«Жұмадағы мәлімдемесінде Ақ үйліктер Ирактағы соғысқа Американың әскери араласуының соңы жаңа соғысқа ұласып кетпейтініне АҚШ халқын сендіруге тырысты»,- дейді «Хаффингтон Пост» кешегі жаңалығында. Аталған Америкалық ақпараттың айтуынша, халықтың саяси және қоғамдық алаңдаушылығын бәсеңдету үшін осындай мәлімдемелер жасалған.
«Ақ үйдің баспа сөз хатшысы Джош Эрнест АҚШ тараптың бұл соғысқа қатысуының ұзаққа созылып кетпейтінін бірнеше рет қайталап ескертті»,- деп жазған «Хаффингтон Пост» бұл әскери араласудың Ирак пен Шамдағы ислам мемлекеті (ИШИМ) аталған қарулы күштерге үлкен соққы берердей операцияларға бара қоймайтындығын жеткізіп отыр. Оған қоса, бұл «ұзаққа созылмайтын» әскери көмектің қаншалық уақытқа жалғасатындығын да айқындап айтпады. Ақ үй баспа сөз хатшысы журналистерге жұма күні түстен бұрын екі әскери ұшақпен басталған көмек операциясының нақты аяқтау мерзімі әліге белгіленбегенін мәлімдеген. «Президент нақты бір датаны бекітпеді»,- дейді ол.
Ақ үй баспа сөз хатшысы Барак Обаманың Иракта кешенді соғыс жүргізуге пейілді емес екенін, тек сондағы жергілікті тұрғындарға гуманитарлық көмектер берудің жедел қажеттігі мен өңірдегі АҚШ персоналдарының қауіпсіздігі үшін осы қадамға барып отырғандарын түсіндірген. Оның үстіне, АҚШ-тың Ирак жайындағы соғысқа араласуын аяқтату туралы уәдесі Барак Обаманың Ақ үйге жайғасуына негізгі себеп болғандықтан, осы жолғы Ираққа әскери көмек беру жайындағы шешім тіпті сезімтал болып отырған көрінеді.
Мәлімдемеде бұл әуе күштерінің көмегі өте шектеулі көлемде болатындығын бірнеше мәрте қайталай ескерткен Джош Эрнест: «Вашингтонның ең негізгі көздегені, аумақтағы АҚШ қызметкерлерін қауіп төндіріп келе жатқан ИШИМ-нан қорғау және діндік азшылық топ есептелетін Язидистерге су мен азық-түлік жеткізіп беру»,- деп отыр.
Ақ үй баспа сөз хатшысы операцияның қаншаға созылатыны жайында сұралғанда: «Мен операция хақындағы нақты уақыт кестелері туралы ештеңе де айта алмаймын. Алайда, мен әскери әрекеттің ұзаққа жалғасуы туралы президенттік орналастырудың жоқ екендігін сеніммен жеткізе аламын»,- деген.
Дайындаған: Санат Наққазақ.