Сіз кімді сәләфи деп жүрсіз?

/uploads/thumbnail/20170709194944766_small.jpg

Кейбір айтқыштардың сөздеріне қарасақ анау да сәләфи, мынау да сәләфи. Қыңыр сөйлеп, қисық басқанның бәрі сәләфи. Сақал қойып, балағын қысқартқан түгел сәләфи. Әнші де, күйші де, бидғатшы мен хауариж де сәләфи. Бұл не қылған қойыртпақ?!

Рас, бұрынырықта біз де бұл шым-шытырықты түсінбейтінбіз. Сосын біресе анаған жақтасып, біресе мынаны жөн деп күлкі болатынбыз. Сосын, бұлай ақымақ болғанша, елге сауатсыз сөз сөйлеп күнә арқалағанша ғалымдарды тыңдап білімімізді көтеруді жөн көрдік. Шамамыз келгенше дін уағыздап жүргендердің бәрін оқыдық, тыңдадық, көрдік, араластық, салыстырдық. Соңында ақиқатқа көзіміз жетті. Себебі, өтірік қашан да ашылып, ақиқат үстемдік етеді екен. Сол өзіміз танып-білгенді қысқаша сіздердің де назарыңызға ұсынуды жөн көрдік. Мұны тіпті, ұзақ жылға созылған журналистік зерттеуімізден бір үзік десек те болады. Бәлкім, ғайбаттан сақтанып, жала мен өсектің күнәсінен алыс жүруіңізге бір көмек болар деп ойладық.

Сонымен, сәләфиді басқадан қалай ажыратамыз? Ең алдымен өз сөзіне қарап. Мысалы, Мұхамеджан Тазабеков арнайы сұқбат беріп, Бекболат Тілеухан екеуінің ешқандай сәләфи емес екенін мәлімдеген. Оған сенбеуге қандай қақыңыз бар? Сөзін амалымен дәлелдеп, өзі басқаратын "Асыл арна" телеарнасында ҚМДБ ұстанатын матурудилдікті, сопылық түсініктерді насихаттайтыны сізге жеткіліксіз бе? Ал, Бекболат Тілеухан, міне, Астана төрінде дүркіретіп концерт берейін деп жатыр. Музыканы сәләфилер харам дейді. Бұл сізге дәлел емес пе? Ал, кейбіріңіз сонда да болмай екеуіне "сәләфисіңдер, мойындаңдар" деп жала жауып қоймай жүрсіздер.

Екінші, амалына қарап айырамыз. Таухид ұстануға (бірқұдайшылдық, тек қана Аллаһқа құлшылық ету) қарсы ширк (Аллаһқа серік қосу, көпқұдайшылдық) тұрады. Ал, ахлю-суннаға (пайғамбарымыз саллалаһу ғалейку уассаламның сүннетін ұстану) қарсы ахлю-бидға (дінге кейін қосылған жаңалықтарды ұстану) тұрады. Көпшілігіміз білмей сәләфи деп жүрген адамдар осы ахлю-бидға қауымынан. 

Енді сәл түсіндіре кетейік. Негізі Ислам дінінен әуелі бөлініп шыққан қауым шиіттер болатын. Сондықтан, мұсылмандар әуелде сүнниттер мен шиіттер (шиғалар) болып бөлінген. Кейін сунниттердің өзі ішінен талай ағымға бөлінді. Алайда, Ислам біреу ғана. Оны ұстанғандар жүретін жол - Құран мен пайғамбардың сүннеті. Ал, енді бөлінгендер өздерін бәрібір ахлю-суннамыз деп атап келеді. Бірақ, амалдарында жаңалық көп болады. Мысалы, Әшғари-Матуруди ағымын ұстанатындар өздерін ахлю-сунна уәл-жамағатпыз, Әбу Ханифа мазхабын ұстанатын, бірақ (!) Әшғари-Матуруди ахидасымен жүретін, өзіміздің дәстүрлі (!) исламдағы қауымбыз дейді. Сөйтіп, пайғамбарымыз саллалаһу ғалейку уассалам үйретпеген, сахабалар мен табиғиндар секілді ілгерідегі ізгілер - сәләфтар жасамаған (сәләфи - сәләфтардың ахидасымен, сенімімен жүрушілер; и - сөз тудырушы жұрнақ) амалдарды жасайды. Ол амалдар бидғат деп аталады және ширктен кейін тұратын үлкен күнә саналады. Себебі, дінге жаңалық қосу - оны бізге жіберген Аллаһ пен бізге жеткізген Оның елшісінде кемшілік бар, үйретуді ұмытып кеткен, сол кемшіліктің орынын өзіміз толтырып жатырмыз деген сөз. Сәләфилер осылай түсінеді, бидғаттан қашады және оны жасаушыларды ахлю-бидға (бидғат иелерінің артынан ерушілер) деп атайды.

