Алматыда "Композитор" көркем фильмінің салтанатты тұсаукесері өтті

/image/2019/06/06/photo_56770.jpg

Алматыдағы Республика сарайында алғашқы қазақ-қытай бірлескен жобасы - "Композитор" көркем фильмінің салтанатты тұсаукесері өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі  "Қазақфильм" баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Картинаны Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы мен қытайлық Shinework Pictures компаниясы жасап шыққан.

Режиссерлері Қазақстан атынан - Сәбит Құрманбеков, ал Қытай тарапынан - Шерзат Якуб.

Айтулы ақын, жазушы, қоғам және саясат қайраткері Олжас Сүлейменов және басқа да көптеген танымал отандық мәдениет және кино қайраткерлері тұсаукесердің құрметті қонағы болды.

Фильм Сянь Синхайдың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Оның Кеңес одағы кезінде, Алматыға эвакуацияланған шағын, қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығын көрсетеді.

Көрсетілім алдында фильмнің Қазақстан тарапынан бас продюсері, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ бірінші вице-президенті Серік Жұбандықов пен қытайлық продюсер, Shinework Pictures" компаниясының президенті Джонатан Шен және ҚХР Алматыдағы бас консулы Чжен Вэй мырза көрермендерге шықты.

"Біз үш жылға жуық түсірген фильміміз "Композиторды" сіздерге ұсынғанымызға қуаныштымыз. Бұл қазақ-қытай бірлескен алғашқы фильмде қазақтың композиторы Бақытжан Байқадамов пен қытайлық композитор Сянь Синхайдың арасындағы достығын көрсету арқылы, екі елдің достығын көрсеткіміз келді", - деді Серік Жұбандықов.

"Бұл тұсаукесер көңілімді толқытты. Осыдан 70 жыл бұрын қиын жағдайға тап болған қытай композиторы Сянь Синхай Алматыға келіп, қазақтың танымал композиторы Бақытжан Байқадамовпен танысады. Байқадамовпен оның отбасы оған риясыз көмек көрсетеді.

Міне, 70 жыл өткен соң, Қазақстан мен Қытай кинемтографистерінің арқасында, көпшілік біле бермейтін және әсерлі оқиға үлкен экранға жол тартты", - деді бас консул Чжан Вэй.   

Фильмнің төмендегі құрамы да көрермендер алдына шықты: режиссер Сәбит Құрманбеков, продюсер Қуаныш Ахметов, Қаламқас Арисланованың ролін сомдаған кішкентай актриса Ділназ Нұрсейіт, қоюшы оператор Лу Хунъи (ҚХР), қоюшы режиссер Лу Юэлинь (ҚХР), және атқарушы продюсер Яо Чуньгуань (ҚХР). Көрсетілімнен соң көрермендер назарына Қаламқас Арисланова мен Сянь Синхайдың қызы Нинаның Қытайда көріскені туралы қысқа деректі фильм ұсынылды.

Ду қол шапалақпен сахнаға Қаламқас Арисланова және Бақытжан Байқадамовтың қыздары: Балдырған Байқадамова, Айгүл Байқадамова және Алуа Байқадамова көтерілді. Олар Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхайдың достығы туралы айтып берді. "Сянь Синьхай - маған бақытты балалық шақ сыйлаған адам", - деп толқи сөйледі Қаламқас Арисланова. 

Сонымен қатар, іс-шара аясында БАҚ және қонақтарға Қаламқас Арисланованың "Қытай халқының композиторы Сянь Синхай. Қазақстандағы өмірі" атты кітабының тұсауы кесіліп, автордың қатысуымен авторграф-сессия өтті. Тұсаукесер алдында фильмнің шығармашылық тобымен бірге баспасөз отырысы өтті.



Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар