ТАСМАҒАМБЕТОВТІҢ ТАПСЫРМАСЫМЕН АЛАШ АРЫСТАРЫН ҰЛЫҚТАУҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

/uploads/thumbnail/20170709205234697_small.jpg

Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі туралы «Қамшы» порталы мәселе көтергеннен кейін, Иманғали Нұрғалиұлы Байтұрсынұлы музейінің тыныс тіршілігімен танысып кеткен еді. Көп өтпей, 1 ақпан күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен Алашорда қозғалысының құрылғанына 100 жыл толуына орай, Алаш зиялыларының шығармашылық мұраларын зерделеу және оны жандандыру мәселелері бойынша кеңес өткен болатын.

Жиында сол кездегі вице-премьер еліміздегі Алаштанушы тарихшылар мен әдебиетшілер, отандық кино және телевизия саласының мамандарымен бірлесе отырып, тың бастамаларды – тәуелсіздік таным көзімен кітап шығару, кино түсіру мәселесін қолға алу қажеттігіне тоқталған еді.

Осыған орай, «Қамшы» тілшісі Байтұрсынұлының ғана емес, Алаш Арыстарының өмірін көрсететін фильм түсіргелі жатқан шығармашылық ұжыммен сұхбаттасып қайтты. Айта кететін болсақ, фильмге режиссерлік ететін Ардақ Төлеубай – тәжірибелі режиссер. Сатыбалды Нарымбетовтен сабақ алған. Ол шығармашылық жұмыстарын деректі фильмдер түсірумен бастаған. Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов хақында «Қазаққа қымбат есім», Елбасының мектептегі балалық шағы туралы, «Тәңірдің сыйы» және EXPO-2017 көрмесіне қарсы Қазақ елінің әскери құрылымы, қалыптасуы және дамуы деген тақырыпқа арналған «Бес қару» 3 бөлімді деректі көркем фильм түсірген.

***

«Қамшы» тілшісі әуелгі сұрақты фильмді түсіретін «Ұлт болмысы» Production» компаниясының директорына қойды.

***

Тасмағамбетовтің тапсырмасымен фильм түсіргелі жатырмыз

Гүлжанар Амантайқызы, «Ұлт болмысы» журналының бас редакторы, «Ұлт болмысы Production» компаниясының директоры:

«Бұл идея көптен көкейімізде жүр еді. Идея авторларының бірі – белгілі қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Бақытбек Смағұлұлы. Ол кісі «Қазақстан Республикасы Алаш Орда автономиясының заңды жалғасы. Ал, қазіргі президенттің «Мәңгілік ел» идеясын алып қараса, ол да Алаштың мұраты» еді деген ойды айтып, Алаштың тойы тойлану қажетін айтатын.

«Алаш Орда» мемлекетінің жүз жылдығында не істейміз? Қалай тойлаймыз?» дегенге журналист ретінде өз ойларым да болған. Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры Райхан Сахыбекқызы «биылғы жыл Алаш мұрасы насихатталып, ұрпақ жадына жазылатын жыл» дейтін. Қазақ тілді БАҚ-тың алды болып Сіздер де алдымен мәселе көтеріп, арнаулы шаралар ұйымдастырып жатырсыздар. Қабыса келген идеямыз Тасмағамбетов Алаштың ғасыр тойын мемлекеттік деңгейде тойлау туралы бастама көтергенде іске қосылды.

«Алаш Арыстарының жолымен» атты деректі-көркем фильм

Мерейлі дата 2017 жыл кіргеннен кейін, ойларымыз мақсатқа айналды. Жастардың сұранысын дәл қанағаттандыратын, ақсап тұрған киноматография саласына да үлесіміз болатындай фильм түсіруді ойладық. Осыған орай, толымды, жан-жақты деректермен қамтылған «Алаш Арыстарының жолымен» атты деректі-көркем фильм түсіруді қолға алып жатырмыз. Онда Алаш интеллигенциясының атқарған қызметі мен күрес жолы толық қамтылады. Нақты деректемелермен көрсетіледі.

