Көктем мен күз мезгілін қазақ “құс келіп, құс қайтатын уақыт” дейді. Осы уақытта сырқаты қозып, дерті асқынатын адамдар жайлы “жын қаққан, ішіне жын кірген” деп жатамыз. Ақыл-есі дұрыс адамның санаға сыймас қылықтар жасап, әрпіл-тәрпіл сөйлейтінін көрсек те, “мынау жынды екен ғой” дей саламыз. Ал осы, жын деген не нәрсе? Ол адамның ішіне қалай кіреді? Жын иектеген немесе ішіне жын кірген адамды қалай білуге болады? Сонау 90 жылдардан бері ішіне жын кірген адамдарды емдеп келе жатқан ақтөбелік дем салушы Мұхаммед Дәулетбай қазір жын иектеген адамдардың тым көптігін айтады, деп хабарлайды kerek-info.kz
Мұхаммед Құлбергенұлы, жалпы жын деген не? Ол адамға қалай кіреді? Неге кіреді?
Жындар – ойдан шығарылған қиял емес. Адам сияқты оларға да құлшылық парыз етілген жаратылыс. Жындар да ішінара жақсы және жаманға бөлінеді. Ежелде жыннан қорқып, олар жайлы шындыққа жанаспайтын түрлі әпсана-ертегілер шығарылған. Құран Кәрімде: “Адамдардың ішіндегі кейбір кісілер жындардың ішіндегі кейбір еркек жындардан пана сұрап, олардың менменсіп, басынуларын арттыратын еді[1]”,-деген аят бар. Оның мәнісі, араптар жазық далаға келіп, түнемек болады да, сол маңайдағы жындардың үлкенінен пана сұрайды. Есірген жындар оларды ақылдан адастырады. Иә, жын адамға зиян тигізуі мүмкін. Жындар көбінесе, лас және таза емес орындарда, айдала мен шөл далада жүреді. Күн батқанда жер бетіне тарала бастайды. Алла Тағала қалауымен, олардан қорғану үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткен таңғы және кешкі сүннет дұғаларды оқып жүру қажет. Құран Кәрімде: “Анығында, менің құлдарыма олардың үстінен сенде билік жоқ. Тек адасқандардан және саған ергендерге ғана (билік бар),-деді[2]”,-деп әмір етілгендей, шайтан Алла Тағаланы зікір етіп және құлшылық жасап жүрген адамға жақындай алмайды. Құран Кәрімде: “Ақиқатында, оның (шайтанның) билігі оны өзіне дос, қамқоршы тұтатындарға және онымен серік қосатындарға ғана жүреді[3]”,-дегендей жын өзін мазалаған адамға жамандық етеді. Мәселен, кірдің суын немесе ыстық суды есік алдына немесе көшеге төге салу, айдалада ұйықтап қалу, күл-қоқысты басу, елсіз жерде түнделетіп жүру, малдың сүйегін тебу, үнемі күнә жасап жүру және сиқырланып қалу сияқты себептермен жын тиюі мүмкін. Қазақтың “күл баспа”, “кірдің суын жолға төкпе”, “түнде жүргенде “бисмилла” айтып жүр”, “шошынып қалсаң “бисмилла” де” деген сияқты сөздер айтуының сыры да осында жатыр.
Сіз ішіне жын кірген адамды қалай білесіз? Қай уақыттан бері жын иелегенген адамдарды емдейсіз?
