Үстіміздегі жылдың 22 наурызында «Қамшы» ақпараттық агенттігінің бетінде «Маңғыстау облысында ірі шенеунік ұрылармен сыбайлас болған» деген атаумен мақала жарияланған.
«Қамшы» еркін ой-пікір алаңы болғандықтан редакция поштасына хат жолдап, мәселе көтеретіндер аз емес. Материалды жіберушілер сайт поштасына ақпарын анонимді түрде жіберген. Сондай-ақ материалда нақты автор көрсетілмеген. Келген хаттың Елбасы Н.Назарбаев, ҚР Бас прокуроры Ж.Асанов, ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаевтың, Қасымов пен Мәсімовтың, Маңғыстау облысының жаңа тағайындалған әкімі, т.с.с. құзыретті билік басындағылардың барлығының назарына жазылғандығы журналистке материалды жариялауға негіз болған.
Алайда, материалда аты аталған шенеунік Маңғыстау облыстық ІІД ӘКБ Жол жүрісін бақылау бөлімшесінің бастығы Еркін Дегениязов "Қамшы" ақпараттық агенттігінің меншік иесі «Qamshy Media» ЖШС үстінен шағым түсірді. Осыған байланысты бүгін, 7 сәуірде Алматы қалалық Медеу аудандық сотта Дегениязовтың шағымын қараған сот отырысы өтті.
Сот шешіміне сай, «Qamshy Media» ЖШС полиция подполковнигі Еркін Еділұлынан оны қаралайтын негізсіз материалды жариялағаны үшін ресми түрде кешірім сұрайды.
Әрі Еркін Еділұлының талапкер ретінде сотта сұраған төмендегі шарттарының орындалғанын хабарлайды.
- «Маңғыстау облысында ірі шенеунік ұрылармен сыбайлас болған» атты материал сайт бетінен алынып тасталды.
- Материалды анонимді жіберушінің мәліметі талапкерге берілді.
Түсіндіре кететін болсақ, дауға өзек болған материал сайт поштасына Наурыз мерекесі күні келіп, кезекші журналист тарапынан байқаусызда жарияланып кеткен. Материал жариялана сала қоғамда дүмпу туғызды. Анонимді ақпарды жариялаған сайт ұжымы Дегениязовтың қызметтік беделіне нұқсан келтіруді көздемеген. Алайда, құзырлы орындарға бағытталған материал ішінде полиция подполковнигі Дегениязовты айыптау белгілері бар. Материалды жазылушылар оны "ұрылармен сыбайлас" деп дәлелсіз қаралаған. Сондықтан да сотқа жүгінген талапкер Дегениязовтің талап-арызы бойынша «Қамшы» ақпараттық агентті сот шешіміне келісіп, сот алдында қателігін мойындап талапкердің талабын орындады.
«Қамшы» ақпараттық агенттінің Бас редакторы
Жазира Байдалы