Колумбия округі мен Мэриленд штатының бас прокурорлары АҚШ президенті Дональд Трампты сотқа берді, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі. Олардың айтуынша, Трамп коррупцияға қарсы заңнаманы бұзған көрінеді.
Би-би-си жаңалықтарының мәліметіне сүйенсек, арыз берушілер Трамптың бизнесіндегі шетелдік инвестицияларды мемлекет Конституциясына қайшы деп есептейді. Трамп президент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін, өзінің бизнесін сақтап қалатынын мәлімдеген.
Трамп қаңтар айында өзінің шетел инвесторларымен бірлескен бизнес-активтерін ұлдары басқаратынын, бірақ ол істің бәрін өз қадағалап отыратынын мәлімдеген.
Колумбия округінің бас прокуроры Карл Рэйсин мен Мэриленд штатының бас прокуроры Брайан Фрош Трамп АҚШ Конституциясында жазылған "Құрама Штаттардың лауазымды қызметінде жұмыс істейтін мемлекеттік шенеунік Конгрестің рұқсатсынсыз шетел басшыларынан не ханзада, корольдерінен қандай да бір сыйлық, қызмет не мәртебе ала алмайды" деген бабын бұзып отыр дейді.
Басым көпшілігі республикалықтар болып саналатын АҚШ Конгресі Трамптың бизнесімді сатпаймын деген мәлімдемесіне мән бермеген. Прокурорлар болса, өздерінің шағымдары бойынша тепе-теңдікті сақтауға тырысатындарын айтады.