Бәсекелестік, жетістік шыңына талас, толассыз тартыс... Бүгінгі қоғамдағы кәсіпкерлік саласының айналасындағы хәл-ахуал осындай. Байрақты бәсекеде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар ғана жетістік туына қол жеткізеді. Егер белдесу үшін жаралмаған жан болсаңыз, ат терлетіп, "аттан салып", бұл додаға кірудің негізі жоқ.
Ертеректе әйел адамдар басшылық биікке көтерілу үшін ер адамға тән қасиеттерді өз бойына көшіруге тырысатын. Жасампаз ұрпақ дәуірі басталғалы бері ер мен әйелдің қоғамдағы кез-келген рөлде аса бір айырмашылығы сезілмейтін болды. Бастысы – жаңа талаптар мен құқықтық заңнамаларға, кәсіп тақымына қарай тез икемделетін жан болса болды. Демек, жынысқа қарай жұмысқа тұру деген қағиданы бүгінде өлдіге санауға болады.
Жоғарыда айтылған жайттар әлем бойынша орын алып жатқан өзгерістер бейнесінен бір үзік көрініс. Ал Қазақстандағы бизнес-ортада бұл өзгерістің жүзеге асу қарқыны тым баяу. Бізде өткен ғасырлардағы "қатты қағида" әлі күнге дейін ерімей келеді. Ер адам басшылыққа, әйел адам хатшылыққа деген іспетті қағидалардың жойылмауы – аталған өзгерістердің жедел іске қосылмауына кедергі.
Статистикалық мәліметтерге кезек берсек, кез-келген компаниядағы лауазымды позициялардың тек 20 пайызын әйелдер құрайды екен. бұл көрсеткіш елімізде әлі өткеннің қалдығы қызмет жасап тұрғанын көрсетеді. Әрине, әйелдер жоғары тапқа көтеріліп, ерлермен теңесуі қажет деп табандап тұрып алуға және болмайды. Өйткені, компаниядағы лауазымды орындарға кім лайық сол отыруға тиіс. Адамның барлығына бірдей басшылық, ұйымдастыру сияқты қабілеттер қатар үлестірілмейтінін осы жерде ескерген жөн.
Қазіргі уақытта маманға қойылатын талап қандай?
"Осындай қызметке тек ер/әйел адам сайлансын" деген заңнама еш жерде жоқ. Сондықтан, компанияның негізгі басшылығына немесе менеджерлерге қызметкер таңдаған уақытта жұмысқа тұруға өтініш берушінің жаңа ортаға қалай тез үйренісетіндігіне, құлшынысына, жауапкершілігіне аса үлкен көңіл бөлу керек. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта селекция қызметіне жауап беретін мамандар жаңа қызметкерді жынысына қарай таңдауын әлі тастамай келеді.
Сандық жүйенің қолданысқа енуі арқылы иерархиялық қағидалар қазіргі уақытта жұмыс жасамайды. "Мен – басшымын, бәрін өзім білемін, қалай және қашан жасау керектігін мен шешемін" деген модель – ескіліктің белгісі. Бүгінгі күні-ақ холакратиялар саны өте жылдам артып келеді.
Барлығымыз қатар тыныстап келе жатқан дәуірде ақпараттың молдығы сонша, бір адам оның барлығын сараптап, қабылдай алмайды. Өйткені, басшы бола тұра, одан да мықты білетін адамдардың болуы әбден мүмкін. Сондықтан, қазіргі басқару, қызмет жасау жүйесі орталықтандырылған және бір-бірінің көмегіне жүгінетін қалыпқа көшкен.
Кейбір мекемелерде басшының рөлі тек қана қызметкерлердің жігерін жанитын адам болуы мүмкін. Ұйымдасып қызмет ете алмаған ұжымның қазіргі кезде бәсекеге қабілеттілігі, еңбек өнімділігі төмендеп кетуі шартты дүние іспетті.
Демек, біздің елдегі компаниялар мен барлық ұжымдарға басқару формасын қайта бір сүзгіден өткізіп, жаңа форматқа бет алу қажеттілігі туындап отыр. Сол кезде ғана ұжым жұмысы қарқын алып, бәсекелестер арасында өз үлесін алып отыратыны анық.
Жылдар бойы қалыптасқан бағыттың ескіретіні де өтірік емес. Заман талабына қарай икемделгендер белгілі бір жетістік шыңына шығып жүргеніне уақыт куә. "Заманың түлкі болса, тазы боп шал" деген халық нақылы да осы жерге тура үйлесетіндей.
Жыныс пен ұлтқа, дін мен ұлысқа бөліну – қызмет сапасын төмендететін негативтер. Жетістікке жетіп, бәсекелестердің алдына шығу үшін жұмылған жұдырықтай мығым бірлік қажет.
Пікір қалдыру