Оңтүстік Кореяда бір топ отандасымыз тағы тұтқынға түсіп қалды, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.
КТК арнасының мәліметінше, елу шақты азаматты әуежай қызметкерлері бірден жертөлеге түсірген. Бірақ не үшін ұстағандарын ешкімге түсіндірмепті. Тек ұшақтан түскен бойда сұрақ-жауаптың астына алып, тар жерге қамап қойған. Әрқайсысы әртүрлі шаруамен барған қазақстандықтар осылайша 5 күннен бері жіпсіз байланып отыр.
Инчхон әуежайында жатқан бұл отандастарымыз Оңтүстік Кореяға әртүрлі шаруамен барыпты. Бірі саяхаттап, екіншілері жұмыспен, қалғандары жұмыс іздеп аттанғандар. Тіл білмейтін Қазақстан азаматтары тілмаш та таба алмай, бірнеше күннен бері аш жатырмыз дейді.
«Тек кәріс тілінде сөйлесіңдер дейді. Тілмаш жоқ болғандықтан тамақ сұрап іше алмай отырмыз. Біраз жігіттер ауырып жатыр. Күніне аздаған сусын мен жарты нан береді, болды», - дейді жертөледе отырған Жасұлан Әнуарбаев.
Жат елдің жертөлесіне қамалған отандастарымыз сол жақтан қонақ үйге тапсырыс беріп, қайтар билеттерін де алған екен. Бірақ 5 күннен бері қамауда қалып, шаш етектен шығынға баттық деп шырылдап отыр.
Ал еліміздің Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда тек 16 азаматтың барын растады. Қазір олардың мәселесімен сол жақтағы елшілер айналысып жатыр екен.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жат елде жіпсіз байланған отандастарымыз миграциялық заңды бұзғаны үшін Кореяға кіргізілмепті. Сондықтан, олардың бір тобы елге депортацияланған. Инчхон әуежайында әлі үш отандасымыз қалыпты. Олар Қазақстанға ертең қайтарылатын болады.