Иманғали Нұрғалиұлы келгенде(27 қаңтарда ол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Тасмағамбетов Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде болды. – ред.) біз арнайы хат жазып, дайын синопсисімізді, фильм сценарийінің сұлбасын ұсындық, идеямызды айттық. Ол кісі бірден қолдап Мәдениет министрілігіне тапсырма берді.

Әлихан Бөкейхан Алаш интеллигенциясының саяси көсемі боса, Ахмет Байтұрсынұлы Алаштың бас идеологы. Бұл біздің ғана сөзіміз емес, тарихшылар баяғыдан айтып жүрген сөз. 

Иманғали Тасмағамбетов тапсырмасында деректі фильмде «Байтұрсынов негізге алынсын!» деген болатын. Ахмет Байтұрсынұлы музейімен 5 жылдан бері тығыз жұмыс істейтіндіктен, Байтұрсынұлының шығармаларын, еңбек жолын кеңінен пайдаланып фильм түсірмекпіз.

Жобаның авторлары жоғарыда айтып кеткенімдей Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлұлы, Ахаң музейінің директоры Райхан Имаханбет және өзім. Режиссер Ардақ Төлеубаймен ақылдасып, фильмнің жобасын жасап, жүйесіне түсіріп қойдық. Қазіргі кезде түсірілімге дейінгі дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Үкіметтен арнайы тапсырма да берілген. Бөлген қаржыны күтіп отырмыз.

***

 

«Қамшы» тілшісі режиссер Ардақ Төлеубайға шығармашылық жолы туралы және кезекті фильмге дайындығын сұрады.

***

 

Алаш Арыстары туралы фильм Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында халыққа ұсынылады

Ардақ Төлеубай, Режиссер:

Бұған дейінгі шығармашылығым туралы айтар болсам, «Бес қаруды» былтыр бастап түсіргенбіз. 3 бөлімді «Бес қару» деп аталатын толық метражды фильмнің Қазір монтаж жұмыстары жүріп жатыр. EXPO-2017 көрмесіне қарсы бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Бұған дейін «Қазаққа қымбат есім» түсірілді. Оны түсірген кезде мен Мәскеуге барып маршал Язовпен кездестім. Сағадат Қожахметұлы туралы көптеген деректер беріп еді. Қазақстанның Қорғаныс министрлігін аса қиын кезеңде басқаруы мықты саясат еді. Телеарналардан қысқартылып көрсетілді. «Тәңірдің сыйы» президент Нұрсұлтан Әбішұлының мектептегі шағы. Сыныптастарының тапсырмасымен, естеліктерімен түсірдік. Бала Нұрсұлтан қандай оқушы еді, қандай жігіт еді, сол туралы болды.

Өткен күзде Cinema 2.8 production-мен «Бір сен үшін» деп аталатын толықметражды көркем фильм түсірдік. Қазіргі таңдағы актуальды мәселелерді көтерген мелодрамалық фильм көктемде кинотеатрлардан көрсетілетін болады.

Қазіргі таңда Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолына негізделген «Алаш Арыстарының жолымен» атты фильмге дайындық жүргізіп жатырмыз. Сценарийдің жазылу барысында, тарихи мұрағаттық деректерді  індете зерттеу керектігін ұғындық. Ия, кеңесшілер бар, олармен үнемі ақылдасып, тарихи деректі жіті ашу мақсатында пікірлеріне ден қоямыз. Бұл фильм көп сериялы болады деп отырмыз. Неге десеңіз бәріміздің санамызда «Алаш арыстары» туралы «1917 жылы Алаш автономиясын құрылып, көп ұзамай таратылды. Ал, 1931 және 1937 жылдары жаппай репрессиядан атылды» дейтін жалпылама ұғым бар. Осыны тереңдете әрі жан-жақты көрсету үшін 8 сериялы етіп түсіруді қолға алып отырмыз. Алаштың әрбір зиялысына жүздеген сериялы фильм түсіруге болады.  Өйткені, тарихи тұлғаларымыздың қайраткерлігі баға жетпес, еңбегі ұшан-теңіз болды.  Мысалы, сол кездегі «Қазақ газетінің» қиын-қыстау заманда 5 жыл өмір сүруі теңдессіз ерлік деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлының еңбекші бұқараның көсемі Ленин, соңыра Сталиннің қабылдауында болуы сияқты тарихи кезеңдерді көркем образбен, анық бейнелеп, ашып көрсетуді қолға алып отырмыз.