Жә, енді бұл бидғат иелері сәләфилердің жауы ма? Бұларды сәләфилер адасып жүрген бауырларымыз деп санайды, насихат қылады. Аллаһ бұйырғандай әл-уала уәл-бара (Аллаһ ризашылығы үшін жек көріп, Аллаһ ризашылығы үшін жақсы көру) сенімін танытады. Яғни, мұсылман бауырым деп жақсы көріп, жанашырлық танытады, бірақ, бидғат амалдарын жек көріп, оларды қалдыруды насихат етеді, ескертеді. Жамағатты адастырып жүрген уағызшылардың кемшілігін, бетпердесін ашып көрсетеді. Бірақ білімсіз, дәлесіз сөйлемейді.

Кез-келген мемлекетке сәләфилер емес, тәкфіршілер мен хауариждер қауіпті. Бұларды дін дұшпандары әдейі сәләфилердің қатарына қосып, "радикалды сәләфилер" деп атайды. Шын мәнінде сәләфия бөлінбейді. Бірақ, былайғы жұрт ахлю-сунна жауларының өтірігіне сеніп қалады. Себебі, тәкфіршілер мен хауариждерді сыртқы келбетіне қарап сәләфилерден айыру қиын. Олар да сүннетке сай сақал қояды, балақтарын қысқартып, өзге де сүннеттерді ұстанады. Оларды тек сеніміне қарай айырамыз. Ең бастысы, олар ананы да кәпір, мынаны да кәпір деп тәкфір шығарып тастайды. Тіпті, ата-анасын да кәпір деп, араласпай қояды. Түстері суық, қабақтары қату. Салқын амандасады, өзіне белгілі бір иммунитет жасап алған. Бұлар кезінде Халил (хауариждігі үшін ұзақ жылға сотталып Сауд Арабиясының түрмсесінде отыр), Ринат деген уағызшылардың еккен дәндері. Түгесіліп бітпей жатыр. Вирус тез тарап, әрең жойылады қашанда. Егер сыртқы келбеті сәләфиге ұқсайтын біреу "патшамыз кәпір, анау кәпір, мынау кәпір" деп тұрса, ол сәләфи емес, тәкфірші болғаны. Ал, егер ол патшаға бағынбайтын, оған қарсы шығуды күнә санамайтын болса - онда нағыз хауариж болғаны. Сәләфилер мұндайларды қолынан жетектеп құзырлы орындарға тапсырады. Себебі, фанатиктер мемлекетке аса қауіпті.

Хауариж бүлікшілер жиналып жалған жиһад жүргізіп жатқан Сирияға аттанған қазақстандықтардың ішінде бірде-бір сәләфи жоқ. Оны ҰҚК да, басқалар да айтып бере алады. Кеткендер негізінен  тәкфірші уағызшыларды тыңдаған адасқан жастар. Қазір құқық қорғау орындары ол уағызшыларды қатты шектеп, алдын қамап тастаған. Бұлардың ол жақтағы соғысты жиһад деп санауына себеп болған ойдан шығарылған  түсінік мынау: Қазақстан мұсылман елі болғанмен Шариғатпен жүрмейді, сондықтан патшаның бұйрығын күтпей кәпірмен соғысқа аттану - жиһад. Бұл қате түсінік, бидғат амалдан дейді сәләфи ғалымдар. Себебі, пайғамбарымыз саллалаһу ғалейку уассалам мен сәләфтардың заманында бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттер екіге ғана бөлінген: мұсылман және кәпір. Үшінші ұғым болмаған. Елдің мұсылман екенін шақырылған азанның дауысына қарап айыратын. Кейін христиан, мүшірік мемлекеттерде де мешіт салынып, азан шақырылып жатқандықтан ахлю-сунна ғалымдары шариғаттағы екінші шартты алға тартты. Ол халықтың санына қарап айыру. Егер мұсылмандары көп болса - мұсылман мемлекеті, кәпірлері көп болса - кәпір мемлекеті. Болды, үшінші түсінік жоқ. Қазақстан негізгі халқы мұсылман, мұсылмандары көп ел, демек - мұсылман мемлекеті. Ал патшамыз кім болса да бағынуымыз шарт. Оның бұйрығынсыз, ата-анаңыздың рұқсатынсыз ешқандай жиһад жасай алмайсыз. Міне, көп жастар осы тұстан қателескен. Олардың кейбіреуі тіпті өздерін сәләфиміз деп сенген. Себебі, олар уағызын тыңдаған хауариж ғалымдар сыртқы келбетімен сәләфилерге ұқсаған тақияшылар (шын келбетін жасырушылар) еді. Ондайлар әлі де бар. Оларды тыңдайтындар елімізді, патшамызды, халқымызды күпірге шығарып, кәпір атап жүреді. Ондайлар сәләфи емес, сақ болыңыз олардан.

