ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІ – ЕГЕМЕНДІ АЛАШ ҮКІМЕТІ КҮРЕСІНІҢ ТІКЕЛЕЙ НӘТИЖЕСІ

/uploads/thumbnail/20170709215027543_small.jpg

Қазақстанның қазіргі Тәуелсіздігі, Егемендігі Алаш Үкіметінің жүз жыл бұрын қасық қандары қалғанша күресуінің тікелей нәтижесі!

«Көлде жүрген қоңыр қаз – шөл қадірін не білсін, шөлде жүрген дуадақ – көл қадірін не білсін. Атамыз Қазақ қадір-қасиетке байланысты айтқан мақалдары көп қой. Тәуелсіздік жолында аянбай, ұлт қамына керек десе жанын аямай қызмет істеген Алаш қайраткерлерінің қадірін ұғыну үшін, сол кездегі халықтың жағдайын білуіміз керек. Сонда ғана, Алаш арыстарының қылған еңбектеріне бүгінгі ұрпақ қаншалықты қарыздар екенін, терең ұғына аламыз.

Сол оймен Мәмбет Қойгелді ағамыздың «Алаш қозғалыс» кітабында келтірген дерекке көңіл қойсақ: Міржақып Дулатов 1928 жылы ОГПУ тергеуіне берген жауабында: «Ол жылдағы қазақ халқының қараңғылығын айтып жеткізу қиын. Қазақ бұқарасы губернаторлар мен уез бастықтарын айтпағанда төменгі урядниктің алдында діріл қағып, адам төзгісіз қорлыққа шыдады, оның бұл халге жетуіне өз арасынан шыққан надан тілмаш-чиновниктер болыс басқарушылар және басқалары өз үлестерін қосты, ауыр салық, зорлық, парақорлық, өсек тасу үйреншікті көрініске айналды; қазақ әйелі күң жағдайында болды, ең құнарлы жерлер ешқандай да есепсіз қоныс аударушыларға алынып берілді, ал қазақтар болса шөлге ығыстырылды; патша үкіметі мектептер аштыруға бас-көз қамқоршы болудың орнына, қазақтарға өздері жиған қаржыға мектеп, үйін тұрғызуға тыйым салды; мектеп ашуға әрекет жасағандар Якут облысына жер аударылды, (мысалы Қосшығұлов, Науан қазірет т.б) дәрігерлік көмек жөнінде халықта түсінік те болған емес. Қазақ жұрты кез келген орысты жау санады, сондықтанда: «Сары орыстың бәрі орыс» немесе «Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын» деген мақалдар шықты; ұлтаралық араздар қолдан жасалынды және түрлі шаралармен күшейтіліп отырды; егер қоныс аудара келген орыс шаруасының аты жоғалса, ол атты көрші қазақ ауылы төлеуге міндетті болды... Алым салық ауыртпалығы кедей-кепшікке түсті, оны төлеуде жүздеген бас айдаған бай мен 5-10 бас айдаған кедей теңгерілді. Қазақ елі, міне, осындай түнекте ғұмыр кешті. Патша өкіметінің отаршыл саясаты гүлдеу шегіне жетті. Осының бәрін көре тұрып өзімнің азын-аулақ біліміме қарамастан, қолымдағы барыммен ар-намысы аяқ асты болған, сорлы халқыма көмектесуді өз борышым санадым...»- делінген .

Бұл жерде ең бастысы тарихымызды білуіміз керек, сол арқылы Тәуелсіздік қадірін ұғынып, соны сақтап қалу жолында әркім Міржақып атамыз айтпақшы қолындағы барымен қызмет ету керек. Сөз соңында Франция тарихшысы Жюль Мишленің сөзімен аяқтасақ: «Егер кімде-кім тек қазіргі, бүгінгі күнді ғана құрмет тұтып, сонымен өмір сүргісі келсе, онда ол бүгінгіні бағалай алмағаны».

Рауан Бұғыбаев

Қатысты Мақалалар