Украинаның қауіпсіздік қызметі (УҚҚ) Киев қаласында адам ағзасын сатушыларды құрықтады деп хабарлайды «Қамшы» ақпараттық агенттігі УҚҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Украинаның қауіпсіздік қызметі Киев қаласының процессуалды сотымен біріге отырып, адам ағзасын сатумен айналысатын халықаралық қылмыстық топ мүшелерін тұтқындады», - делінген мәлімдемеде.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, украиндық және өзге де елдердің азаматтары елдегі жағдайы төмен отбасыларды тауып, олардың мүшелеріне өз ағзаларын сату туралы ұсыныс тастаған. Өз істерін жасыру мақсатында олар халықаралық денсаулық туризмі бағытында жұмыс жасайтын коммерциялық ұйым ашқан. Оларды шетел асырып, ота жасату мақсаты көзделген. Жылына 4-5 украиндық шетелге шығып отырған.
Ағзаға тапсырыс берушілерден сексен мың мен жүз мың АҚШ доллары көлемінде ақша алып, оның тек он бес мыңын ағзасын берушілерге ұстатқан.
Қылмыстық топтың тек алты мүшесі ғана ұсталған. Енді олар 8-15 жыл көлемінде бас бостандығынан айырылады.
Қылмыстық іске байланысты тергеу әлі де жалғасуда.