Мен емші емеспін. Мен тек дем салушымын. Шипаны тек Алла ғана береді. Бір дем салып, адамның ішіндегі жынды қуамын деп айта алмаймын. Кем дегенде 7 рет дем салуым керек. Жын шығарумен 16 жасымнан бері айналысады екенмін. Негізі, діни жоралғылар жасап, имамдарға көмектесіп жүремін. Мақсатым имам, молда, емші болу емес. Бірақ, алдыма көмек сұрап келген адамдарға барынша қолымнан келген көмегімді беруге тырысамын. Өзін сырқат сезінген адамның негізі, өзі ниет білдіргені дұрыс. Біреуді байлап қойып, ішіне кірген жынын шығаруға болады, әрине. Бірақ, ең абзалы адамның өзі ниеттенгені жақсы. Сіз адамның ішіне жын кіргенін қалай білесіз деп сұрап отырсыз. Жын туралы Құран Кәрімде аяттар түсірілгенін жоғарыда айтып өттім. Шын мұсылман адамға Құраннан артық ешқандай дәлел болмауы керек. Аллаға сенетін адам оның жаратқан жаратылыстарын да мойындайды. Ал негізгі дәлел – Исра сүресінің 82 аятында айтылған. “Біз Құранды иман келтіргендерге ем және мейірім қылып түсірдік” деген. Мен алдыма келген адамға кемінде 7 рет дем салу керектігін айтамын. Тіпті тұмауратып ауырып, ауруханаға жатсаңыз да кемінде 10 күн жатып, толық ем алуыңыз қажет. Бұл да сол сияқты. Негiзi ғұламалар айтады: жыны бар адамның басын ұстап тұрып, аузыңызды құлағына тақап, асықпастан “Фатиха”, сосын “Бақара” сүресiн оқысаңыз, адамның iшiнде жын болса, ол жылайды, айқай салады. Iшi ауырады, ашуланады, қашып кеткiсi келедi, жүрегi қысылады. Яғни, бұл сүрелердi оқыған кезде iштегi жын қиналады. Сондай-ақ сүре оқымастан-ақ адамның iшiнде жын бар екенiн бiлуге болады. Олардың белгiлерi: жыны бар адам Құран тыңдамайды, Құран оқылған жерден шығып кетедi, қараңғы үйде жалғыз отырғанды және әжетханада көп отырғанды жақсы көредi.
ИСЛАМ МЕДИЦИНАНЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРМАЙДЫ
Қазір дін жолындамыз деп заманауи медицинадан бас тартып жатқандар көп. Сіз не айтар едіңіз?
Ислам діні еш уақытта медицинаға қарсы болған емес. Медицина деген сөздің өзі Ибн Синаның атымен тікелей байланысты емес пе? Ислам дінінің негіздеріне үңілсек, мұсылмандар үшін денсаулықты сақтау Алла алдындағы зор аманат екенін көреміз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде денсаулық жайында: “Бес нәрсе келмей тұрғанда бес нәрсенің қадірін біліңдер: өлмей тұрып өмірдің қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, өмірде ақыреттің жағдайын жасаудың қадірін, қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін, кедей болмай тұрып байлықтың қадірін”, – деген.
Басқа бір хадисте: “Әр сырқаттың емі бар және де егер дәрі сырқаттың шипасын берсе, ол Алланың қалауымен болады”. Ислам өркениетінің ең бір айқын көріністерінің бірі – жалпыға арналған емханалар және сол емханалар жанында құрылған білім ошақтары. Бұл орайда Батыс әлемі мұсылмандардың жетістіктеріне тек бес-алты ғасырдан кейін жетті.
Әлемде ең алғашқы емханалар Умаяттардың халифаттығы кезінде сегізінші ғасырдың басында 706 жылы пайда болды. Ол кездегі емханалар тек емдеу орталықтары ғана емес, сонымен қатар, білім орталықтары да болды. Ислам әлемінде барлық үлкенді-кішілі қалаларда емханалар жұмыс істеп тұрды. Емханалар екі түрлі болды: қалалардағы ауруханалар және жылжымалы ауруханалар.
Жылжымалы ауруханаларға келетін болсақ, кейбір деректерде оны сүйреу үшін қырық түйеге дейін жұмылдырды деген мәлімет бар. Емханалардың бұл түрі қаладан алыс орналасқан ауыл-аймақтарға арналған медицинаның түрі. Әсіресі, аурухананың бұл түрі (1117-1131 жж.) Салжұқтардың сұлтаны Махмуд билік құрған жылдары қолға алынып, білікті дәрігерлер мен сан алуан дәрілері бар жылжымалы емханалар Ислам әлемінің кез келген жеріне жетуге қауқары келетін. Бұл енді тарих қой. Қазіргі екпеден бас тартып жүрген бауырларымыз осыны білсе деймін.
Суретке түспеу, үйде сурет ұстамау деген ұғымдар бар...
Ол рас. Үйде жансыз көз болса, періште келмейді деген бар. Ол Пайғамбарымыздан жеткен өсиет. Жебірейіл періште Пайғамбарымыздың үйіне кіре алмай, себебін үйде жансыз суреттің барын айтқаны туралы естігеніңіз бар шығар. Бірақ, ойыншықтармен балаларға ойнау рұқсат етілген. Қазір көптеген намазхан бауырларымыз балаларының ойыншықтарының көзін ойып тастайды екен. Бұл тіпті қорқынышты ғой?! Жалпы шын ислам діні еш жамандыққа үгіттемейтін, керісінше өте мейірімді болуға, Алла Тағала жаратқан барлық жаратылысты жақсы көруге үгіттейтін, жақсылыққа тәрбиелейтін дін.
