Auto space detaling: Құмар Жұмақанұлы әр қазақтың көлігін жаңартады (видео)

/uploads/thumbnail/20250408145708654_big.webp

Бүгінгі әңгіме кейіпкері «Жан құмарындағы» жан. «Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».

Абай атам айтқан осы «Жан құмарындағы» жанның бірі – Құмар Жұмаханұлы. Мен білгендегі Құмардың мамандығы – филолог. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология факультетінде Құмар бізден бір жыл кейін оқыды. Бірақ бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бірге жүрдік. Талапбек досымыз қойды ма, әйтеуір бәріміз оны «Құмаш» деп еркелетіп атайтынбыз. 2011 жылдары көп сырластық. Идея толған басымызды қай тауға соғарымызды білмей біраз кәсіптің ішек-қарнын ақтарып көретінбіз. Пікіріміз көбінде әдебиет пен руханияттың төңірегінде тоғысатын. Біраз газет-журналдарға мақаласы да шығып жүрді...

2012 жылы жеке жұмыс бастаудың қамында жүргем. Көбінде Құмардың көлігіне отырып, әртүрлі кәсіптің көрігін қыздыратынбыз. Бір ойым газет ашу еді... Бірақ «Abai.kz» Алаштың ақпарат алаңында түрен салып, қазақ сайттарының күні туып келе жатқандай көрінді. Кезекті бір кездесуімізде Құмаш екеуміз осы тақырыпқа ой ортақтастық. Бір жақсысы мен кішкене әдебилеу, руханият жағына жақын болсам, Құмар заманауи кәсіп пен жаңа салаларға жақын болды. Соның арқасында сайт ашу бекіміне келдік. Ең алдымен ақпарат көзінің атын іздедік. «Ағайын», «Отандас», «Атажұрт» дедік пе, әйтеуір, сан түрлі аттан санамыз сансырады. Сөйтіп жүргенде «Қамшы» деген атау мен «Ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды» деген ұран бір түнде Алла Тағаланың аянымен қағазға түсе қалды. Әңгіменің қызығы енді басталды. Сайт дегенді сыртынан білсек те оның қалай жасалатынынан, қалай жұмыс атқаратынынан дым хабарымыз жоқ. Құмаш батыр күні-түн шапқылап жүріп, біраз ақпарат жинады. Алдымен «Домен» деген затты алуымыз керек екен. Сатып алатын базар жоқ. Оның не екенінде онша түсініп тұрған мен жоқ.

Құмармен қатар оқыған «Ермаш» деген бауырымыз бар. Қазіргі танымал спорт комментаторы Ермұхаммет Мәулен. Сол Ермаш «Доменді» қалай алуды біледі екен деді бір күні Құмар. Ол үшін «Бес мың теңге қажет». Шынымды айтсам сол ақшаның өзі кәдімгідей салмақ болып жүрген кез еді... Әйтеуір бірер күнде басын құрадық. Сөйттік те Ермаштың хабарын күттік. Сонымен «Qamshy.kz» доменін алдық деген хабар жетті Ермаштан. Ал енді оны қалай сайтқа айналдырамыз? Одан кейінгі әңгімені Мейіржан Әуелханұлы бауырым туралы жазбамда жаздым. Сайтымыз ашылды. Талапбек, Тасқын деген аға достарымыздың арқасында Алматыдан офис те бұйырды. Құдай жар болып, Құмар бауырымда мен тұратын Талдыбұлақтан уақытша қоныс тепті. Офиске жететін жол пұл болмай қалғанда Құмар алып кетіп жүрді Алматыға...

