«Facebookте» әлеуметтік араздықты қоздырды деген айыппен Ақтөбе соты кәсіпкер Санат Досовты үш жылға соттады деп хабарлайды «Диапазон».
Алты баланың әкесі 46 жасар Санат Досов «facebook» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында Путиннің саясаты, Сириядағы соғыс, жергілікті билік пен дін жайлы пікір білдіріп отырған. Оның кейбір пікірі эмоцияға толы болған. Тергеу изоляторында 4 айын өткізген Досовтың қорғаушысы төрт ай бойы тағылған айыптың ақылға сыймайтындығын айтумен, дәлелдеумен болды.
Қорғаушы Санат Досовты ақтап шығуды, сонымен қатар іске қатысы бар ІІБ, ҰҚК, прокуратура қызметкерлерін және Байсалбаева есімді экспертті қылмыстық іске тартуды ұсынады. Мемлекеттік айыптағушы болса өз кезегінде тергеу барысында ешқандай құқық бұзушылық орын алмағандығын, айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін алға тарты. Ол соттан Санат Досовты 4 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
Айыпталушы Санат Досов өз кінәсін мойындай отыра жазған ой-пікірінде ешқандай арам пиғыл болмағандығын, өзінің Қазақ елінің патриоты екендігін айтты. Алты баланың әкесі өзін бас бостандығынан айырмауды өтініп сұрады. Себебі Досовтың алты баласының төртеуі әлі кәмелеттік жасқа толмаған екен.
27 желтоқсанда сот Санат Досовты үш жылға темір торға қамау жайлы шешім шығарды. Сөз бостандығы деп еркін пікір білдірген отандысымыз сөз соңында сот алдында былай депті: «Бату хан ұлына біреуінде 1 құйрық, 100 басы бар, екіншісінде 1 бас, 100 құйрығы бар екі айдаһардың өмір сүргендігі жайлы айтып беріпті. Күн суығанда 1 бастың арқасында 100 құйрық аман қалыпты. Ал, екінші айдаһардың 100 басы дауласып, келісе алмай жатқанда өліп қалыпты деседі. Біздің елде бір көсем бар. Мен үнемі соның артынан ілесіп жүрдім. Өзімді Елбасының бағдарламасына қарсы шығып жүрген бас ретінде сезінген емеспін. Батыс елі журналистерінің сұрағына Назарбаев Қазақстанда диктатура жоқ, тек жай ғана айқын жол таңдағанымызды, уақыт өте бәрі өзгереді деп жауап қайтарған болатын. Мен сол кезде президенттің дұрыс айтқанын түсіндім. Менің істегенім қателік болды. Ресей-Украина соғысы біздің майданымыз емес, сол себепті ол туралы мен ғаламторда жазбауым қажет еді».