Дәулетбек Байтұрсынұлы. «АЛАШТЫҢ» рухы өшпейді (толғау)

/uploads/thumbnail/20170709215040394_small.JPG

Жәнібек, Керей кеше «Қазақтаса»,

Болған жоқ бір жолата азап, таса.

Ерлері қайтіп қана шыдар дейсің?

Дұспандар араға сап азаптаса!..


Жеріне салса келіп бекінісін,

Толтырса қан жосағып  бесік ішін...

Сұлуын іргесінен сүйреп шығып,

Қазақтың қалыңдатты өкінішін.


Жайлауын, жайылымын, өзен-көлін,

Тартып ап бұйыртпаған өз еңбегін.

Қол салса қойыныңа көрпеңді ашып,

Басынған қорлығына төзер ме едің?!


Сол кезде атқа қонды Алаш арлы,

Өйткені жүрегіне жара салды.

Қолына туын алып тұран жұрты,

Жолына құрбан етіп бала,  шалды...


Өрт етті жау табаны тиген жерді,

Дінсіздің нәжісіне иленді елі.

Ұран сап қазақ жұрты «Алаш!»-деді,

От қару, қан-қанжардан именбеді.


Алаштың ар бар еді тамырында,

Тектілік ашытқысы қамырында.

Ұйыған Иманы бар жүрегінде,

Болса да қазақ күпі қабығында!


Оқыған топ бастады көсемдерім,

Кетпесін жатқа деді кесеңдегің!

Көзіне шұқып тұрып көрсетті олар,

Жүргенін қылыш сүйреп осы елде кім.


Кескенмен кер заманда басымды мың,

«Алашым» тұншыққанмен ғасыр бұрын.

Ұлт рухы өшкені жоқ, сөнгені жоқ,

Бәрінің тамыздығы асыл дінім!


Игерген сан ғылымды азық етіп,

Иманды терең қаққан қазық етіп.

Елдікті құрайық деп  атқа мінген,

Шағында кетпей тұрып жазым өтіп!..


Қамалып тар қапаста батыр өтті ер...

Түледі, қайта туып қасіретті Ел.

Шам жаққан санасына Алашымның,

Әлихан, Міржақып пен Ахыметтер!..


«Мен өскен ойпаң жерге аласа ағаш,

Демеймін жемісі мол тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сендікпін,

Ала бер қажетіңе жараса, Алаш!».


Деген жан ұмытылмас санамыздан,

Ерлігі артық болған сан аңыздан.

Отаршыл империя боздақтарды,

Бауыздап байтақ жерде қан ағызған.


Ендеше шықпақ емес жадымыздан,

Даламыз аршылуда қары-мұздан.

Біз деген алсындаған өркендерміз,

Туралмай тірі қалған Жадыңыздан.


Тарихым сабақ болсын бүгінгіге,

Қараймыз имандыға, білімдіге.

Осынау дербестігім баянды боп,

Үскірік шалмаса екен бүрімді де!..


Арманы орындалды ғасыр аттап,

Бақ келді, тәуелсіздік астыма Тақ.

Туым көк, тұғырым жер, Астанам нұр,

Жарқыра «Алаш» рухы асыл, әппақ!

Қатысты Мақалалар