АҚШ ұлттық төтенше жағдай режимін енгізді

/uploads/thumbnail/20260130164409388_big.webp автор

АҚШ президенті Дональд Трамп Куба үкіметінің әрекеттеріне байланысты ұлттық төтенше жағдай режимін жариялап, аралға мұнай жеткізетін елдерге қарсы қосымша тарифтер енгізу тетігін әзірлеуді тапсырды. 

Президенттің жарлығында Куба билігінің саясаты АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатына «әдеттен тыс әрі төтенше қауіп» төндіреді деп көрсетілген. Осыған байланысты арнайы экономикалық шараларды іске қосу туралы шешім қабылданды.

Құжатта Гавана билігі Ресей, Қытай, Иран, сондай-ақ ХАМАС пен «Хезболла» ұйымдарымен байланыс орнатқаны айтылған. АҚШ мәліметінше, Куба аумағында шетелдік әскери және барлау нысандары орналасқан, оның ішінде Ресейдің радиоэлектрондық барлау орталығы бар.

Жарлыққа сәйкес, АҚШ Кубаға тікелей немесе жанама түрде мұнай сататын елдерден импортталатын тауарларға қосымша кедендік баж салығын енгізуі мүмкін. Мұндай елдерді Сауда министрі Мемлекеттік департаментпен бірлесіп анықтайды. Ал тариф мөлшері бойынша соңғы шешімді президент қабылдайды.

Сонымен қатар Куба билігі адам құқықтарын бұзды, өңірлік тұрақсыздыққа ықпал етті деп айыпталды. Жарлық 2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша 00:01-де күшіне енеді.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар