Жастар жүз пайыз әскер қатарындағы қызметтен өтуі тиіс

/uploads/thumbnail/20170710084250625_small.jpg

Өткен жылы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында жұмыссыз жастарды әскерге жіберу туралы ұсыныс айтты. «Қорғаныс министрлігімен типтік оқудан соң жұмыспен қамтылмаған, мектептен соң жоғары оқу орындары және колледждерге түспеген жастарды әскерге алу жайын қарастырып жатырмыз», – деп премьер-министр алдында есеп берген ол, еліміз халқының 24 пайызын құрайтын 14-29 жас арасындағы 4 миллион 206 мың жастың 686 мыңы «ерекше назарда ұстайтын» жастар екенін де ескертіп өтті. Министрдің айтуынша, олардың арасында жұмыссыз жүргендер, экономиканың бейресми саласында табыс тауып жүргендер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар.   «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың 68 пайызы, жұмыссыз жастардың 38 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Бұлар – мектептен соң оқуға түспеген, білім алмаған және сотталып шыққандар», – деді министр.     

         Бір қарағанда жай ғана сандар болғанмен, бұл – тереңірек ойлап, келешекке көз тіге алатын жандарды қатты ойландыруы тиіс бұлтартпас дерек! Бүгінгі бүкіл әлемді терроризм елесі кезіп, лаңкестік әрекеттер осы күнге дейін тұрақтылық аралы саналып келген біздің Қазақстанымызда да бой көрсете бастаған тұста, бұны ұсақ-түйек деп қарауға әсте болмайды!  Екінші жағынан, ауыл – қазақтың алтын бесігі екенін ескерсек, әйтеуір бір жұмысты алданыш көріп, содан тапқан болмашы ғана табысты талғажау етіп жүрген жастардың 70 пайызға жуығы, ал екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыз жастардың 40 пайызға жуығы ауылда тұратындығы және олардың біразы сотталып шыққандығы – тіршілік ету негіздеріміздің өзі қатты өзгеріп, дағдарысты жағдай қалыптасып отырғанын көрсетеді. Оның үстіне «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» қалған 30 пайыз жас пен жұмыссыз жастардың 60 пайызы қалада тұрады. Ал белгілі жұмысы, тұрақты табысы жоқ олар қайда барады, кімге ереді?!.

Бұл – ұлттық болмысымыз бен қазақи асыл қасиеттеріміздің сақталып, әрі қарай дамуына да кері әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. Соның салдарынан бауырмалдық, мейірбандық, үлкенді сыйлау, кішіні тыңдау, ауызбірлік, отбасындағы сыйласық, елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік сияқты басқа да құндылықтардың қадірі кеміп, сананы тек «табыс табу керек» деген материалдық қажеттілік билеп, ол адамдардың негізгі өмір сүру мәніне айналып барады.  Дәл осындай жағдайда ауылдық жерлердегі  миллиондаған гектар құнарлы да шұрайлы жерлер игерілмей, өнім өндіру былай тұрсын, пайдаға жарамайтындай деңгейде тозып бара жатқандығы қынжылтады.

         Менің ойымша, Қазақстанда жұмыссыздық деген мүлде болмауы тиіс! Керісінше, әртүрлі өнім шығаратын үлкенді-кішілі кәсіпорындар жұмысшы күшін, қажетті мамандар таппай: «Бізге келіңіз, сізге барлық жағдайды жаратамыз. Өзге компаниялардан артық төлейміз» деп әр жұмысшы, әр маман үшін таласып отыратын болуы керек. Өйткені, Қазақстан – аумағы жағынан әлемдегі тоғызыншы ел, ал халқы енді ғана 18 миллионға жуықтады. Соған қарамастан, біз күш-қуаты толып-тасқан, нағыз тепсе темір үзетін шақтағы жастарымызды жұмыспен қамти алмай отырмыз. Нәтижесінде олардың күннен-күнге жарқын болашаққа деген сенімдері азайып, жұмыс ұсынған әртүрлі күштерге, тіпті шетел асып, лаңкестік ұйымдардың қатарына қосылып жатқаны да бүгінгі күннің ақиқаты!

         Сондықтан жастарды еңбекпен қамту, оларды отансүйгіштік рухында тәрбиелеу, келешегін қамтамасыз ету тұрғысынан, Тамара Дүйсенова ханымның ұсынысы назар аударуға әбден лайық. Тіпті мұны тездетіп шешіп, жуық арада іске асырса – нұр үстіне нұр болар еді! Оның үстіне тек жұмыссыз жүрген жастар ғана емес, 18 бен 27 жас арасындағы барлық жас қазіргідей 1 жыл емес, 2 жыл міндетті әскери қызметтен өтетін заң қабылдау қажет! Оған «жоғары оқу орындарына тек міндетті әскери қызметін өтеген жастар ғана қабылданады» деген арнайы бап енгізілсе де артық болмас еді.    Сонда қазіргідей ата-анасының тірнектеп жинаған қаржысын 4-5 жыл бойы ақылы оқуға жұмсап, соңында жұмыссыз қалатын жағдай да жақсы жағына қарай өзгерері анық.

Әлеуметтік, экономикалық тұрғыда бұл – ел үшін де, қоғам үшін де, әр-бір жас үшін де тек пайдалы болатыны сөзсіз. Өйткені, соңғы деректерге қарағанда, қазір жастардың басым көпшілігінің денсаулығы нашар. Олай болса, неге біз 14 жасқа келген әр жасөспірімді тіркеуге алып, әскери есепке қоямыз? Облыстардағы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің аудандық бөлімдері жанынан ұйымдастырылған медициналық комиссиялар не бітіріп отыр? Әскери есепке алынған әрбір жасөспірімді тұрақты дәрігерлік бақылауға алып, ауруы бар болса емдеп, 18 жасқа толғанша оны әскер қатарында қызмет етуге сақадай сай етіп дайындау – олардың тікелей міндеті емес пе?! Меніңше бұл салауатты ұрпақ тәрбиелеу тұрғысынан мемлекет үшін өте маңызды және о баста сол үшін ұйымдастырылған. Әлде олар тек жылына әр ауданнан орта есеппен шақырылатын 1000-1500 жасты ғана медициналық тексеруден өткізіп, солардың денсаулығының жарамды-жарамсыз екенін айқындаумен ғана шектеле ме?! Бұл – бір.

Екінші, жастар толық міндетті әскери қызметтен өтетін болса, олардың барлығы таза әскери бөлімдерге түспейтіні анық. Сондықтан әскерде жастарға әртүрлі кәсіп үйретіп, қызметтің соңғы бір-біржарым жылында тікелей сол кәсібі бойынша, мысалы жол, темір жол, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, басқа да салаларда жұмыс істейтін әртүрлі бөлімдер ұйымдастырылуы керек. Сөйтіп, олардың тапқан табыстары әрқайсысының атына ашылған арнайы есеп-шоттарға ай сайын аударылып отырса. Осылай, бізде сырттан келетін еңбек мигранттарына деген қажеттілік жоғалады. Олардың жыл сайын өз елдеріне алып кететін миллиардтаған теңге ақша өзімізде қалады. Кең байтақ елімізде үлкен көлемде салынатын автокөлік және темір жолдарды пайдалануға тапсыру мерзімі қысқарады. Әскерден қайтқан кезде әрбір жастың есеп-шотында олардың отбасын құруы, өз ісін ашуы, жалпы тіршілік етуі үшін қажетті, аз мөлшерде болса да бастапқы қаржы болады. Бұл әлемдік тәжірибеде жоқ емес. Басқасын былай қойғанда, біз көбірек араласатын және ЕАЭО-тағы басты әріптесіміз – Ресейде мұның бәрі біраздан бері іске асырылып келеді. Оның үстіне Елбасы бастамасымен бүгінгі Қазақстан жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытына түсті.

Үшінші, жастар мемлекет есебінен әскерге шақырылам дегенше денсаулықтарын түзеп алады, бос жүрген жас күрт азаяды. Ең бастысы, ата-анасынан, дос-туыстарынан, туған аулынан алыста жүріп, сағыныш дейтін керемет сезімнің арқасында оларда ағайын-туысқа, туып өскен елге, жерге деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімдері нығайып, отансүйгіштік қасиеттері қалыптасады. Бұлар да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылды.

Әскери қызметтен өтіп, тәртіпке, ұқыптылыққа дағдыланып, оның үстіне белгілі бір кәсіп үйреніп қайтқан жас қай жерде де жұмыссыз қалмайды.  Мемлекет оның үстіне ауылдық жерлерде жұмыс орындары көптеп ашылатын бағдарлама қабылдап, жастардың баспана мәселесін шешуді, жеке үй салам деушілерге жер телімдерін оңай әрі тез беру мәселесін шешсе, тіпті тамаша! Бұл өз кезегінде демографиялық дүмпуге әкелетіні де анық. Көптеген ұл-қыздарымыздың 40-тан асқанша сүр бойдақ жүруінің басты себебі де осында жатыр емес пе?!

Төртінші, жастар бұдан былай «әйтеуір оқысам болды» деген ойды мүлде ұмытуы керек. Сонша қаржы жұмсап, жігерлі жастық уақытты бекер өткізудің қажеті не, ертең жұмыссыз қалатын болсаң! Сондықтан әбден ойланып, әркім өзінің қабілет-қарымы, бойындағы дарыны, заман талабына қарай, әрқашан сұранысқа ие болатын мамандықтар бойынша кәсіби білім алғандары жөн. Сонда бірнеше миллион қаржыңызды, 4-5 жылға созылатын алтын уақтыңызды алып, тек қана қожайындарының мүддесіне жұмыс істеп отырған көптеген сапасыз жекеменшік жоғары оқу орындары да өз-өзінен жабылатын болады.

Тағы бір маңызды нәрсе, студент және оқушы жастардың жылына екі-үш ай жұмыс істейтін еңбек отрядтарын ұйымдастыруды қолға алған жөн. Жалпы, жастарды еңбекке баулудың, олардың санасына еңбек – тіршіліктің негізгі талабы екенін, қандай жетістікке де тек еңбек арқылы қол жеткізуге болатынын сіңірудің тиімді тетіктерін әзірлеп, тәжірибеге енгізу қажет.

Сондықтан Тамара Дүйсенова ханымның ұсынысын тек жұмыссыз жастарды әскер қатарына шақыру деп емес, салауатты ұрпақ тәрбиелеу, жастардың келешегін қамтамасыз ету, миллиондаған жұмыс күшін олардың жеке өздері үшін де, қоғам үшін де пайдалы болатындай етіп кешенді түрде шешу тұрғысынан қарастырған жөн!

Әйтпесе білім алудың, кәсіп иелеудің, баспаналы болудың, отбасын құрудың қиындығынан жастардың үштен біріне жуығы Қазақстаннан өзге елдерге кетіп қалуға ниетті екені БАҚ-та талай айтылып, жазылды. Бұл – ел тәуелсіздігін сақтау, ұлт келешегі тұрғысынан өте қауіпті!..

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Қатысты Мақалалар