Ия, ұл-қыздарымыздың ұлттық салт-дәстүрімізге қайшы келетін қауіпті діни ағымдардың жетегіне ілесіп кетіп, теріс жолға түсуіне қазіргі кезде білім беру саласын жайлап алған жаппай жемқорлық та ерекше ықпал жасап отыр! Мысалы, мектеп бітірушілерінің ҰБТ, басқа да түлектердің кешенді тестілеу тапсыруы кезінде нағыз жемқорлық күшейіп кететінін жұрттың барлығы біледі. Мысалы:
Мектепке сабаққа бармайтын, бірақ ата-анасының ақшасы көп балалар үшін ҰБТ кезінде жоғары балл жинатып беру "қызметінің" ақысы биылғы жылы - 5-7 мың АҚШ долларына дейін жетті! Мектепті өз күшімен үздік бітіріп, "Алтын белгі" иегерлері атанған ерекше дарынды балалардың өзі Мемлекеттік білім беру грантын ала алмай, конкурстан өте алмайтын жағдайға жеттік! Күні кешегі "Егемен Қазақстан", "Казахстанская правда" газетінде жарияланған Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізіміне қарап отырсақ, еліміз бойынша жүздеген демесек те, ондаған "Алтын белгі" иегерлері грант ала алмай, керісінше, мектепті зорға бітірген бай-манаптардың ерке-тотайлары мен ҰБТ, КТ кезінде өте төмен балл алған "білгіштер" грант иегері атанып отырғанын көріп отырмыз. Міне, жақын күндері ЖОО-да магистратура мен PhD докторантурасына құжат тапсырған талапкерлерден мамандық бойынша емтихандар қабылданады. Бейресми мәліметтер бойынша магистратура мен PhD докторантурасына грантқа түсудің "ақысы" да 5-7 мың, кейбір жерлерде 10 мың АҚШ долларына жетіп отыр. Шетел тілі бойынша тестік емтихандардың қалай тапсырылатынын айтпай-ақ қоялық. Ал мамандық бойынша жазбаша және ауызша емтихан қабылданатын кезде ЖОО ректорлары мен декандары, т.б. жауапты адамдар арнайы тізім жасап қоятыны құпия болмай қалды. Сұраған ақшаларын бермеген, өз білімі мен қабілетіне ғана сеніп келіп отырған талапкерлер мамандық бойынша емтиханнан ешқашан да өте алмайды, олар сұрақтарға мың жерден дұрыс, толық жауап берсе де, оларды өткізбейді! Міне, осындай жағдайда жастарымыз барлығынан да түңіліп, өздерін тегін оқуға қабылдайтын ЖОО-рын іздейді, өмірден күдер үзіп, мешіттерге барады, шетелдерге кетуге мәжбүр болады. Сөйтіп, "жарылқағыш" теріс діни ағымдар өкілдерінің тұзағына өздері барып түседі! Осындай жағдайда Дін істері жөніндегі агенттікті таратып жібергеніміз - өте үлкен қателік болды! Ата-ана ретінде менің пікірім осы! Жап-жақсы жұмыс істеп тұрған Дін істері жөніндегі агенттікті таратқанша, одан да Білім және ғылым министрлігінің жанынан да Діни экстремизмге қарсы күресетін арнайы бөлімше ашу керек деп ойлаймын! Егер барлығымыз бірігіп, кешенді түрде күреспесек, теріс діни ағым өкілдері жастарымыздың санасын улап, қазақ қоғамын құртып бара жатыр!

Мырзантай Жақып (Әлеуметтік желідегі парақшасынан)