Сәләфилер салт-дәстүрге қарсы ма? Бұл - жала. Ежелден Исламды ұстанған қазақ халқының салт-дәстүрі дінмен біте қайнасқан. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден басталатын небір құндылықтар өз негізін Құран мен Сүннеттен алады. Сәләфилер дәстүрге емес, ырымға (кіші ширк), жалған сенімге қарсы. Ырым - әлдебір нәрсені жақсылық немесе жамандық әкеледі деп сену. Мысалы, босағаны майлау - байлыққа бастайды деп нану, отқа май құю жамандықтан сақтайды деп сену. Бұлар салт-дәстүр емес, ырым. Салт-дәстүр - тұрмыс-тіршілігіңнен көрінеді, ырым - сеніміңнен байқалады. Мұны түсінудің түк те қиындығы жоқ деп ойлаймыз. Егер өзін сәләфимін деп жүргеy біреу ырымдарға сенсе, онда өтірікші болғаны, яғни, ол сәләфи емес. Ал егер ол ата-анасын сыйламайтын, көркем мінезден ада біреу болса, сәләфи сенімін түсініп ұстап жүргенінен күмәндануға болады. Өйткені, ата-анаға құрмет көрсету мұсылманның ең үлкен парыздарының бірі.

Сәләфилер басшыға бағынбай ма? Бұл енді үлкен мәселе. Мемлекеттегі өзге азаматтарға қарағанда патшаға ешбір жағынбай, табынбай, одан бір жақсылық көрсем деген дүниелік есепті ұстанбай, әлдебір лауазым ұсына ма деген үмітке ермей, Шариғатқа және Сүннетке сай қалтқысыз бағынатын әрі кез келген мемлекетке қарсы бүлікке соққы беруге бірінші болып дайын тұратын сәләфилер десек артық емес. Себебі, мұсылмандардан Аллаһ соны талап етеді. Басшыға бағыну шарт деп қойып, ертелі-кеш патшаны жамандайтындарды дінімізде мұнафықтар, екіжүзділер дейді. Сәл себеп табылса патшаны көпіртіп мақтайындарды жағымпаз дейді. Ал, сәләфилер басшыға бағынбайды деген әңгімені шығарып жүрген ҚМДБ-ның (заң бойынша мүфтияттың қоғамдық бірлестік екенін айта кеткен жөн) матурудиші уағызшылары мен имамдары болып табылады. Олар айтып отырған басшы президент Назарбаев емес, өздері. Басшыға, яғни, имамға бағынбайды деп өздері жасап жатқан бидғат амалдарына қосылмаған мұсылмандарды айыптайды. Мұсылман адам имамға бағынбайды, оған ұйиды. Артында тұрып намаз оқиды. Намаз "Аллаһу әкбар" деген тәкфірмен басталып, сәлем берумен аяқталатын құлшылық. Сәлемнен кейін сенің имамға ұю парызың аяқталды. Ал кейбір имамдар намаздан кейін де жамағаттың өздеріне бағынып, бірге отырып бидғат амалдар жасап, тіпті, былайғы кезде де алдын кесіп өтпей, бұйрықтарын екі етпеуін қалайды. Оны істемегендерді басшыға бағынбайды деп жамандайды. Шын мәнінде бұл шиіттердің тәсілі. Оларда мемлекетті басқаратын президенті және рухани көсемдері - аятоллалары бар: билік бөлінген. Президент аятолласыз ауызын аша алмайды. Міне, ахлю-суннадан ірге ажыратқан кез келген ағымның негізгі мақсаты осы - билікке жету, көсем болу. Сондықтан дін атын жамылып жамағатты өздеріне қалқысыз бағындырғысы келеді.

