Үнсіздік... Ұзақ уақытқа созылған тыныштықты көліктің рульінде отырған ағайдың терең жасаған күрсінісі бұзып жіберді. Шіркін, адам өмір бақи терең ойдың теңізіне батып жүреді. Адамды не толғандырмайды деңізші!?
...Өмірінің бар мәні болған, көзайымы жалғыз қызы өмірге келгелі әкенің қуанышында шек жоқ еді. Әйелінің асты-үстіне түсіп, бар жағдайын жасап, көзінің қарасындай болған құлыншағын барынша мәпеледі. Қызының есімін – Айша деп қойды . Сәбиінің жұпар исі әкенің шынайы бақытты сезінуіне себеп болғандай. Әрбір жасаған қадамын сүйсіне тамашалап, тұсауын кескізіп, ел қатарлы болсын деп мектепке де берді. Қызы қараса көз тамсанарлықтай сүйкімді еді . Қос бұрымы желпілдеп, көзінен ұшқын жарқылдап, мектептің табалдырығын аттады. Күнде кешкісін , әкесіне өзінің үйренгендерін айтып беріп, әкесіне шексіз махаббатын көрсететін. Құшағына асылып, еркелеп, өзінің бар қалауын істететін. Осылай уақыт жылжып өтіп жатты. Әкенің бар арманы қызының оқуын жақсы бітіріп, беделді оқу орнына түсіп, мықты азамат болуы еді.
Амал қанша? Айша өскен сайын әкесінен алыстай бастады. Өзі өсіп, өзі оқып-тоқып жетілген адамдайын, әкесіне біраз болсын қарсы шыға бастады. 9-сыныпқа көшкен кезде, ата-анасының сөзін тыңдамастан оқуға түсемін деп шешім қабылдады. Ерке өскен ерке қыздың арманына қиянат жасамау үшін , әке көңіл еш қарсылық білдіре алмады. Ал , Айша болса артына бұрылмастан алып шаһар Астанаға кете барды.
Алматының таза ауасы, биіктікке бой түзеген асқар таулары жас қызды қимай тұрғандай сол күні жаңбыр еш толастамап еді. Мүмкін, ата-анасының жан дүниесіндегі осы бір қиналыс сезімді көрсеткендей. Ару Алматыда үнсіз сыр шертіп тұрды.
Арманына алып-ұшып кеткен жас қыздың алдында не күтіп тұрғаны беймәлім. Өмір оны сынаққа түсіріп, сүріндіріп, жылатып және қуанта да алатынын білген еді. Студенттік шақтардың алғашқы күндерінен бастап, өзіне жақын дос тауып үлгерді. Жақынындай көріп, қатты бауыр басып қалды. Күні бойы досымен қыдырып, естен кетпес бақытты сәттерін өткізіп жатты. Алайда, өзінің не үшін осы алып шаһарда жүргенін ұмытып кеткендей. Ата-анасына сирек хабарласатын болды. Оқуындағы жағдайы да мәз емес еді...
Аяқ астынан соғылған қоңырау үні әке жүрегіне бір жаман хабардың болғанын жеткізгендей. Бұрын соңды бұлай алаңдап, мазасыз күй кеше бермейтін. Телефон тұтқасын алуға батылы жетпеді. Алайда, үздіксіз соғылып қоймаған соң, жауап берді. Телефонның ар жағындағы дауыс бір салқындықты сездіргендей. Бұл Айшаның жетекшісі Дастан ағай болатын. Қызының оқуда екі аптадай болмағанын хабарлап, осылай жалғаса берсе, оқудан шығаратыны жайлы хабарлады.
Төбесінен жай түскендей болған әкенің көңілін мазасыздық басып, санасына неше түрлі ойлар келе бастады. Іле-шала қызына қоңырау шалды. Дереу , Алматыға шақыртты. Ертеңінде қызы артынып-тартынып үйіне келді. Ата-анасының көзіне тіке қарауға ұялған қыз еріксіз жылап қоя берді. Қыз байғұстың жасаған ағат қадамы бүкіл өмірінің астан-кестеңін шығарғандай. Алдағы уақытта не болатыны әліде жұмбақ?
Құм сағаттай сырғыған уақытты ешкімде бағындыра алмасы анық. Бұл Айшаның да қолынан келмеді. Өткенге өкініші көп болса да, амалсыз басына түскен қиындыққа мойынұсынды. Бұл жолы шешімді ата-анасы қабылдады. Қызын Алматыға қалдырып, осында ақылы түрде жоғары оқу орнына түсірді.
Өткен күндердің парағынан қалған қара дақтардың белгісі ,мүмкін, Айшаның соңынан ылғида еріп жүрер. Бірақ, ендігі жасайтын қадамдарының өзі болашақта көп нәрсені өзгерте алатыны ақиқат. Ата-анасының қайсарлығы, табандылығы арқасында қызының өмірі құрдымға кетпей қайтадан құлашын жайғандай.
Ең өкініштісі, бірден барлығы бұрынғыдай бола қоймады. Әкесі мен қызының арасында бір салқындық пайда болғандай...
Тілеген Көгершін