Өзбекстан мұсылмандары 2017 жылдан бастап ұмра мен қажылыққа екінші рет бара алмайтын болды деп хабарлайды golosislama.com, мәліметтің қазақша нұсқасын «Қамшы» порталы оқырман назарына ұсынады.
Мұндай шешімді өткен жылдың 15 желтоқсанында ұмра мен қажылыққа баруды жоспарлайтын Қоғамдық кеңес мүшелері қабылдаған. Тәртіпке сай, мұсылмандар бір жыл бұрын немесе он жыл бұрын қажылыққа барған болса да, екінші рет Меккеге аттануға тыйым салынады.
Өзбекстанда қажылыққа барғысы келетін адамдар сапарға аттану үшін бірнеше жылдар бойы өз кезегінің келгенін күтуі тиіс. Қабылданған шешімге байланысты, 2017 жылы кезегі келген адамдардың арасында бұрын-соңды қажылыққа барып келгендер болса, олар тізімнен алынып тасталады. Дегенмен барлығы бір Алланың қолында.
Дін мәселесіне қатысты Комитет мүшесі Саидакмальхон Шакиров аталмыш шешімге қатысты мынадай түсінік берді: «Олардың орнына мүлдем қажылыққа бармаған адамдар барады.»
Сонымен қатар бұл шешімнің қажылыққа баруды ұйымдастырып, сондағы тәртіпке жауап беретін шенеуніктерге және Меккеге дәрігер, аспаз ретінде баратын жұмысшыларға қатысы жоқ екендігін айтып өтті.
Аударған: Назерке Лабихан