Жаңа жобаны қолға алған кәсіпкер қандай қателіктерге бой алдырады? Неліктен дүкендер мен мейрамханалар ашылғанына бір жыл толмай жатып дағдарысқа ұшырайды? Кәсіп саласында тәжірибесі бар Дмитрий Потапенко бұл сауалдардың жауабын берді.
- "Бұл жерде мынадай нәрсе жоқ" қағидасы
Кәсіп саласындағы ең ақымақ әрі жетістікке алып бармайтын екі жол бар. Олар: "Маған қалай ұнаса, солай жасаймын" және "бұл жерде мынадай нәрсе жоқ" қағидалары. Әсіресе бұл қағидалар қоғамдық тамақтану орындарын ашуда көп орын алады. Қарапайым қателік тудыратын ойлар – "бұл жерде ерекше кафе жоқ, ал менің келіншегім тамақты жақсы пісіре алады, демек, мен бұл кәсіпті бастап, дөңгелетіп кете аламын" деген қиялдан туады. Сондай-ақ, "Бұл жерде жапон асханасы жоқ" деп, соны ашып, артынан дағдарысқа ұшырап жататындар көпшілік. Егер ол жерде жапон асханасы болмаса, ол болуға міндетті де емес. Мүмкін жергілікті халық рамен емес, жай ғана жылдам дайындалатын лапша жей салғанды жөн көретін шығар.
Жалған қиялдың жетегінде жүріп жасалған кәсіп 90 пайыз мүмкіндікте дағдарысқа ұшырап, құлдырайды.
Бір нысанды, кәсіпті ашпас бұрын барлық тұрғыдан сараптап, зерттеу қажет. "Бұл дүние бұл жерге қажет пе?" деген сұрақты өзіңізге қойып, мықтап ойлансаңыз, жауабын табасыз. Өз ойыңызды өзіңіз сынаңыз, артынан соны нақыт фактілермен ақтап шығуға тырысып көріңіз.
Бәсекелестерді зерттеңіз. Сіз қоғамдық тамақтану нысанын ашатын болсаңыз, жақын маңдағы осындай орындарға мониторинг жүргізіп, сараптаңыз. Бұл нысанға жақын орналасқан халықтың шоғырлану деңгейін анықтаңыз.
Бәсекелестердің тұтынушысы мол болса, бірақ ол жер сізге және сіздің отбасыңызға ұнамайтын болса, "Адамдар бұл жерге таңдаудың жоқтығынан келеді ме?" деген сұраққа жауап іздеңіз. Егер жауап "Иә" болса, онда сіз бәсекеге қабілетті кәсіп бастап жатырсыз.
- Аспаздың атын жамылмаңыз
Өзіңіз де байқайтын боларсыз, "осындай да осындай бас-аспаз мейрамхана ашыпты" деген сөздерді күнделікті естіп жатамыз. Осы жаңалықтар бізге "Егер аяқ киім сататын дүкен ашу қажет болса, оны да кезінде аяқ киім тігетін шебер болған біреу ашу керек пе?" деген сұрақты еріксіз ойға оралтады.
Қызмет көрсететін нысандарды ашу да, оның жұмысын жүргізіп, қызметкерлерді тарту да – менеджердің жұмысы. Ал аспаз небәрі сол нысанға келетін тұтынушылардың көңілінен швғуды мақсат тұтады.
Кез-келген қиындықта барлық қателіктің шешімін аспаздың қызметінен тауып, оны тықсыра бермеңіз. Ол мезі болса, басқа нысанға ауыса салады да, сіздің бәсекелес тарапқа қызмет ете береді.
- Жоспарлы жұмыс
Көп жағдайда жаңа кәсіп ашқан адамдар құжатқа, жоспарлау теориясына жіті көңіл аудармайды. Олар барлығын іс-әрекет арқылы шешеміз деп ойлайды. Бірақ тұтынушыға ұсынатын әрбір қызметтің өзіндік мәдениеті, ыңғайлы тұсы болады. Осындай кішкентай дүниелер тұрақты тұтынушылар тартуда үлкен жұмыс жасайды.