Сәләфилер кімді тыңдайды? Олар пайғамбарымыз салаллаһу ғалейки уассаламның мұрагері - ғалымдарды тыңдайды. Ғалымдар болғанда да "Нұр-Мүбәрак" секілді анау-мынау университетте 4-5 жыл оқып келген әрі адасып ағымдарда жүрген жалған ғалымдарды емес, силсилияға ілінген нағыз ғалымдарды тыңдайды. Силсилия деген не? Бұл - пайғамбарымыз салаллаһу ғалейки уассаламға барып тірелетін алтын шынжыр, тізбек. Пайғамбарымыз білімді сахабаларға үйреткен, сахабалар табиғиндерге, табиғиндер таба-табиғиндерге үйреткен. Олардан білім алған ғалымдардың тізбегі еш үзілген емес. Ғалым атану үшін силсилиядағы шейхтың алдында 30-40 жыл отырады. Өзіне дейінгі ғалымдардың барлық еңбектерін оқиды. Сөйтіп, егде тартқан шағында нағыз ғалым атанып пәтуа бере алады. Мұндай ғалымдар қазір де бар. Құдайға шүкір олардың алдын көріп, білім алып жүрген отандастарымыз да аз емес. Бұларды толибтар, шәкірттер дейді. Олар өз беттерімен пәтуа шығара алмайды, бірақ, өздеріне дейінгі ғалымдардың, ұстазының еңбегіне сүйеніп уағыз айтады, таухидті таратып насихат етеді. Ал, анда-мында 4-5 жыл оқып келіп ғалым, ұстаз, ғұлама, шейх атанып жүргендер ахлю-бидға қауымынан болып табылады.

Сәләфи болу оңай ма? Ол сіз бен біз ойлағандай оңай нәрсе емес екен. Әрі білім ізденіп, ширк пен бидғаттан сақтанып жүрсең қиын түгі де жоқ. Ең бастысы Құранда айтылғандай пайғамбарымыздың ұсынғанын алып, тыйғанынан тыйылу дейді ғалымдар. Яғни, сүннетпен жүру. Ол кез келгеннің қолынан келмейді. Себебі, көптеген мұсылман бауырларымыз өздері сүннетке келмек түгілі, сүннет ұстанғандарды жау санайды. Ал, егер біреу сүннет ұстанып жүрсе оған таңырқап, соның ғана артынан еруге тағы болмайды. Себебі, ғалымдар біреудің сүннетке келгеніне емес, сүнетте өлгеніне таңғалу керек дейді екен. Ақыретін дүниеге айырбастаған күні адам жолдан тайып кетеді. Бүгін сүннет ұстанып, сақал өсіріп, балағын қысқартып жүргендер, күні ертең қырма сақал сәнқой бидғатшы болып шыға келуі әбден мүмкін. Сондықтан, сәләфилер Исламды ілгерідегі ізгілер - сәләфтар қалай түсінген болса, солай түсініп, тек пайғамбардың артынан ереді. Сондықтан өздеріне ермегендері үшін ахлю-бидға қауымы оларды жек көреді, ғайбаттайды, халыққа жаман келбетте көрсетуге тырысады екен.

Сәләфилердің ешбір лаңкестік оқиғаларға, терроризмге қатысы жоқ. Барлығын жасайтын хауариждер мен тәкфіршілер. Елімізде орын алған бірқатар қанды оқиғаларды сәләфилер жасады деп жала жабылғанымен, уақыт өте келе өтіріктің беті ашылды. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Кеңес заманында біреуді тұтқындағанда оған негізінен тыңшының, сатқынның белгілері табылды деп айып тағатын, тоқсаныншы жылдары қылмыскерді ұстағанда қалтасынан есірткі, қару табылды деп жататын, қазір күштік құрылымдар қылмыскерді ұстаса одан діни әдебиет табылды, экстремист сәләфи екен деп айып тағады. Бұл да өтер, кетер. Себебі, өтірік ұзақ өмір сүре алмайды.

Сондықтан, анау терроршы сәләфи екен, мынау қылмыскер сәләфи екен деген жел сөзге ере бермеңіздер және сәләфтарға тіл тигізіп күнә арқаламаңыздар. Қияметте барлық сәләф емес, бір ғана сәләфтың, мәселен, жалғыз сахабаның  ақысын беруге шамаңыз келе ме, ойланыңыз. Нағыз сәләфи өзін келбетімен, амалымен, сөзімен танытады. Ол өзін жасырмайды. Себебі, ол ұры, қарақшы, қылмыскер емес. Елді бұзған бүлікші емес. Көзі ашық, көкірегі ояу бауырларымыз жақсы білетін бір ақиқат бар - БАҚ-та, әлеуметтік желіде, интернетте бірін-бірі жамандап, бір-бірінің қоясын ақтарып жүрген тек қана бидғат иелері. Мұндай дауларға сәләфилер араласпайды. Олар білімсіз, дәлелсіз сөйлемейді. Даукеспен сөз таластырмайды. Түсінгенге ескертеді екен.

Автор: Ардабек Солдатбай

Шын-ақпарат

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар