2017 жылдың 6 сәуірінде «Атакент-ЕХРО» көрме орталығында «ІХ халықаралық кітап және полиграфия көрме-жәрмеңкесі» өтті. Көрмеге әр баспа үйі басып шығарған кітаптарын ұсынумен қатар, көрме десе көруге құмар көпшілік тарихи оқиғаның куәгерлері болып қайтты. Тәуелсіздіктің символындай болып кеткен «Көк тудың желбірегені» атты әннің сөзін жазған, сөзіне бүкіл елге, Отанға деген сан жылдық сағынышын жазған Ахметбекұлы Алмас мырзаның «Сардар» баспа үйінен 1000 дана таралыммен жарық көрген «Көк тудың желбірегені» атты жыр жинағының тұсауы кесіліп, бесігі тербетілді. Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, «Сардар» баспа үйінің директоры Әділ Қойтанов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай мырзалар сыйлы қонақ болып, әдебиет, өлең сүйер қауымға Ахметбекұлы Алмас мырзаның төл туындысы жайлы өз пікірлерін жеткізіп, лебіздерін білдірді.
Қабдеш Жұмаділов мырза : «Алмастың арғы ұстазы М.Дулатов, бергіде пір тұтқан ақыны Ж.Нәжімеденов. Екеуі де осал емес. Жалпы «Көк тудың желбірегені» өлеңін Міржақыптың «Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш» өлеңінің қасында тұрсын деп жарыса жазған дерсің...»,-дей келе, бүгін тұсауы кесіліп жатқан кітаптың таралымы 1000 ғана дана»,-деп баспа ісінің білікті мамандарын құлақ қағыс етті.
«Тәуелсіздіктің қарлығаштары ұшқан кезде елге оралғандардың алғашқыларының бірі болып келген кісі Ахметбекұлы Алмас бауырымыз. Марфуға (Марфуға Айтхожина), Қабекеңдер(Қабдеш Жұмаділов) , Ахметбекұлы Алмас - қазақтың әдебиетіне, поэзияның мұхитына тап-таза бір мөлдірін алып келген тұлғалар»,-деп сөз сөйледі Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай мырза.
«Сардар» баспа үйінің директоры Әділ Қойтанов мырза : «Кітапты екінші рет басып шығаруымыздың басты себебі- халықтың сұранысы. Алмекеңнің өлеңдерін қайдан алсақ болады деп іздеп келушілердің көбеюіне байланысты және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай әкімшіліктің шешімімен басып шығарып отырмыз...Әлі де жазарың көп болып, кітабың том-томға айнала берсін»,-деп тілегін білдірді сөзінің соңында.
«...Жалғыз Отан, көтеремін арқама
Болмасам да жауырынды,еңселі.
Жалғыз Отан, көтеремін төбеме,
Төбем биік болмаса да тым ерен...» деген өлең жолдарын автордың өз аузынан етігендегі сезім өзгеше... Еңсеңді биіктетіп, абыройыңды асқақтатып, Тәуелсіздікті тірек етіп , Отанды сүюге, Туған жердің қасиеті мен қасиетті ұлдарын құрметтеуге басшы болатын жақұтты жырлары әр бір қазақтың жүрегінен орын алатыны белгілі...
«Әр шумағым –соғып тұрған жүрегім» деп жырлаған ақынның жырлары өткен күннің хабаршысы ғана емес, кемел келешектің көрінісі іспеттес...
Қамшыгер: Айгерім Таубай