Соңғы уақытта министр Ерлан Сағадиев те, ол басқаратын Білім және ғылым министрлігі де — ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналғаны жасырын емес. Министрді жақсы көретін де, жек көретін де, қолдайтын да, қарсы шығатын да ең негізгі электорат — мектеп мұғалімдері. Ол түсінікті де, деп жазады "Қасым"-Ақпарат" порталы.
Бірақ министр неліктен үнемі сұсты болып көрінеді? Әрине, ол басқаратын ведомство балабақша емес екені түсінікті. Дегенмен де қандай қауырт болса да, аудитория – бас ұстаздың риясыз күлкісін көргісі келеді емес пе? Министр жұртшылықтан жарқын күлкісін неге жасырады? Мүмкін ол мінезіне байланысты болар? Бұл сұрақтарға жауапты физиогномист-маман, психолог Айжан Төлендинадан сұрап көрген едік. Оқып көріңіз.
— Адамның мінез-құлқын бет-бейнесінен оқу физиогномист-маманның жұмысы. Яғни, ширыққан бұлшық еттерінен бастап ерніне дейін зер салсақ, адамның қандай екенін, қазір қандай көңіл-күйде жүргенін анықтауға болады. Министрдің бет-жүзі сұр, сұсты болып көрінгенімен — оны қатыгез деп айтуға келмейді. Мен қазір қолымда тұрған мына суретке қарап, адамның (министрдің) қас ұштарына, ұзындығына, көз ұшы мен формасына қарап ол кісінің — өте сезімтал, уайымшыл, темпераменті салмақты әрі консервативті адамға келетінін айтқым келеді. Көз — жанның айнасы десек, ішкі бұрыштарына зер салсақ, оның (министрдің) өз принциптеріне берік екенін көрсетеді. Қастардың бір бөлігіне және өсу бағытына қарап, бұл адамды агрессияға итермелеу өте қиын екенін айтқым келеді.

Енді министрдің сөйлеу мәнеріне, және «буын бөлшектеуін», яғни мәлімдеме жасамас бұрын, публикаға шықпас бұрын — тосыннан емес, тыңғылықты дайындалатын адамға ұқсайды. Сөйлеу кезінде С, К, Ж әріптерін тыңдап көріңіз, темберде секем бар. Демек, «мынаны айттым, кешегі ойластырып отырған ана мәліметті айтуға ұмытпауым керек» дегендей. Ол кісі өз принциптеріне қанша берік болса да, кейбір идеялары сынға ұшыраса, аргументтерді зерделеп шығып, бас тартуы мүмкін. Көздің «ашылып-жабылу» жиілігіне қарап, конфликт тудыратын адамға ұқсамайды. Сөйлеген кезде «дауыс толқынын» тыңдап көріңіз 0,004 дБ-ден аспайды. Демек, бұл кісі өз қол астындағы адамдарға дауыс көтермейді. Тіпті қызметкері бір нәрсені 3 рет сұраса да, ашуланбай, жауап беруден бас тартуы мүмкін, бірақ дауыс көтермейді.
Енді неге күлмейді деген сұраққа келсек — оның әртүрлі себептері болуы мүмкін. Мен оның барлығын тарқатып, таратып айтқым келмейді. Министр деген аты болмаса, ол да адам. Бірақ, мысалы үшін менен айырмашылығы — ол үнемі обьектив назарында. Оның көңіл-күйі — қоғамның да көңіл-күйіне әсер ететіні жасырын емес. Сондықтан, сол тараптан да назар аударған дұрыс болар еді. Менің ойымша, министрдің имиджмейкерлері өте әлсіз. Тіпті олар болмауы мүмкін.
Міне, министр мектептің ашылуына қатысып отыр — жымиғаны болмаса, қуанышын жасырып тұр.

Міне, министр, көрмені аралап отыр — оқушыға осылай қараса, әрине, ана шәкірт айтар сөзін ұмытып қалмағанда, қайда барады.

Әлбетте, министр цирктің директоры емес, күнде елді мәз-мейрам қылатын, түсінеміз. Бірақ ол жүздеген ректорға ректор, мыңдаған директорға директор, миллиондаған оқушы үшін бас ұстаз екенін естен шығармауы тиіс.
Сондықтан имидждің кей тұстарына да көңіл бөлген дұрыс болар еді. Имидж деген киім емес, түр-әлпет. Баяғыда мына кітап неге есімде қалды, неге оқығым келді — өйткені мұқабадағы Кенжеғали Сағадиев сенім ұялатып тұрды. Тіпті соңғы рет Президентпен кездескен кезде де күлкісінен тамаша энергетика есіп тұрды.

Білім министрінің де қолынан келмейді емес. Қазақстан өз министрінің мына бейнесін күнде болмаса да, жиі көргісі келеді.
