Қазақ тілі Мәңгілік Елдің - мәңгілік тіліне айналды. Тіл мәселесін біз даудың емес, ұлттың ұйытқысы үшін пайдалануымыз керек.
- Н.Назарбаев.
Басынан дау арылмаған Білім және Ғылым министрлігі қазақтың баласын ғалымдардың тәжірибеге арналған тышқанындай көре ме қайдам, ақылға сыймайтын бағдарламалар жасаудан шаршамай-ақ қойды.
Тарих пен тілге деген шабуыл бір ай бойы күн тәртібінен түспей тұр. Академиктерді атқа қондырған, ұлтшылдарды өре түрегелткен министрліктің бетінен қайтар түрі жоқ. Енді тіпті басқа шығып, ұлттық біріңғай тесттен Қазақ тілін алып тастапты. Қазақ тілі сұрақтары бұдан былай тест тапсырушыларға «Оқу сауаттылығы» деген пәннің ішінде ішінара кезігеді екен.
Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов «Қазақ тілінің» ҰБТ-дан ресми алынып тасталғанын мәлімдей отырып, «Мен орыс мектебінде оқимын делік. Сонда, енді маған ұлттық бірыңғай тестілеуде қазақ тілін тапсыру міндетті емес пе?» деген журналистің сұрағына «міндетті емес» деп жауап берген.
Қазақ тілінің көсегесі Советтік кезеңнен кейін «қазақ тіліне» аз да болса мәртебе берген 1989 жылғы Тіл туралы заң шыққалы бері отыз жылдай уақыт өтсе де көгермей-ақ қойды.
«Қамшы» порталында бұған дейін жарияланған «КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ОРЫС ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІ АЛЫНЫП ТАСТАЛСЫН!» атты мақалада төмендегідей деректер келтірілген:
Тіл туралы заң қабылданған 1989 жылы халық санағы бойынша республикада қазақтар – 39,7%, орыстар – 37,8%, украиндар – 5,4%, белорустар – 1,1%, немістер – 5,8%, татарлар – 2,0%, өзбектер –2,7%, ұйғырлар – 1,1%, кәрістер – 0,6%, әзірбайжандар –0,6%, басқа ұлт өкілдері –3,8% еді. Яғни, Қазақтар мен орыс диаспорасы өкілдерінің үлес салмағы қарайлас еді. Ол кезде екі тілдің бірдей заңдық мәртебе алуы қисынға келеді.
2009 жылғы халық санағында ресми түрде Қазақстандағы жалпы халық санында қазақтардың үлесі 63,9 пайызды құрады. Егер, Қазақстан халқының 1999 жылы 53,4 пайызы Қазақтар екенін есепке алар болсақ, арада он жылда 10% үлестік өсімді көруге болады. Ал, орыс диаспорасы 1989 жылғыдан айтарлықтай азайып, 1999 жылы 30,0%-ға төмендеген. 2005 жылдың басында Қазақстан халқының саны 15 миллионнан асып, ұлттық құрамы төмендегідей болды: қазақтар саны-8,725,206 адамға жетіп, үлесі 57,9 %-ға көтерілді. Сол санақ болған 2009 жылдан бері де он жылға жуықтап қалды. Шеттен келген оралмандар мен жергілікті демографияның өсімін және үлестік басымдылықты есепке алар болсақ, қазір Қазақстандағы халықтың 75%-і қазақтар деп еркін түрде топшылауға болады.
Сонымен қоса, қазақстандық орыс диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін түсінеді, 8,8 пайызы оқи алады, 6,3 пайызы жазады. Еліміздегі диаспоралардың өкілдері әлі де өздерінің, не ұрпақтарының тарихи отандарына қоныс аударғанын қалайды. Мәселен, «Сіз, өз балаларыңыздың болашағын қазақ елімен байланыстырасыз ба?» — деген сауалға, қазақтардың 96,9 пайызы, орыстардың 53,5 пайызы, басқа диаспора өкілдерінің 78,5 пайызы -«иә» деп жауап берген.
Осы деректерге қарап отырып, ҰБТ туралы жаңалықтың қазақтардың ғана емес, Қазақстан халқының болашағы үшін аса тиімсіз екенін ескертейік. Себебі қазақ тілінде білім алуға, қазақ тілінде сөйлеуге қазақтардың ғана емес Қазақстанда тұратын барша ұлт пен ұлыстың ынтасы бар.
Оның үстіне, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында «Қазақ тілін» дамыту үшін миллиардтаған теңге бөлді. Қыруар бағдарламалар қабылданды. ҰБТ-дағы өзгеріс осының бәрін бір-ақ сәтте жоқ қылмақ. Себебі, біз мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тіл талабын қоймаймыз. Мемлекеттік тіл туралы жалпықазақстандық жалғыз сынақ осы Ұлттық біріңғай тестілеу жүйесі болатын.
Олай болса, Байырғы қазақ халқының территориясы болып саналатын Қазақстанға президент болуға үміткерлер үшін де мүмкін Мемлекеттік тіл туралы талапты алып тастайтын шығармыз... Біздің елдігіміз қайсы, мемлекеттік бостандығымыз қайсы? Ұлттық ерекшелегіміз қайсы?
Сөздің қысқасы – Жер мен Тіл, осы жерді бүгінге аманаттаған бабалар тарихы қазақтың ең асыл қазынасы, қасиетті бойтұмары. Осыған кімде-кім қол сұғатын болса, қазақ тырып етпей үйінде отыра алмайды. Былтырғы «Жер дауындағыдай» жалпықазақстандық толқулар орын ала бастауы мүмкін. Сондықтан да, аталған өзгеріс қайта қаралуы керек.
Нұрғали НҰРТАЙ
Пікір қалдыру