ҚР Тұңғыш Президентінің «Бес әлеуметтік бастамасын», оның ішінде Елбасының «Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» бірінші бастамасын жүзеге асыру аясында Қарағандының Ақадыр кентінде көпбалалы отбасылар баспанамен қамтылды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Көпбалалы жанұяларға берілген әрбір жер үйлердің тұрғын үй аумағы 100 шаршы метрден асады. Үйлер тұрмысқа қажетті жиһазбен жабдықталған. Тұрғын үйлерді көпбалалы отбасыларға «Астана Моторс» компаниясы сыйға тартты.
Баспана кілттерін табыс ету рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен «Астана Моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов та келді.
«Елбасының тапсырмасы бойынша өңірде көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жанұялардың әрқайсысы үшін ең өзекті мәселе – өз баспанасының болмауы. Бұл мәселені шешуге кәсіпкерлер көмектесуде. Биыл кезекте тұрғандар қатарынан 700 отбасы пәтер кілттерін алады. Олардың үштен бірі бизнесмендердің көмегімен жаңа баспанаға қоныстанады. Тәуелсіздігіміз қалыптаса бастағаннан бері мемлекет кәсіпкерлерді қолдап келеді. Бүгін бизнес аяқтарына нық тұрып, мемлекетке әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесетін кез келді. Балаларымыз бен немерелеріміз осындай ұлы адамдарды үлгіге ала отырып, өсіп-өнуі тиіс. Дәл осындай шаралар «Туған жер» идеясын - өзінің туған жеріне, отанына көмек көрсету керектігін нақты мысал ретінде көрсетеді», - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.
Тұрғын үйлер қоныстанушылардың жаңа өмір бастап, шаруашылықпен айналысуына ыңғайлы етіп жабдықталған. Жеке жер телімі бар тұрғын жайлардың ендігі иелері бау-бақша егуілеріне мүмкіндіктері бар.
«Жасым 32-де. 4 баланың анасымын. Баспана кезегінде 8 жылдай тұрдық. Бүгін міне зәулім сарайдай үйдің иесі атандық. Қуанышымызда шек жоқ. Қасиетті Рамазан айында баспаналы болып жатырмыз. Әсіресе, балаларым риза. Үй үлкен, жарық. Ауласы да кең. Балалардың ойнауына ыңғайлы етіп абаттандырылған, үйдің артында бау-бақшаға арналған жері де бар, онда көкөніс егіп, шаруашылықпен айналысуға болады. Үйіміз орталықта орналасқан, балалардың мектебіне де жақын. Қатты қуаныштымыз. Көпбалалы отбасыларға көрсетілген қамқорлықтары үшін мемлекетке, «Астана Моторс» компаниясының басшылығына алғысым шексіз», - дейді көпбалалы ана Айзада Рыспекова.
«Астана Моторс» компаниясы көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетіп ғана қоймай, жергілікті мектептің талантты түлектерін еліміздің үздік жоғары оқу орындарында оқытпақ.
«Ақадыр - менің кіші Отаным. Бұл жерде менің әкем өсіп, балалық шағын өткізген. Бұл жер менің ата-бабаларым үшін ыстық болған мекен. Табысқа жеткен кез келген адам өзінің Отаны алдындағы қарызын қайтаруы тиіс. Мен бүгін өз туыстарыма көмектесіп жатқаныма қуаныштымын. Біздің компания қайырымдылықпен белсенді түрде айналысады, адамдарға көмектеседі. Бұл біздің тұжырымдамамыз, біздің өмір салтымыз және біздің философиямыз», - деді Нұрлан Смағұлов.
Компания Ақадыр тұрғындары үшін 2011 жылы «Астана Моторс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін салған. Онда балалар бассейні мен күрес залы бар. Спорттық нысанда дзюдо, самбо, қазақша күрес, футбол чемпионаттары өтеді.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, биыл Ақадыр кентінде 70 пәтерлі тұрғын үй қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Қоныстанушылар арасында көпбалалы отбасылар болды. Олардың барлығы тұрғын үй алу кезегінде тұрған.
Биыл кентте 32 пәтерлі үй салынады. Келесі жылы тағы екі көпқабатты үй пайдалануға берілмек.
Еске салайық, бұған дейін аймақта 27 отбасы өз пәтерлеріне ие болған болатын. 1 мамыр күні облыстың Теміртау, Балқаш, Саран, Қаражал, Абай, Приозерск, Шаxтинск қалаларында, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Жаңаарқа және Нұра аудандарындағы көпбалалы отбасыларға да пәтер кілттері табыс етілген.
Сондай-ақ, мамыр айының соңында қарағандылық 86 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, биыл облыста 560 көпбалалы отбасы баспаналы болмақ.
Пікір қалдыру