Түсірілім осы жылдың қазанында басталып, 2018 жылдың желтоқсанында премьерасы өтеді деп жоспарлануда. Жоба авторлары – Әлия Назарбаева мен Тимур Жақсылықов.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш. Айманов атындағы Қазақфильм «Сатайфильм» компаниясымен бірігіп сақтардың патшайымы – ұлы Томирис жайында тарихи фильмнің жұмыстарына кірісіп кетті.
Фильмнің сюжеті біздің эрамызға дейінгі VI ғасырдағы Томирис патшайым басқарған сақтар тайпасы жайында өрбімек. Нақтырақ айтқанда, Томирис патшайымның ұлы даланы жаулау мақсатында парсы патшасы Кир ІІ-ге қарсы тойтарыс беріп, жанын алғаны суреттеледі.
«Халықтар арасындағы жорықтардың ішіндегі ең үлкені осы болды» деп жазған тарихтың атасы Герадот.
«Томирис жайында фильм түсіру идеясі Әлия Назарбаеваныкі. «Анаға апарар жол» жобасы бойынша жұмыс істегеннен кейін, оның ұсынған келесі жобасы бойынша жұмысқа үлкен жауапкершілікпен кіріспекпін. Біз сценарий жазу, жобаның нақты жоспары, түсірілім тобын қалыптастыру, тарихи деректерді іздену сынды дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік», дейді аталмыш картинаның режиссері Ақан Сатаев.
Жақын арада республикалық кастинг жарияланатын болады. Актерлерден талап етілетін дүниелер: атпен шаба алу, садақпен ату, сондай-ақ әскери қабілеті де болуы тиіс. Түсірілім 2017 жылдың қазан айында басталады, ал, 2018 жылдың желтоқсанында көрермен назарына ұсынылады. Тарихи жобаның авторлары – Әлия Назарбаева мен Тимур Жақсылықов.
Томирис жайында фильм халыққа үлкен қызығушылық тудыратынына Ақан Сатаев сенімді.