Сайтты қаржылай қамдау үшін қандай да бір ЖШС немесе Қоғамдық қор керек екенін «Abai.kz»-те жүріп білдік. Алдыңғы буын апайымыз Есенгүл Кәпқызынан кеңес сұрадым бір күні... «Қайрат деген жігіт бар Жүкел ағаның ұлы. Соған барып көрші. Өзі заңгер. Көмектеседі» деді. Алып ұшып Төле би мен Мұратбаев көшесінің қиылысындағы Қайрат Жүкел ағамыздың кеңсесіне бардым. «Кәсіпкерліктен ешқандай хабарың жоқ екен. «ТОО, ИП» дегендер қиын болады. Сондықтан Қоғамдық қор тіркеп берейін. Бірақ жаныңа бір адам керек» деді Қайрекең. Құмашқа қолқа салдым. «Мен өзім де жеке кәсіп бастасам деп жүргем. Оған кедергі болмаса міне документім» деді Құмар батыр. Сонымен екеуміз құрылтайшы болып, «Қамшы-ақпарат» қоғамдық қорын құрдық. Әрине Құмаш қағаз жүзінде құрылтайшы десек те, бар жұмысты ақылдасып істедік. Әу бастан «Қамшының ішкі қаржылық жұмысына мені араластырмаңыз. Өзім кәсіп бастаймын» деп ашық айтты Құмекең. Сөйтіп, құжаттық тұрғыдан Құмар екеуміз, техникалық жағынан Мейіржан екеуміз сайттың сан салалы қыр-сырына үңіле бастадық.

Көп өтпей Құмар «Қазақи автожабу» жобасын қолға алды. Анасы сыйлаған ұлттық нақыштағы төсеніштен туындаған қиял ақыры өз жемісін берді. Ең алғашқы жабудың бірін менің көлігіме салды. Айтпақшы, содан бері көліктің жабуы мен аяққа төсеніші Құмардың «меншігінде»... Тігіншілер жалдап, үйінде тіккізіп көрді. Табыс әкеле қоймады. Жаңылмасам кейінірек Ахметбек Нұрсила ағамызбен ақылдасып, арнайы цехта тігуді қолға алды. Ортасында Алматыдағы алғашқы ұлттық асханалардың бірі «Қуырдақтың көкесін» ашты. Батысқа барып, «Төрлет» деген мейрамхананың тұсауын кесті. Қайтадан Алматыға қайтып, бір жола автожабу кәсібіне бет бұрды. Өздеріңіз куә болып жүргендей қазақтың көлігінен оюулы жабу, әдемі төсеніш көрсеңіз, соның басында осы Құмар Жұмаханұлы тұр. Міне, енді көліктің ішін қойып, сыртын әсемдеуге көшті. Анау-мынау емес Қазақстандағы ең алғашқы және ең ірі автоәсемдеу орталығының шымылдығын түрді.

Құмар бауырым, досым «Қамшының» құрушысы ғана емес барлық іс-шараның басы қасында жүрді. «Damu bussines group» жігіттерін елдік, мемлекеттік, қоғамдық мәселелерге тартуға айрықша атсалысты десем қателеспеспін.

Отбасымызбен араластық. Өмірде бауыр, дос, ал географиялық тұрғыдан «күйеу бала». Марғұлан қарындасымыз Жұмахан әулетінің алтын келіні атанып, үлкен шаңырақтың шамшырағы болып отыр. Құмардың ізін жалғап, мал шаруашылығы кәсібін дөңгелентіп отырған Құсман бауырымыздың тойын өткіздік дүркіретіп... Жұмахан ақсақалдың, Нағима анамыздың қолынан дәм таттық. Батасын алдық. Тілі енді шыққан Құмаштың тұңғышы Алаштың «Дүр қамшыны» айтқанын көріп мәз болдық. Ақжүніс қызымның кіндік әкесі атандым.

Ақпарат алаңында рухымыз дүркіреп тұрғанымен, көбінде қаржылық жағдайымыз мәз болмайды. Сондайда Құмардың қалтасына ортақтасамыз. Ең бастысы ол студенттік кездегі қалпымен адамгершілік туын, ұлттық намысын, кәсіпкерліктің тізгінін бекем ұстап, экономиканың қамшысын сілтеуіндей-ақ сілтеп келеді. Мен білетін Құмар Қазақ елінің шаңырағына «Ұлттық буржуазияның» бір уығы болып қадалатынына күмәнім жоқ.

Ою салып, қазақ рухын өрлетіп,

Алты Алашқа автожабу сыйлады,

Ата-баба асын төрге төрлетіп,

«Қуырдақтың көкесіне» жинады.

 

Құмарға бар жүрсең егер «ат мініп»,

Көлігіңнің ішін зермен аптайды.

Көшедегі жұртқа таңдай қаққызып,

Сыртын әсем қорғанышпен қаптайды.

Біләл Қуаныш, “Қамшы” жобаларының жетекшісі

Қатысты Мақалалар