19 мамырда Қазақстан баспасөз орталығында «Алтын калам» әдеби жүлдесінің ұйымдастыру комитеті және “ZHERSU” инвестициялық-өндірістік корпорациясы Балалар жазушыларына арналған Халықаралық «Дарабоз» байқауы мен «Алтын қалам» жүлдесінің біріктірілгенін, сондай-ақ Есенқұл Маманұлы атындағы жыл сайынғы сыйлықтың берілетінін жариялады.
«Алтын қалам 2017» әдеби жүлдесі Бауыржан Оспанов жетекшілік ететін «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының, сондай-ақ Арман Шораевтың, Қазақстан баспасөз орталығының, «Аруна» баспасының қолдауымен өтеді.
«Алтын қалам 2017» әдеби жүлдесінің бас ақпараттық серіктесі «Русское радио». Сондай-ақ «КТК», «31 телеарна», «Айқын», «Жас алаш» басылымдары ақпараттық қолдау көрсетеді.
Биыл алғаш рет «Дарабоз» байқауы «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің шарттары бойынша өтеді. Жеңімпаз “ZHERSU” инвестициялық-өндірістік корпорациясы атынан 1000000 теңге сыйлық алады. Сонымен қатар, Есенқұл Маманұлы атындағы сыйлықтың иегері 1000000 теңгеге ие болады. Бұл сыйлық биыл Алашорда тақырыбына жазылған үздік шығармаға беріледі.
Биылғы шара Алашорданың 100 жылдығына арналады. Байқауға қазақ және орыс тілінде жазылған жұмыстар ақпанның 17 бастап, қыркүйектің 15-не дейін қабылданады. Оқырмандар қыркүйек айының 30-не дейін дауыс бере алады. Әдеби туындыларды ұйымдастыру комитетінің adebiet2014@gmail.com, kenze2002@mail.ru электрондық поштасына жолдауға болады. Конкурс жайлы толық мәліметті жүлденің www.akalam.kz ресми сайтынан біле аласыздар. Сайысқа түскен барлық шығарма аталған сайтта орналастырылады. Оқырмандар төмендегі аталымдар бойынша дауыс береді:
1. Жылдың үздік поэзиясы
2. Жылдың үздік прозасы
3. Дарабоз. Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер шығармасы
4. Есенжол Домбаев атындағы жылдың үздік сатирасы
5. Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы
6. Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы
7. Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін
8. Шетел авторының үздік шығармасы
9. Есенқұл Маманұлы атындағы сыйлық «Алашорданың 100 жылдығы» тақырыбына арналған үздік шығармаға беріледі.
Алғашқы кезеңде шығармалар www.akalam.kz веб-сайтында іріктеледі. Оқырмандар өзіне ұнаған жұмысқа дауыс бере алады. www.akalam.kz сайтындағы онлайын-дауыс беру 7 ай бойы жалғасады. Дауыс беру аяқталған соң, әр аталым бойынша 5 шығарма таңдап алынады. Сайыстың екінші кезеңіне оқырмандар тарапынан ең көп ұпай жинаған шығармалар өтеді. Одан кейін жүлдені ұйымдастырушылар мен жоба серіктестерінен құралған қазылар әрбір номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Өткен жылдардағыдай сайыс барысында шығарма авторлары көрсетілмейді.
«Алтын қалам 2017» әдеби жүлдесі жеңімпаздарының есімдері күзде өтетін марапаттау шарасында жарияланады.
«Білімге, өнерге құмар өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін Қазақстан әдебиетін дамыту және бүгінгі авторларды қолдау керек. Бізге өз халқының дәстүрін, құндылықтарын құрметтейтін тәрбиелі жас ұрпақ керек. Адамның рухын көтеретін, шабытын арттыратын кітап. Сондықтан балалар жазушыларына арналған Халықаралық «Дарабоз» байқауы мен «Жылдың үздік балалар шығармасы» аталымының біріктірілуі жаңа авторларды табуға септігін тигізіп қана қоймай, олардың кең танылуына, жас оқырмандар табуына жол ашатынына сенеміз», - деді байқауды ұйымдастырушылардың бірі Кенже Жұманұлы.
