«Ассалаумағалейкум, халқымыздың маңдайына біткен қос жұлдызы!»
Қолыма қалам алып, алдымда жатқан ақ қағазға осы бір сөйлемді жазғаныма тұп-тура екі сағат болды. Осыдан соң хатымды қалай жалғастырарымды білмей әлі отырмын. Ойыма қайта-қайта кеше кештегі достардың бас қосуы түсе береді.
– Сенің табынып жүрген екі Мұхтар атаңның да пікір алауыздығы бар екен ғой, – деді менің «Дәуір дастаны» мен «Ұлытсыздану ұранын» жатқа айтатынымды жақсы білетін досым Жанарбек маған тиісе сөйлеп.
– Жоқ, олай деме, тек Шыңғысхан жөніндегі пікірлері бір жерден шықпайды десең дұрыс болады,–деймін мен оның сөзіне түзету жасап.
– «Жармақ» романын оқыған боларсың?
– Ия, екі қайтара оқып шықтым.
– Көкірегі ояу адам сол кітаптан-ақ байқар, үлкен аталарымыздың алауыздығы қандай екендігін,– дейді Жанарбек ренжіген бейнеде.
– Жоқ, олай емес, ол бір әдеби шығарма ғана, ештеңені түсіндіріп бере алмайды,– деймін мен қарсылық білдіріп.
– Онда сен ғаламтордан қазақ еліндегі «Мәдениет» телеарнасының «Кітапхана» атты бағдарламасын көрген шығарсың, бұған не дейсің?– дейді олда мойынсал болмай.
– Басқа талқылайтын мәселе жоқ па? Екі Мұхтар ағада қазақты жан-тәнімен сүйеді, екеуі де "әр қазақты – жалғызым " деп біледі, екеуі де әр қазақ үшін ет жүрегін суырып беруге дайын!
– Болды, достарым дауласпаңдар! – деді қашанда ешкімнің көңілін ауыртқысы келмейтін Бақыт.
– Олай емес,– деп Айдын да сөзге арласты. – Екі Мұхтарда қазір дербес адам емес, екеуі де бүкіл қазақтың Мұхтары, тіпты бүкіл адамзаттың Мұхтары. Олар осындай асқақ тұлға. Сондықтан, өз басым екі Мұхтар заманында туғанымды мақтаныш етемін.
– Сен екі Мұхтарды қаншалықты қорғаштағаныңмен біздің көңілімізде шешімін таппаған бір күдік қалды, бұны кім түсіндіріп береді?– деп Қадыр да маған қарсы «шабуылға» өтті.
Бір сәт тыныштық орнады. Жауап күткен қара көздер маған қадалды. Не айтарымды білмей әбіржып қалдым. Аз үнсіздіктен кейін:
– Онда мен екі Мұхтарға хат жазып, оларды үйіме шақырайын, ақсарбас сойып, астыларына ат мінгізейін. Сол дастарқанда екі Мұхтар сендердің көңілдеріңдегі түйіншекті шешіп берсін,– дедім мен басқа сөз таба алмай.
Қараңғы түн. Жарқыраған электр шырағында, бағана жазған бір сөйлем сөзіме әлі қарап отырмын. Кенет кітап бөлмемнің есігі ашылып әйелім келді.
– Не жазып отырсың? Кеш болып кетті, жатсаңшы.
Мен үндемедім. Ол менің алдымдағы қағазға үңілді де сөзін жалғады:
– Ой, сен расымен екі Мұхтар ағаға хат жазып, үйге шақырғалы отырсың ба? Біреуі ата жұртта, біреуі Еуропада, ал сен Қытайдасың. Оның үстіне, ол кісілер – ұлы адамдар, ал сен – қарапайым қазақсың. Мұныңды ешкім білмесін, күлкіге қаласың.
Хат жазбақшы болған қағазымды жыртып-жыртып тастадым. Бірақ, әңгімесі жарасқан екі Мұхтар ағаның біздің үйде қонақ болып отырған бейнелері мен оларды құмарта тыңдап отырған достарымның мәз болған бейнесі көкейімнен кетер емес.
Шалқар Қанятбекұлы
ҚХР.
Пікір қалдыру