Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында Өскеменде 600 миллион теңгеге жөнделген көпір қирағаннан кейін ол бірден құқық қорғау органдарының басшыларын жинап, жол саласына кешенді тексеру жүргізуді, әсіресе сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ерекше назар аударуды тапсырғанын айтты.
Тексеру барысында ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитов ұсталды. Әкімнің айтуынша, ол бірден қызметінен босатылған. Сонымен қатар Нұрымбет Сақтағанов Уахитовтың көпірге қатысты іске емес, қазіргі таңда құқық қорғау органдары тергеп жатқан басқа эпизод бойынша күдікке ілінгенін нақтылады.
Бұдан бөлек, әкім бұрынғы шенеунікпен жеке қарым-қатынасы бар деген қауесеттерге де тоқталды. Тағайындау конкурс рәсімдері аясында жүргізілген, ал Уахитов бастапқыда өзін жұмысқа қабілетті маман ретінде көрсеткен. Алайда ол көрсетілген сенімді ақтамаған.
«Адамдар алтынды көргенде – дұрыс жолдан тайып кетеді», — деді Нұрымбет Сақтағанов. Оның айтуынша, бұл жағдай өзі үшін маңызды басқарушылық сабақ болды және енді сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары салаларға басшы тағайындау талаптары күшейтіле түседі.
Көпірдің қирау себептеріне тоқталған аймақ басшысы сараптаманың түпкілікті қорытындылары әлі дайын емес екенін айтты. Ықтимал факторлар қатарында су деңгейінің күрт көтерілуі мен 1940-жылдары салынған көпірдің тозуы да қарастырылып жатыр. Сондай-ақ ол ескі көпір қалпына келтірілмейтінін, оның орнына жаңа көпір салынатынын жеткізді.