Айта кететін болсақ, Балалар жазушыларына арналған «ДАРАБОЗ» байқауы 2006 жылы «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясымен бірлесіп ашылды. Басты мақсат – балалар жазушыларының мәртебесін көтеру және балалар әдебиетінің сапасын арттыру.
«Дарабоз» байқауына қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бұған қатысушылар тарапынан түсіп жатқан өтініштердің көптігі дәлел. Жүлде қоры 50 млн теңгеден асты. 11 жыл ішінде шамамен 1000 автор бәйгеге қатысты. Үздік шығармалардан жинақталған «Кәусар бұлақ» және «Чистый родник» кітаптары оқырман назарына ұсынылды. Жарық көрген кітаптар еліміздегі мектептерге және кітапханаларға тегін таратылды. Бұл жигнақтар оқушылар мен ұстаздарға, тәрбиешілер мен ата-аналарға және жалпы оқырман қауымға арналған.
«АЛТЫН ҚАЛАМ» әдеби жүлдесі
Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бей-жай қарай алмайтын, қоғамдық қызметтің әр саласында еңбек етіп жүрген Досым Сатпаев, Қуат Домбай, Кенже Жұманұлы, Расул Жұмалы және Айдос Сарым секілді азаматтар ақылдаса келіп, 2009 жылы «Алтын қалам» әдеби жүлдесін өткізу туралы бастама көтерген болатын. Мақсат – еліміздің рухани-мәдени дамуына Қазақстан азаматы ретінде өз үлесін қосу және жас дарындар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ету.
Кейін байқауды ұйымдастыру комитетінің құрамына «КТК» телеарнасының бұрынғы жетекшісі Арман Шораев қосылды. Сондай-ақ, ұйымдастыру жұмыстарына Татьяна Филипчик қолдау көрсетіп отыр. Үздіктерді анықтауға оқырмандардың ат салысуы байқаудың басты ерекшелігі саналады. Шығармаларды бағалау екі кезеңнен тұрады. Айта кететін жәйт, қазылар құрамында кәсіби қаламгерлер, әдебиетшілер жоқ. Көптің талқысына ұсынылған әдеби шығармалардың авторы да көрсетілмейді. Мұндай талаптар жүлденің әділ өтуіне кепіл бола алады. Айта кететін жайт, «Алтын қалам» байқау жұмыстарына жазушылар емес, оқырмандар баға беретін Қазақстандағы бірінші әдеби жүлде.
«Алтын қалам» ұлттық әдеби жүлдесі алғаш рет 2010 жылы ұйымдастырылды.
Ерекше атап өтетін жайт, «Алтын қалам» жүлдесінің ұйымдастыру комитеті саяси қылмыскер деп айыпталып, Қытай түрмелерінде 40 жыл отырған, «Қылмыс» атты 6 томдық кітапты абақтыда жазып шыққан, Қытай өкіметі тарапынан саяси себептерге байланысты қудаланған қазақтың арда азаматы, талантты қаламгер, бүкіл ғұмыры азаттық үшін күреспен өткен Қажығұмар Шабданұлын «Қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі үшін» марапаттады. Бұл Қажығұмар Шабданұлының туған жерінен алған алғашқы әдеби сыйлығы және осы сыйлықты ұйымдастырғанымызды мақтаныш етеміз.
2016 жылдан «АРУНА» баспасы «Алтын қалам» әдеби жүлдесімен ынтымақтаса бастады. Конкурсқа қатысушылардың бірі Тұмар Мұқаштегінің балаларға арналған «Шимай-шатпақ» кітабын баспадан шығарды. Енді баспа өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік балалар шығармасы» номинациясының үздік шығармаларының бірін кітап етіп шығаруды жоспарлап отыр.