Алаш Арыстары туралы бұл фильмде орыс билігі тарапынан қандай қысым болғанын барынша ашып көрсетіледі

Фильмнің түсірілімі 1 сәуірде басталады. Бәрі сәтті болып жатса, 5 қыркүйек Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында немесе Алаш арыстары Ахмет, Жүсіпбек, Мағжандарды ресми ақтаған 4 қараша күні халыққа ұсынамыз деген ниеттеміз. Үкімет тарапының қолдауымен Ахмет Байтұрсынұлы музейі алаштанушылармен бірлескен «Алаш қозғалысы және Тәуелсіз Қазақстан құндылықтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуді жоспарлап отыр.

Осыған дейін де Алаштың жүз жылдығы туралы тақырыптар қозғалмады емес бірнеше рет қозғалды. Жалпы, Алаш тұлғаларына арналған деректі фильмдер де жеткілікті. Алаштанушы ғалымдардың сұхбаты негізінде жыл сайын жаңа дүниелер жарыққа шығарылып жатыр. Алаш қайраткерлерін жыл жыл озған сайын жаңа қырынан танып жатырмыз. Біз ерекше дүние жасаймыз деп айта алмаймыз. Бұған дейінгі түсірілген дүниелерге толықтыру, әрі көркем фильм үлгісінде шығаруды қолға алып отырмыз. 100 жыл өткен Алаш Орданың құрылуы мен орыс билігі тарапынан қандай қысымға ұшырағанын ашып көрсететін боламыз.

***

Ал, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры Ахаңның тағылым мектебіне мемлекеттік мәртебенің берілуі, республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесі  әлі де өзекті екенін айтты.

***

Райхан Имаханбет, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры:

Өздеріңізге БАҚ арқылы мәлім, 1 ақпан күні Астанада «Алаш Орданың 100 жылдығын» мемлекеттік деңгейде атап өту туралы Иманғали Тасмағамбетовтің басқаруымен Үкіметтік жиын өтті. Арнайы жиынға Ахмет Байтұрсынұлы музейі тарапынан үш адам шақырылды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қордың төрағасы Байтұрсынов Серік Самыратұлы бару керек еді. Сондай-ақ, музейдің алқа кеңесінің теңтөралқасы әрі ғылыми кеңесші Сағадиев Кенжеғали Әбенұлы және музей жетекшісі ретінде өзім бардым. Мәдениет және спорт министрлігінің жетекші мамандары қоғамдық қордың басшысы Серік Самыратұлымен телефон арқылы сөйлескендіктерін,  барлық жайдан хабардар екенін айтты. Бірақ Үкіметтік жиынға ол кісі келмеді.

Арнайы кеңес барысында Иманғали Нұрғалиұлының аңдату сөзінен кейін күн тәртібіндегі қаралатын негізгі мәселе – Ахмет Байтұрсынұлы музейін мемлекеттік меншікке  алып, мәртебесін республикалық деңгейге көтеру, ғалымның 10 томдық шығармалар жинағын шығару және деректі фильм түсіру жөнінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының анықтамалық мәлімдемесі мен ұсыныстарын тыңдаудан басталды. И.Нұрғалиұлы министрге осы мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі тарапынан министрдің орынбасары, Қаржы және Ұлттық экономика, Сыртқы істер  министрліктерінің өкілдері қатысып, олар да өз ойларын ортаға салды.

Жиында, Иманғали Нұрғалиұлы алдымыздағы жылдың желтоқсанында ғасыр толатын Алаш автономиясы және қуғын-сүргін құрбандарының атылғанына 80 жыл, Ұлағатты ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдығына дайындықты жедел бастаудың қажеттігін айтты. Жиын соңында Мәдениет және спорт министрлігіне Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылық мұрасының 10 томдығы, тарихи тұлғаның қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлігі, шығармашылық ғұмырбаянына негізделген деректі фильмді түсіру жөнінде Арыстанбек Мұхамедиұлына жіті қадағалауын ескертті. Сол күні аталған министрліктің Әкімшілік департаментінің директоры Дәржібаевтың қабылдауында болып, он томдықты шығаруға қажетті қаржы талқыланды. Томдық шығару мәселесі оң шешімін тапты десек те болады, деректі фильм жөнінде де министрлік тарапынан қолдауға кенеліп көңіліміз өсіп қалды. 

