КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫҢ АЛАШТЫҢ ҒАСЫР ТОЙЫНДА ӨТУІНДЕ СИМВОЛИЗМ БАР

/uploads/thumbnail/20170823090142695_small.jpg

Тарихи ойға салатын болса, бүгінгі Конституциялық реформалар жүз жыл бұрын үзіліп қалған Алаш Арыстарының Конституциялық жобаларының жалғасы. Кешегі телекөпірде ҚР Бас прокурорының аса маңызды ісі бойынша бас көмекшісі Қабылсаят Әбішев өте қызық ой айтты: «Қазақ қоғамында жүз жылдан бері конституциялық идея келе жатыр. Жүз жыл бұрын қалыптасқан идея үзіліп, тоқтап қалып, өсіп дамып кележатқан идея». Прокурор мырза Барлыбек Сырттановтың «Қазақ елінің уставын» меңзеп тұр.


Мысалы, атышулы 26 бапқа ұқсастықтары бар. Айталық, жиырма алтыншы бапта «әркім» деген сөз қолдануды ұсынса, Сырттановтың конституциялық жобасының 17 бабында «Адам баласының мүліктің барлық түріне ие болуға құқы бар» деп «Адам баласы» деген мәнге маңыз берілген. Бірақ, ол кезде Алаш Арыстарына «жерді шетелдіктерге сатайын деп жатыр» деген айып тақпаған, себебі Билік пен Ұлт бірлігі сақталған еді. Ғасыр бұрын жасалған конституциялық жобаның 6-шы бабында «Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.» делінген. Бұл қазіргі 44 баптың 3 тармағына ұқсайды.


Ал Сыртановтың 7 бабында көрсетілген «Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады» деген ойы бүгінгі өзгеру үстіндегі 64 баптың 2 тармағына ұқсас.
Жалпы бүгінгі Конституциялық реформалардың түпкі мән мағынасын жүз жыл бұрын тұжырымдап, былай көрсеткен болатын «9 бап. Қазақ жерінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады».
Алаштың тарихи құжаттарында парламентті жергілікті земс­тволар сайлайтыны туралы көрсетілген. Земство қазіргі тілмен айтқанда жергілікті басқару. Алашордашылар земствоны халық сайлауы керек деді. Алаш Орда Үкіметі халықтың сеніміне ие жергілікті өзін-өзі басқару билігіне сүйенді. Әлихан Бөкейхан былай жазды: «земство кез келген мемлекеттің – кірпіші, өзегі. Өйткені земствоның шешпейтін мәселесі жоқ, аурухана, мектеп, теміржол тіпті малды қалай ұстайды, соның бәрін шешетін земство». Жүз жыл бұрын жазылған осы конституциялық тезистер бүгінгі Конституциялық реформаның «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» бөлімімен қабысып жатыр деуге болады.

 

Ақан Бектас

Қатысты Мақалалар