ҚМДБ мешітте туған күнін жасаған Қарақат Әбілдинаға қатысты жауап берді

/uploads/thumbnail/20170710011411683_small.jpg

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітте туған күнін өткізген Қарақат Әбілдинаға қатысты жауап берді, деп хабарлайды "Қамшы" ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Жуырда әнші Қарақат Әбілдина тарапынан «Әзірет Сұлтан» мешітінің төменгі қабатында орналасқан мейрамханада қыз-келіншектермен сырласу кешін өткізу туралы өтініш түсті. Небары 30-дан астам әйел жамағаты жиналған кездесуде Құран оқылды, уағыз-насихат айтылды, салт-дәстүрге сай жоралғылар орындалып, ғибратты толғау-термелер шырқалды.

Алайда жиын соңында туған күнді атап өтіп, шараны әншінің эстрадалық әнімен қорытындылау туралы келісім болмаған. Өйткені, мұндай үрдіс – мешіт әдебі мен тәртібіне қайшы. Бұл мәселе ұйымдастырушыларға түсіндірілуде.

Айта кетер нәрсе, мешіттің төменгі қабатындағы мейрамханада дін мен дәстүрге сай рухани кештер мен ізгілікті іс-шаралар, құдайы астар, тілашар, балаға ат қою, тұсаукесер сынды ұлттық мерекелік рәсімдер ұйымдастырылып тұрады.

Бір айта кетерлігі, мұндай игілікті басқосулардың дауысы мен дыбысы негізгі құлшылық залына естілмейді, - делінген хабарламада.

Қатысты Мақалалар