Әлеуметтік желілерде ҰҚШҰ төрағасы Иманғали Тасмағамбетовке қатысты айыптаулар таралған болатын. Кеше ол Қазақстан азаматтарына мәлімдеме жасап, халық алдында жүзі ашық екенін мәлімдеді.
Кейбір желі қолданушылары Тасмағамбетовтың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қызметі мен елге деген адалдығына күмән келтірген еді. Кейбірі оны «ресейшіл», «сатқын» деп те айыптады.
Иманғали Тасмағамбетов осыған қатысты пікірін білдірді.
«Әлеуметтік желіге сенген кейбір адамдар үндемегенді басқа теуіп, табанына тастауға даяр, жағадан алып, жаныштауға құмар екендігіне көзім әбден жетті. Сондықтан да азды-көп абырой, атымды болымсыз ортаның саудасына салмай, барша айып таққыш жаранға бір жауабын берсем деп шештім», – деп ашық айтты.
Ал оны «ресейшіл» деп айыптағандарға былай деп жауап берді:
«Туған жеріне салмағы жоқ, жел айдаған дәнсіз қауыз тәрізді кейбір бақытсыз жандар үшін мен ресейшіл, сатқын екенмін. Сонда қалай?! Келісім сөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған мына заманда халықаралық әскери ұйымға туған елімнің атынан барып, қауіпсіздік үшін отқа, мүдде үшін суға түскенім үшін бе? Егер дәл солай болса, онда мен заманында «орысшылсың» деп айыпталған ұлы Абайдың сөзімен қайырайын: «Адамнан надан артпас ұққанменен, Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен» дейді. Яғни, жүрегің азаптан жарылайын деп тұрса да, қадіріңді білмегеннің алдында еңсеңді түсірме деген. Сондықтан түсінгендерді бағалап, түсінбегендерді саралап өтетін өмір бұл»,
– деді Тасмағамбетов.
Пікір қалдыру