Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болды. Өңір басшысы ең бірінші құрылыс материалдарын, терезе блоктарын, жиһаздар швғаратын, сол сияқты көлік тасымалымен айналысатын кәсіпорынға ат басын тіреді.
«Егер құрал-жабдық заманауи, соңғы болса, оны жұмысбасты қылу керек. Жақсы дизайнерлерді, жаңа технологияларды қатыстыру арқылы оны қалай істеуге болатынын бірге ойластырайық. Қазақстанда тұтастай алғанда жиһаздар фабрикасы көп емес екенін біз білеміз. Олар - жаңа заманауи жиһаздар шығаратын алматылық, оралдық кәсіпорындар. Сондықтан осы секторға кету керек. Логистикалық орталыққа келетін болсақ, биыл Қорғанға баратын жол жөнделе бастайды. Екі жылдың ішінде оны толығымен жөндейміз»,- деді Құмар Ақсақалов.
Одан кейін өңір басшысы ұн өнімін өндіретін және өткізумен айналысатын «Мамлют ұн үгу комбинаты» ЖШС-да болды. Серіктестіктің бас директоры Анатолий Шрамко ұйым туралы толығырақ айтып берді.
«Құрал-жабдықтарымыз элеваторға түскен кез-келген астықты тазалауға мүмкіндік береді. Сапалы өнім шығару үшін, біріншіден құрал-жабдық, екіншіден шикізат пен жоғары білікті кадрлар керек. Солардың бәрі бізде бар. Сондықтан ең жоғары сапалы өнім шығаруға дайынбыз»,- деді Анатолий Шрамко.
Әңгіме барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов біздің өңір үшін экспорт өте маңызды екендігін сөз етті.. Осы жағдайда облыс өнімді аз көлемде өңдейтіндігін және аз экспорттайтындығын Құмар Іргебайұлы атап айтты.
Мамлют ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында әкім Ерболат Бекшенов баяндады.
«Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 8 жоба болды. Оған 267 млн. теңгенің қолдауы көрсетілді. Бірінші тоқсанда 3 өтінім берілді. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасуда. 2015 жылы еңбекақы 68000 теңге болса, 2016 жылы 80500 теңгені құрады. Өсім 104,8 пайыз. Ауыл шаруашылығы бойынша тұтастай алғанда 79700 теңгеден 83500 теңгеге өсті. Көктемгі-дала жұмыстары бойынша жалпы алқап 196 мың гектар, пар – 21 мың гектар, егістік алқап – 175 мың гектар. Дәнді дақылдарды 117 мыңнан, 105 мың гектарға азайттық, майлы дақылдарды 14 мыңнан 21 мың гектарға көбейттік», деді Ерболат Бекшенов.
Осы жерде Құмар Ақсақалов агроқұрылым басшыларымен кездесіп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өзекті мәселесі болып табылатын техникалармен қамтамасыз етілу, органикалық астық өсіру және технологияларды сақтау жағдайларын талқылады.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша Мамлют ауданы бүгінгі күні көш соңында келеді. Тартылған инвестиция да ауданда аз. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бір жоба да іске асқан жоқ. Неге? Оған барлық аудандар қатысуға тиіс. Тауарлы сүт фермаларын, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы айтудамыз. Бұл - жұмыссыз жүрген адамдардың жұмыс табуына, салық төлеуіне жағдай жасайтын тетіктер Оны сіздермен бірге ғана шешуге болады. Оған мемлекет жалғыз қатыса алмайды. Сондықтан сіздерден әлеуметке бағдарланған бизнес жүргізуді сұраймыз»,- деді өңір басшысы.
Мал шаруашылығы саласын дамыту жайын сөз ете келіп, оған толық көлемде барлық мүмкіндік бар екенін атап айтты. Оның ішінде мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктері де бар. Өз кезегінде, жаңа шаруашылықтардың ашылуы өңірдегі өзін-өзі қамтамасыз ететіндер мен жұмыссыз тұрғындар санын едәуір мөлшерде азайтуға жағдай жасайды. Басқаша айтқанда - солтүстікқазақстандықтардың хал-ахуалын жақсартады.
Облыс әкімі биыл бірінші рет элиталық тұқым алу демеу қаржыландырылатындығын да атап өтті.
«Біздің жоғары сапалы астық алуымыз үшін барлық жағдайлар жзасалуда»,- деді Құмар Ақсақалов.
Кездесу соңында өңір басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қапталда қалып қоймай, су тасқыны кезінде тұрғындарға көмек көрсетуге шақырды. .