматтық жауапкершілікті, құқықтық мәдениетті, сыни ойлау қабілетін және қоғамдық белсенділікті қалыптастыруды өз қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кезеңінде осындай құндылықтарды дарыту - болашақта саналы таңдау жасай алатын, мемлекет дамуына үлес қосатын тұлғаларды тәрбиелеудің берік негізі.
Осылайша, Парламент реформасы аясында әйелдердің 30% квотасын сақтау мәселесі Қазақстандағы саяси жаңғырудың өзекті мазмұнын айқындайды. Бұл бастама демократиялық институттардың сапасын арттыруға, қоғамдық сенімді нығайтуға және әділетті, инклюзивті әрі тұрақты саяси жүйе қалыптастыруға бағытталған маңызды стратегиялық бағдар ретінде бағалануы тиіс.
ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы А.Қ. Бегалиева