Қазір намаз оқысаң, ішіңе жын кірмейді дейтін түсінік қалыптасты. Бұл қаншалықты рас? Жын адам ішіне қандай жағдайда кіреді?
Жын адамның бәріне кіре береді. Тіпті қазіргі намазхан бауырларымыздың ішіне де жын кірген оқиғалар кездесті. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Намаз оқу – әр адамның Алла алдындағы парызы және жеке құлшылығы. Намаз оқыдым екен деп, басқа адамдарға төбеден қарап, өркөкіректік танытуға болмайды. Бұл мұсылмандық емес. Мұсылман адам-иманды, иманды адам-ибалы, ибалы адам- тәрбиелі деген сөз. Өз тәжірибемде ішіне жын кірген намазхан адамдарға дем салған сәттер болды. Намаз оқып тұрғанда артынан итеріп қалып немесе көзіне намаз үстінде бірдеңелер елестейтін адамдар келді. Сондықтан, намаз оқысам – барлық бәледен аулақ болам деп ойламау керек. Бәле-жаладан аулақ болу үшін таза жүру, харам нәрселерге жоламау, ниетің мен ойыңды таза ұстау, сосын бес уақыт намазыңды қаза қылмай, шын ниетіңмен бес парызды орындап жүру керек. Алла қаласа, шипасын да, жақсылығын да үйіп-төгіп бере салады. Жындар адамдарға ең алдымен сиқырмен кiредi. Адам тәуiпке жақсы көрген немесе дұшпанының суретiн берiп, дуа жасауды сұрауы мүмкiн. Тәуiп өзiне қызмет етiп жатқан шайтанды шақырып, суреттегi адамға жындарды кiргiзедi. Сосын жын адамға күнә жасаған кезде кiредi, яғни, арақ iшiп, анаша тартқанда, зина жасағанда, таза емес жерлерде жүрген кезде жабысады. Сондай-ақ адам қатты шошынған немесе қатты қуанған кезде, адамның дене қызуы қатты көтерiлiп, бiрден түскен кезде де кiрiп кетуi мүмкiн.
Жын иектеген адамға дем салған кезіңізде қорықпайсыз ба?
Жын да Алланың жаратқан жаратылысы. Оны оттан, адамды топырақтан жаратқан. Алла жаратқан адамнан қорықпаймыз ғой? Сол секілді, жыннан да қорықпау керек. Қазір көптеген жерлестеріміз үйіне “үй иесі” (домовой) деген бар деп, соған арнайы сүт құйып жүреді. Бұл дұрыс емес. Үйді иектеген жынды аластау қажет. Қазір адыраспанмен аластайтындар бар. Адыраспан – емдік шөп қана. Ол мықты антисептік. Ол үйдегі микробтарды, вирустарды өлтіреді. Бірақ, жынды қуа алмайды. Сондықтан, үйде “үй иесі” (домовой) болса, ол жерге міндетті түрде Құранмен дем салу керек болады. Жындар да мұсылман, кәпiр болып екiге бөлiнедi дейдi.
Ол рас. Пайғамбарымыз жындарды үш түрге бөлiп берген. Бiрiншiсi – ауада ұшатын жындар, екiншiсi – жылан мен иттердiң суретiне енетiн жындар, үшiншiсi – әртүрлi бейнеге ене алатын жындар. Сондай-ақ иман келтiрген және иман келтiрмеген жындар бар. Оларды мұсылман және кәпiр жындар деп бөледi. Жалпы алғанда, жындар адамдармен қатар өмiр сүрiп жатқан мақұлықтар. Жейтiн тамақтары, iшетiн сулары бар. Мұсылман жындар пайғамбарымызға келiп: “Ей, пайғамбар, сенiң үмбеттерiң малдың сүйегiне, тезегiне дәрет сындырмасын. Өйткенi Алла сол сүйек пен тезектi бiзге тамақ қылып бердi” деген. Мұсылман жындардың тамақтары – “бiссiмiләмен” сойылған хайуандардың сүйектерi және тезектерi. Мұсылман жындар намаз оқиды, қажылық қылады.
Мұсылман жындардың адамға зияны жоқ па сонда?
Жындар қатты кекшiл келедi. Мұсылманы болсын, мұсылман емесi болсын, адамдар оларды басып кетсе, баласын өлтiрiп қойса, бiр бiлместiкпен зиян келтiрiп қойса, олар мiндеттi түрде кегiн алады.