Украинаның Жоғарғы радасы спикері Андрей Парубий депутаттарды парламентте тек украин тілін қолдануға шақырды деп жазды BBC орыс қызметі.
«Барша халық депутаттарын мемлекеттік тілді құрметтеуге әрі Жоғарғы рада мінберінен тек Украин тілінде сөйлеуді талап етемін», - деді ол.
Ол бұлай деп талап етер алдында «оппозициялық блоктың» өкілі Наталия Королевская зейнетақы туралы заң жобасында орысша сөйлеген.
Королевская сөзін орыс тілінде жалғастырған, ал қалған депутаттар спикердің сөзін қолдаған.
Сәлден соң «оппозициялық блоктың» тағы бір өкілі Александр Долженков орысша сөйлеген. Парубий болса оған ескерту жасаған. «Конфликт жоқ жерде жасамаңыз, Украинада жалғыз ғана мемлекеттік тіл бар, бұл украин тілі», - деген спикер өз сөзінде.
Қаңтар айында Рада «Мемлекеттік тіл» туралы заңды қабылдаған. Оған сай барлық мемлекеттік билік орындарында және қоғамдық өмірде, сондай-ақ БАҚ мемлекеттік тілді қолдануы тиіс. Заң бұзылған жағдайда айыппұл салынады. Ал, ресми түрде көптілдік енгізуге тырысқандарға қылмыстық айып тағылады.
Украинада әлі күнге дейін «Мемлекеттік тіл саясаты туралы заң» қолданылып келеді. Оған сай, аймақтарда халқының 10% үлесі орыс болған жағдайда орыс тілі өңірлік тіл ретінде қолданылады. Украина билігі бұл заңның күшін жоюға әрекет етіп жатыр.
2011 жылдың желтоқсанында Киев аудандық әкімшілік соты Жоғарғы радада орыс тілін қолдануға тыйым салмай қойған. Ол кезде Украина президенті Виктор Янукович болған.