АЛАШТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА ЖЫБЫР ЕТПЕГЕН ШҚО ӘЛИХАННЫҢ ЕСКЕРТКІШІН ЖҰЛЫП ТАСТАЙДЫ

/uploads/thumbnail/20170710083524587_small.jpg

Бүгін Семей қаласында Берікхан Жұмаділов есімді тракторшы өз қаражатына қала орталығына Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға ескерткіш орнатты деген ақпарат жариялаған едік. Қамшы ақпараттық агенттігінің тілшісі аталмыш мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында мұндай іске жауапты орындарға хабарласып көрді.

Осыдан соң Қамшы тілшісі Семей қаласы әкімшілігінен аталған ескерткіштің мән-жайын сұрап білді. Өзін Семей қаласындағы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы деп таныстырған Қуат Қияқбай есімді азамат бұл іске қатысты:

«Берікхан Жұмаділов есімді азаматтың бұл ісін көпшілік болып құптағанымен, елімізде кез келген мәселеге қатысты заң талаптары бар. Ол кісінің орнатқан ескерткіші ең алдымен заңсыз және бұл іске Семей әкімшілігінің еш қатысы жоқ. Алаш көсемінің ескерткішін орнату мәселесі Республика көлемінде талқыланып, шешілген мәселе. Сол себепті де мұндай іске әркім өз бетімен кірісе беруі дұрыс емес.

Алаш азаматтарын бәріміз де ардақтаймыз, құрметтейміз. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға арнап ескерткіш қою ісіне белгілі жауапты тұлғалар бар, арнайы комиссия құрылған. Ескерткішті Ертіс өзенінің жағалауына қоладан құйып жасау көзделуде. Ал қазіргі таңда оның саз балшықтан жасалған нұсқасы дайын. Ол бірнеше тексерістен, арнайы құрылған комиссия мүшелерінің қарауынан өтуі қажет. Ұзындығы 3 метр 50 сантиметрді құрайтын ескерткішті тек орнатып қана қоймай оған жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін барлық құжаттар дайын болуы қажет. Әлихан Бөкейханның ескерткішін жәй ғана орнатып қоя салмай, оның айналасын көгалдандырып, жарықтандырып көркейту ісі де қолға алынады.

Ал, егер Алаш деген азаматтардың әрқайсысы өзі пір тұтқан адамына арнап ескерткіш орната берсе, бәріміз баяғы заманда болған пұтқа табынушылыққа өтіп кетеміз.

Бұл іске байланысты мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, орнатылатын жері де белгіленіп қойған. Ал, ескерткішті орнатуды қыркүйек айына жоспарлап отырмыз», - деп мәлімдеді.

Әлихан Бөкейхан 150 жылдығы UNESCO көлемінде атап өтілді. Алаштың астанасында Әлиханға ескерткіш қоямыз деген құрғақ уәдені ШҚО басшылары беріп келе жатқанына 2 жыл болды. Ал, Алаштың Әлиханына қойылуға тиіс ескерткіш эскизіне жарияланған байқау бір жыл бұрын 2016 жылдың 22-сәуірі мен 23-мамыр аралығында өткен болатын. Деректерге сәйкес, мемлекет тарапынан бұл іске 24 миллион қаржы бөлінген, ал конкурс нәтижесі бойынша Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Бақытбек Мұхаметжановтың еңбегі таңдалып алынған еді. Одан бері бір жыл уақыт өтті. Ал, нәтиже әлі жоқ.

Алаш астанасына айналған Семей қаласы Алашорданың құрылуына 100 жыл толуын дүркіретіп атап өтеді деп күтілген еді, жарты жыл өтсе де жыбыр еткен әрекет жоқ. Қазақ елінің іргетасы болып қаланған Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толған мерейтойын атап өте алмаған Семей қаласының әкімдігі есесіне Семей қаласының құрылғанына 300 жыл толған мерекесіне дайындықты бастап кеткен. Яғни, 2018 жылы еліміздің рухани қарашаңырағында «Семипалатинск» деген атаумен қаланың 300 жылдық мерейтойы тойланбақ. Ал бұл дегеніміз, Семей қаласы отар болғанына 300 жыл толған мерейтой

Тілшіміздің «Алашорданың құрылғанына 100 жыл толған мерейтойына қатысты рухани қаламыз Семейде қандай іс-шаралар атқарылды» деген сұрағына құзырлы органдардан мардымды жауап болмады. Бір айтарлары – Әлихан Бөкейханұлына арналған ескерткіш қыркүйек айында қойылуы мүмкін. Әлі де мүмкін...

Ал, тракторшының орнатқан ескерткішіне келер болсақ, тілшілерге сұхбат беруден бас тартқаны ма, әлде расымен де қалта телефонын ұстамайтын азамат па, ол кісімен тілдесу мүмкін болмады. Белгілі болғандай, Берікхан Жұмаділовтың орнатқан ескерткішіне әкімшіліктің еш қатысы жоқ екен және де ол ескерткішті орнатқан жерін заңсыз пайдаланғандықтан ескерткіш жуық арада алынып тасталынады.

Иә, ерікті азаматтың еліміздің тұлғаларын асқақтап орнатқан ескерткіші заң тұрғысынан дұрыс емес, ал мемлекет тарапынан қойылатын ескерткіштің қашан бой көтерері әлі белгісіз...

Қамшыгер: Назерке Лабихан

Қатысты Мақалалар