Ал ең өзекті мәселе – Ахмет Байтұрсынұлы музейіне мемлекеттік мәртебе беріп, оны республикалық бюджет тарапынан қаржыландыру әлі де шиеленісіп тұр. Үкімет тарапынан қандай да бір кедергі жоқ, керісінше барлық мүмкіндіктерді қарастырылып жатыр. Ахан музейі құзырына қарайтын Ахмет Байтұрсынов атындағы қоғамдық қордың бүгінгі басшысы Серік Самыратұлы мәдени мұраларға тікелей жауапты Мәдениет және спорт министрлігімен келіссөздер жүргізуге пейілсіздік танытып отыр.

Ахмет Байтұрсынұлының тағылым үйі ретінде танылған музейі – қазақ халқының игілігі, мемлекетіміздің мақтанышы...

Ахмет Байтұрсынұлы мемлекеттік ірі қайраткер, тарихи тұлға болғандықтан, Райхан Сахыбекқызының, болмаса Серік Байтұрсыновтың жеке меншігі емес. Қазақ халқының игілігі, мемлекетіміздің мақтанышы. Қазақ жұрты тайлы-тұяғымен ғалым реформатордың алда келе жатқан 145 жылдығынан бөлек, ұлт мүддесіне арымен қызмет еткен тарихи тұлғаның көзіндей болған осынау тарихи маңызы зор ғимаратын мемлекеттің асыл қазынасы, рухани байлығы деп ұлықтаса қазақ үшін құрбан болған Ахаң әруағы алдында ұрпақтық парызымыздың өтемі орындалған болар еді-ау.

Алаш Арыстарын ұлықтау мәселесіне келетін болсақ, «Иманғали Нұрғалиұлының Ресейге елші болып тағайындалуынан жұмыс тұралап қалады» деген ойдан аулақпын. Имекең қазаққа рухани серпін әкелетін толғақты бастаманы көтеріп, маңызды тапсырманы қажетті өкілеттіліктерге дайындап кетті. Алаш партиясын, ұлт зиялыларының мұрасын насихаттау бір Иманғалидың мойнына артылып қойылған жүк емес қой, бұл бажайлай білген жанға «еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін» Алаш мұрасын зерделеу мен ел игілігіне айналдыру, Алаш мұратын бүгінгі тәуелсіздігіміздің тірегі деп ұғыну, бабалар аманатына адал болу ұрпақтық парызымыз. Оны өз дәрежесінде атқару баршамызға, оның ішінде ел тізгінін ұстағандарға тіпті үлкен сынақ! Ал, Иманғали Нұрғалиұлына үкімет деңгейінде өз тарапынан бастама көтере білгені үшін алғысым шексіз!

Иманғали Тасмағамбетов апта төңірегінде «Алаш Ордаға арналатын ұлы жиынды» қалай атап өту керектігін кеңесу үшін қазақтың игі жақсыларын,  оның үшінде алаштанушы ғалымдарды жинап, жоспар құру керектігін тапсырған болатын. Мәдениет министрлігінен хабар күтудеміз. Алаштың ақиық ұлдарының тарихи істерін өскелең ұрпақтың жадында қалдыру мақсатында бүкіл қазақ «әуп» деп жұмыла жұмыс істесе, үкімет қолдау көрсетсе, Елбасы жол нұсқаса Алаштың Арыстарының әруағы аунап түсері хақ! Бабалардан қалған «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тәмсілді тұмар еткен ел екенімізді көрсетер сәт бұл.

***

Айта кетер болсақ, «Қамшы» порталы Наурыз айының бесі күні, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне орай, «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде» Алаш Арыстарының рухына арнап ас беруді жоспарлап отыр.

 

Нұрғали Нұртай

Қатысты Мақалалар