АСҚАР ЖАКУЛИНГЕ ЖЫЛДЫҚ АСЫНДА «ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» АТАҒЫ БЕРІЛДІ

/uploads/thumbnail/20170709200711292_small.jpg

22 қаңтар күні Алматы қаласындағы "Қабылдау үйінде" қазақтың аяулы ұлы, 50 жасында арамыздан озған Асқар Жакулинге туған-туыстары ас берді. 

Мың қаралы адам жиналған астың тізгінін белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы ұстады. Қазақ салты бойынша марқұмның жары соңғы рет жоқтау айтты, асқа жиналған жұрт Асқардың ағайын-туыс бауырларына тоқтау айтты.

Ас барысында Асқар Әнуарұлының өмірі мен қайраткерлігі туралы деректі фильм көрсетіліп, қимас достары, туыстары өшпес естеліктер айтып еске алды. Асқардың ізгі ісін жалғап, орнын ойсыратпай отырған жары Жайна Жакулинаның «Асқар Жәкулин атындағы қайырымдылық қоры» айналысып жатқан ізгі істер де көрсетілді. Асқар өмірден озған соң көп өтпей құрылған қайырымдылық қор Асқар Әнуарұлы жазылмай кеткен обыр дертімен ауыратын жандарға, балаларға көмектесуді мақсат тұтады. Қор бүгінге дейін науқастармен қатар түрлі ауруханаларға жиыны 60 миллион теңгеден астам көмек көрсетіп үлгерген.

Аста Асқар Әнуарұлының Атамекені, айырықша сүйетін Ақсуатынан, Тарбағатай ауданынан атқа мінер азаматтар арнайы келді. Тарбағатай ауданы әкімі атынан келген әкімнің орынбасары Қайрат Мауадинов Асқар Әнуарұлы 50 жасқа толғанда ол кісіге "Тарбағатай ауданының құрметті азаматы" атағын беруге шешім қабылданғанын, бірақ бұл атақты Асекеңнің көзі тірісінде бере алмай, өмірден озған соң туысқандарына табыстап жатқанынан өкініш білдірді. Сондай-ақ, Жайна Жакулинаға ШҚО білім департаментінің алғыс хаты тапсырылды.

2016 жылы 2 ақпанда асылдың сынығы Асқар Жакулин Бейжіңде дүниеден озған еді. Ол өз өсиеті бойынша Алматыда жерленді.

Асқар өзі Қытайда туып-өскен, біраз жыл Германияда тұрды. Кейін Қытайға қайта келіп, Пекинде үлкен жеке меншік құрылыс компаниясын құрып, ірі ғимараттар тұрғызды. Бай болды, үйленді. Сөйте тұра сәбилі болар сәттерінде Пекинді, байлықты бәрін тастап, жары Жайнаны жетелеп, Тәуелсіз Қазақстанға - Алматыға біржолата оралды. Онымен сұхбаттас, сырлас болған азаматтар оның соншама терең білімді екенін, Еліне, ұлтына, ұлттық мемлекетіне деген сүйіспеншілігі шексіз екенін және оның биік мәдениетті әрі жайсаң азамат екенін біледі. Ол атымтай жомарт,­ үлкен меценат еді. Қазақстанға келгеннен кейін, ол "Асай" деген компания құрып,­ оны биік қаржылық мекемеге айналдырды. 

Еске сала кетер болсақ,  Асқар Әнуарұлының туған күні 7 қарашада  Жайна Жәкулинаның жан жарына жазған жүректі елжіретер хаты жарияланып, оқырманның ыстық ықыласына бөленген.

Қатысты Мақалалар