Көшірме дүниелерді емес, алабөтен нәрселерді жасауға ұмтылыңыз. Бірінші көрген адам таң қалып, сіздің қызметіңіздің креатив деңгейін бағалайтындай болуы тиіс.
- Кеңесшілерге көңіл бөлу
Бүгінде сізге кәсіп саласынан ақылы кеңес беретін адамдар тым көп. Олардың арасында шешендігімен ақша тауып жүргендер де жоқ емес. Мысалы, кеңесшілердің көбі сізбен ақысына келіскеннен кейін әңгіме барысында бар тұрағы мен үстелдердің орналасуында қателіктер бар екенін ғана айтып, тайып тұруы мүмкін. Өйткені, олар дұрыс кәсіп жасау жолын өздері де білмейді.
Кеңесші таңдар алдында олардың жеке кәсібіне көңіл бөліңіз. Есіңізде болсын, сізге дұрыс кеңесті тек өзінің жеке мейрамханасы немесе франшизасы бар және үш жылдық кәсіп саласындағы тәжірибесі бар адамдар ғана бере алады.
Мұндай адамдардан бір нәрселерді көңілге түюге болады, ал қалғандарына жүгінбеген абзал.
- Қаражатты басқару
Кәсіптің құлдырауына алып келетін негізгі факторлардың бірі – қаражатты дұрыс басқармау. Бұл мәселе жаңадан жоба бастаған кәсіпкерлердің бірқатарын тұтқиылға тірейді.
Өйткені, барлығы "бір рет алғашқы жарна салдым, енді маған бума-бума ақша түсіп отырады" деген оймен өмір сүреді. Ал негізінде жаңа кәсіп 12-16 ай бойы өз шығынын өзі өтеп тұрады. Осыдан кейін барып қана пайда жайын ойластыра бастау керек.
Алғашқы жарна салушылардың көпшілігі "қымбат әрі сәнді" ғимарат табуды көздейді. Бірақ көпшілігінде осы дүние дұрыс шықпай жатады. Мысалы, қымбат әрі сәнді ғимараттың ішіндегі үстелдердің орналасуы немесе сервис жағдайы өте қарапайым болып шығады.
"Мен бір аргентиналық асхананы білемін. Олар өздерінің шынайылығымен, аргентиналық елшілікпен байланысы бар екендігімен, вокзалға жақын маңда орналасқандығымен мақтанады. Сол ғимаратты қайта жөндеу үшін 18 миллион рубль қажет болды. Жөндеу жұмысынан кейін мен сол жерге бардым. Жөндеуден кейін ғимаратқа жол түсті. Кіреберісте қарапайым пластик есік тұр. Барлық ақшасы кіреберісте таусылып қалғандай әсер қалдырады", - дейді Дмитрий Потапенко.
- Адам тығыздығы
Қоғамдық тамақтану орынын ашарда касса мен қызмет көрсетуші орындардың кең болуын қадағалау керек.
Адамдардың тапсырыс беру немесе тапсырысты алу барысында бір-бірімен сыйыспай жатуы сіздің тұрақты тұтынушыларыңыздан айырылуыңызға алып келеді.
Қозғалысты бақылап, қолайлылық жасау үшін барыңызды салыңыз.
- Кереметті күту
Жаңа жобаны қолға алған жас кәсіпкерлердің барлығы ісінің нәтижесін көруге асығады. Өзін қалталы адам сезініп, қымбат көлік мінуге ұмтылады. Әлі аяққа тұрмаған кәсібінің айналымдағы қаражатын жеке құндылықтарын байытуға жұмсайды. Өйткені, оның санасында алдан бір керемет тұрғандай әсер қалдыратын ойлар бар.
Айналымдағы қаражатқа зиян келгеннен кейін бірқатар қиындықтар туындайтыны анық.
Сол кезде де уақытылы шара қолданылмаса, онда сіз құлдырау деңгейінің бірінші сатысындасыз.
Міне, алдағы бұлыңғыр уақыттардан керемет күту осындай қиындықтарға әкеліп соғуы мүмкін.
Пікір қалдыру