Өмір – құлау мен қайта бой тіктеуден тұратын ерекше құбылыс. Өмірде тура даңғыл жолдың бола қоюы екіталай. Сондықтан, кез-келген қадамды батыл әрі нық қадам басу керек. Бұл туралы Елбасымыз өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында да нақтылап айтқан еді. Ендеше дамушы елдің оғландарына сабақ әрі құлаққағыс болсын деген оймен әлемге аты мәшһүр болған атақтылардың сүрініп, қайта тұрған сәттерін баяндап өтелік.
Стив Джобс – технология әлемінің бет-бейнесіне айналған аңыз тұлға. Ол уағында қатал басшы болып, бірнеше рет қызметкерлеріне дөрекілік танытады. Осы себептен оны 1985 жылы Apple компаниясының директорлар кеңесі жұмыстан босатады. Рас, осындай лауазымды қызметінен айырылу кәсіпкерге ауыр тиері сөзсіз. Бірақ Стив мойымады. Содан кейін NeXT атты компания ашты және Pixar атты кішкене студияны сатып алды. Кейін, 1997 жылы ғана ол Apple компаниясына қайта оралды. Артынша атақты "алма" компания Джобстың басшылығымен әлемге танымал болып, нарықты басып алды. Бұл – Джобстың өз қателігінен сабақ алып, оны түзете білгенінің айқын дәлелі.
Кейін Стив студенттермен кездескенде сол жолы жұмыстан шығып қалғаны оған пайда әкелгенін айтады.
Илон Маск – өмірінде қиындыққа мойымай, бірнеше сәтсіздіктен кейін тамаша жетістікке қол жеткізген адам. Ол әсіресе 90-жылдардың басында үлкен рухани құлдырауға ұшыраған. Сол уақытта өзі негізін қалаған PayPal компаниясынан жұмыстан қуылады. Содан кейін Netscape компаниясының жұмыстарымен айналысып та сәтсіздіктерге ұшырады.
Тек қана осындай бірнеше сәтсіздіктерден кейін ол өзінің алғашқы бизнесі Zip2 компаниясын ашты. Ал PayPal компаниясынан кейін Tesla, SpaceX, Neuralink және The Boring Company сияқты алыптардың негізін қалады.
Барбара Коркоран – кәсіби мансабын сәтсіздіктерден бастап, кейін атағы әлемге мәшһүр болған азаматша. Инвестор және Corcoran Group жылжымайтын мүлік агенттігінің негізін қалаушының мансабы айтарлықтай сәтсіз басталған. Барбара 22 жасында даяшы болып жұмыс істеп жүріп, жігітінен агенттік ашу үшін қарызға ақша алады. Жұп болып бизнесті бірге дамытып жатқан Барбара мен оның жігітінің ортақ бизнесінің ғұмыры жеті-ақ жыл болды. Өйткені, Барбараның сүйіктісі оның хатшысын алып, екеуі отбасы құрған.
Арада бірнеше жыл өткеннен кейін Барбара Shark Tank шоуының төрешілігіне кандидатурасын ұсынады. Бірақ артынша Коркоранды алмайтын болып шешім қабылдаған режиссер бұл азаматшаның орнына басқа кәсіпкерді алуды жөн көріпті. Сонда Барбара продюсерге хат жазып, өзін қабылдамаса көптен құр қалатынын аңғартқан.
"Менің мансап жолымдағы жетістіктердің бәрі қарсылық білдіре алмай зардап шеккен жағдайлардан кейін келеді. Мен оларға өз өмірімнен ондаған тәжірибемді ұсындым", - деп хатта не жазғанын айтады Коркоран.
Уоррен Баффет – ғаламшардағы ең бай адамдардың бірі. Ол алғашқы қаражатын 11 жасында тауып, артынша ақша табумен айналысып кеткен. Дегенмен, оның да мансабында үлкен қиындықтар орын алған. Ол 19 жасында арманына айналып, түсіне кіріп, түнгі ұйқысынан қалдырған Гарвард университетіне түспекші болады. Бірақ оның бұл арманы орындалмайды.
"Мен 16 жастағы жігітке ұқсадым. Бірақ тоғыз жасар бала секілді эмоцияға берілгіш болдым. Мен Гарвардтың кіре берісінде түлектермен он минут көлемінде сөйлестім. Олар менің қабілетім жарамайтынын айтып, қабылдамайтындықтарын жеткізді", - дейді ол.
Гарвардтан сүрінген Баффет сол кезде Колумбия университетінің Бизнес мектебіне қабылданып, сол жерден қаражат тарту, қаржы құю секілді бизнеске қажетті дүниелерді игеріп шығады. Осыдай кейін барып қана оның алғашқы табысы қолына келе бастады.
Джефф Безос – қазіргі уақытта америкалық компаниялар екінші штаб-пәтерін орналастыру үшін таласып жатқан Amazon компаниясының иесі. Десек те, Безосқа бұл компанияны ашу, осындай дәрежеге көтеру оңай болған жоқ. Ол компанияға 1 миллион доллар инвестиция тарту үшін 60 кездесу өткізген. 22 инвестормен келіссөз жүргізіп, әрбірінен 50 мың доллардан инвестиция тартқан.
"Маған барлығы өте қиын болды. Әлі жарыққа шықпаған дүние күйреп кете жаздаған да сәттер болды. Бұл – 1995 жыл еді. Әрбір инвестор менен "ғаламтордың" не екенін сұрайтын", - деді Безос.
Кәсіпкердің айтуынша, жоба жүзеге асып, қолданысқа енгеннен кейін барлығы ойындағыдай жұмыс жасай бастаған.
Кәсіп жасау арқылы адам тұлға ретінде дамиды және өзін түрлі бағыттарда сынап көреді. Кәсіптің жолы ауыр, күтімі қиын. Оны өздеріңіз жоғарыда біз тілге тиек еткен атақты кәсіпкерлердің пікірлерінен байқаған боларсыздар. Дегенмен, адамның қолынан келген дүние сіздің де қолыңыздан келетініне шүбә келтірмеңіз. Өйткені, жетістікке жету үшін еңбектене білу шарт. Ерінбей еңбектенген адам өз ісінің жемісін жейтіні анық.
Өз-өзіңді қамшылау – жанаярлықтан құтқарып, жетістікке жетелейді. Осыдан келіп адамның дәрежесі өсіп, бәсекеге қабілеттілік деңгейі артып, мақсатының ауқымы ұлғая түспек. Сондықтан, алдыңызға ірі мақсат қоюдан ешқашан қорықпаңыз.
Мемлекет азаматтарға қолдау көрсетіп отырған шақта қол қусырып отыруға әсте болмайды. Өзіңіздің қалаған кәсібіңізді бастап, сол кәсіпті дөңгелетіп отырсаңыз, сізде барлығы орындалады. Арман мен мақсатты ұштастырып, жетістікке жету жолын қарастыра біліңіз.
Пікір қалдыру