Бұрын автокөлікті бояу және әрлеу процесі тек адам қолымен атқарылатын, қиын әрі уақытты көп қажет ететін жұмыс болса, енді бұл міндеттерді роботтар жылдам әрі дәл орындайды. Осыған орай, Алматыда Auto Space Detailing компаниясында жаңа технологияның ашылу салтанаты өтті.
Auto Space Detailing орталығы 10 жылдан бері көліктердің ішін безендірумен айналысып келеді. Көліктің орындық жабдықтары, 3D төсеніштері және басқа да ішкі безендіру жұмыстары осы орталықтың негізгі бағыты болып табылады. Алайда соңғы бір жылда көліктің сыртын әрлеу бойынша жаңа технологияны енгізіп отыр.
Бұл жаңа технологияны елімізге алғаш алып келген кәсіпкер Құмар Жұмақан көліктерді роботтардың көмегімен бояудың адамға да, экологияға да зиянын тигізбейтінін атап өтті.
-
"Осыған дейін көліктің ішін қамтамасыз ететін Қазақстан мен Қырғызстан бойынша жұмыс істейміз. Бірнеше шағын орталықтарымыз бар. Ал қазір біз сіздерді роботтар көмегімен жасалатын жаңа өніммен таныстырамыз. Роботтандырылған бояу жүйелері – жасанды интеллект, компьютерлік көру және автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықталған құрылғылар. Олар көлік кузовын мінсіз бояп, әрлеу жұмыстарын сапалы және біркелкі орындайды. Бояу бүрку процесі микрометрлік дәлдікпен жүзеге асырылып, бояу шығынын азайтуға және қоршаған ортаға зиян тигізбеуге мүмкіндік береді," – дейді кәсіпкер.
Жаңа технологияның тұсауын кәсіпкердің әріптестері кесіп, жылы лебіздерін білдірді.
-
"Әрбір кәсіпте тынбай еңбек етсең, жетістікке жетесің дегенді Құмар бауырымыздан көруге болады. Авто мода кезінде тынбай еңбек етіп, жүгіріп жүргенін көргенбіз. Бұл детэйлингті ашатын кезде де Қытай мен еліміздің ортасында ізденіп, жүгіріп жүрді. Бұрын қазағым аттың құлағында ойнаса, қазір темір тұлпардың құлағында ойнайтын болды. Құмар бауырымыз керемет жаңалықты тарих жасап, елімізге әкеліп жатыр," – дейді достары.
Жиын барысында компания қызметкерлеріне баспана сыйға тартылды. Сондай-ақ, келушілерге жаңа технологияның жұмыс процесі толықтай таныстырылды.
Тұсаукесер жиынының соңында қатысушылар арасында лоторея ойнатылды. І орынға 1 миллион 400 мың теңге тұратын автокөлікке қорғаныш сұйық қабықша орнататын қызмет ұсынылса, ІІ орынға 50 пайыз жеңілдікпен, ал ІІІ орынға 30 пайыз жеңілдікпен автокөлікке кез келген қызмет алу мүмкіндігі берілді.
Пікір қалдыру