Екінші анамыз не үйретті?!

/uploads/thumbnail/20170709212959680_small.jpg

          Ел ертеңі жастар қолында. Бұл дәлеледеуді талап етпейтін оксиома. Алайда сол жастарымыз қандай болу қажет? Ел ертеңін сеніп тапсырар жастарға қандай мінез бен ерекшеліктер тән? Аталмыш сұраққа ақынның ақыны атанған Мағжан Жұмабаев жауап берген болатын. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты...» деп басталатын өлеңі арқылы біз өзіміздің қандай боларымызға үлгі алып жүрміз. Ал бүгін осындай көкірегі ояу жастардың атынан қоғамға септігіміз тиер деп қолға қалам алдық.

Еңбек ердің анасы дейді қазақ мақалы. Айтса айқандай-ақ еңбек бәрін жеңбек. Біз осы жолда жеңіліс тауып, уақыттан ұтылған екенбіз. 1- сыныптан басталып 11 жыл үздіксіз оқытылатын еңбек пәні тіпті болмағанда кірпіш қалауды үйретпеген екен. Баланы жастан дейтін ұғымды бағдар етіп болашақ шынайы өмірге дайындаған еңбек сабағының ұстаздары болмауының салдары қазіргі таңда сезілуде. Арман мен қиялға толы балғын балалық шақтан өмір өткелдері арылтып, ересек өмірге қадам басқанда қаншалықты дәрменсіз екенімізді түсіндік. Қайран босқа кеткен алтын уақыт-ай деп бармақ шайнастық. Өткен күн оралар ма?!

          Маман таза болсын, шала болсын бас сұғып алған соң сүйретіліп 4 жылдықты өткерген шәкіртке диплом беретін оқу орындарының арқасында бүгінгі таңда маманымыз көп. Сәйкес жұмыссыздар саны да аз емес. Қолында қос дипломы бар талай маман иелерінің арба итеріп, жүк тасушы болып жүргенін көз көрді. Осындай бір сәттерде есіме өтпеген немесе бос өткен еңбек сабағы түседі. Күн көру мен отбасын асыраудың балама жолы үйретілмей 11 жылымыздың бос өткеніне қайран қалам. Кірпіш қалау, ағаш қашау, тал егу, басқа да тұрмысқа қажетті шаруашылықтан тұл қалыппыз. "Құрметті шәкірттер, сендер ер азаматсыңдар. Отбасын асырау ер азамат мойнындағы міндет. Замана талабына сай маман болуға талпынғанда ең алдымен адам болуды ойлағандарың абзал. Ал адам болу тек білімнен тұрмайды. «Еңбек - ердің айнасы». Жақсы азамат болғыларың келсе бесаспап болуларың тиіс. Үй соғу, тал егу, тұрмыста кездесетін барлық қара жұмыс ер азаматтың атқарар ісі. Жұмыссыз қалған жағдайда ағаш қашап домбыра жасайық, кірпіш қалап үй тұрғызайық отбасын адал аспен асырау бұл бізге Алла берген мамандық. Осы мамандыққа адалдық таныту басты парыз. Өмірдің ирелең жолына дайын болыңдар" - деп насихат айтса көп дүние үйренген болар ма едік, кім білсін. Ол өсиеттің айтылмағаны ғана ақиқат.  Қазір үй терезесінің сынған көзін ауыстыра алмайтын деңгейдеміз. Еңбек қолымызға әйнекте ұстатпапты.  Иә, рас. Алайда өткен күн оралар ма?!

          Қыз балаларға арналған еңбек пәні нашар өтіп жатыр демеймін. Қыздар киім тігуді, тоқыма тоқуды, тағамның неше түрін үйренуде. Мұнда ұтылған ұлдар екен. Аспазшысы бар, асыраушысы жоқ отбасы секілдіміз. Келісіңіз, келіспеңіз бұл біздің қоғам көрінісі. Өткен күн оралар ма?! Оралмайды әрине.

          Біз басымыздан өткерген олқылықтың орынын толтыруды мақсат тұтып осы мақаланы жазып отырмыз. Айтылған мәселенің шешімін табуы билік өкілдерінің құзырында, таласпақ ойымызда жоқ. Көрініп қалды, ойға тоқыдық, жаздық. Бар болғаны сол ғана. Алайда көңілге түйгенімізде жоқ емес. Еңбек сабағының оқытылу процесіне өзіндік ұсыныстарымызды қосуды жөн көрдік.

 Өзім оқитын мектебімді алайық. 800-ден аса оқушысы бар бұл мектеп аудандағы белді де беделді ірі мектептердің бірі. Күз келіп күн суығанда, яғни жыл басында жоғарғы сынып оқушыларына бір бастауыш сынып оқушылары қосылып берілсін де, ағаш отырғызу жүктелсін. Көшет жайынан қам жемеңіз. Шілде болмай шаң жұтатын ауыл тұрғындары қолдан орман жасаймыз десеңіз аянып қалмасына сеніңіз. Отырғызылған көшеттерге жауапты шәкірттер қарайтын болады. Оқу жылы аяғында көктеген ағаш иелері бестік баға алсын. Орта есеппен жылына 400 тал егілсе 10 жыл көлемінде шаң жұтып түшкірмей, жұпар жұтып демаласыз. Айтып отырғанымыз алға қойған мақсатымыздың алғашқы қадамы ғана. Көңіліңіз қаласа бұл кішкентай бастаманың барар жері мен алар асуын айтайын. Бірінші: жергілікті халық табиғи таза өнім тұтынатын болады. Екінші: нарықта наразылық тудырған баға мәселесі шешімін табады. Үшінші: орманымыздың көлеміне қарай ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етеміз. Төртінші: табиғаты орманды жерлердің желі саябырсып, жаңбыры молаятыны тағы бар.

Сана сарайымызға сәуле боп түскен ойымызбен бөлістік. Қолымыздан келері санасы ұйқыдағы қоғамды қозғау. Мақсатымыз орындалып жатса сарғайған сары даланың шаңына таңғалуға емес, қап-қап алма алуға келесіз. Бұл біздің сөз емес, «атадан мал қалғанша тал қалсын» -  деген ата-баба сөзі.

 

Ишанбеков Мадияр Ілескенұлы

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент.

Саудакент ауылдық аула клубының ұстазы.                                                                                                                   

Қатысты Мақалалар