* * *
Ислам өз ұлтына, атамекеніне сырттай ғашық болып өтті. Қазақы қанына біткен сол махаббатын жат жұрттағы жақындарының сағынышты әңгімелері одан әрі қоздырып, ес біліп, етек жиғаннан-ақ атажұртқа кетуге бекінді. Бұл ол уақытта іс жүзінде орындалмайтын арман болса да үміті еш сөнбеді. Атырау теңізінің ирандық жағалауына келіп, алыс көкжиектен сандаған сағаттар бойы көз алмай, өзіне бейтаныс, бірақ аса ыстық атажұрт туралы ойлады. Көк теңіздің ақжал толқындарын ат қып мініп, аттанып та кеткісі келді. Ол жақтан қарайған кеме көрінсе, өздерін атажұртқа алып кетуге келе жатыр ма екен деп үміттенді. Алайда, құр қиялмен өмір сүре алмайсың. Ержеткен екенсің өзіңді, отбасыңды асырауың керек. Оның үстіне бір әулеттің оқыған азаматынан сұраныс көп. Көзі ашық азамат ретінде олардың тіпті ирандық қандастарының, әсіресе жастардың нарық заңы билеген елдегі өз орнын тауып кетуіне қолұшын беру қажет. Бұл қажеттілік оны қатарластарымен бірге бизнеске алып келді. Аз жылда-ақ оқыған, сауатты, жігерлі, адамдармен сөйлесе білетін мәдениетті жігіттің алдынан бір қарағанда тамаша мүмкіндік ашылды. Осылай кете берсе Исламның Иранның ақшалы алпауыттарының қатарына қосылып кетуіне толық мүмкіндігі болды. “Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған” деген бар ғой. Тіпті мұндай мүмкіндікті парсы зиялысының сұлу қызына үйленіп, оны одан әрі бекіте де алатын еді. Үй-жай салып, тұрмысты жөндеу, ағайындарға қол ұшын беру, бизнесте жаңа табыстарға қол жеткізу жоспарлары жас жігітті бүтіндей баурап, бұл одан оның бүкіл күш-қайратын, ерік-қабілетін жұмсауын қажет етті. Осылай қарбаласта жүргенде оны автомобиль қағып кеткені де бар… Есі кіріп, көзін ашқанда ол алдымен Алладан амандығын тілеген жақындарының жәудіреген көзін көрді. Сонау мектепте оқып жүрген 15-16 жасар кезінде-ақ атажұрт деп аңыраған осынау жәудір көз қандастарын Қазақстанға қалайда бастап барамын, соған жол табамын деп өзіне өзі сөз бергенін есіне алды. Бос дүниенің соңында жүріп сол сөзін ұмытып бара жатыр екен… Асыл арманы көмескілене бастаған ба, қалай?.. “Алла мені тәубасына келсін деп осындай күйге ұшыратқан екен. Ұлы құдірет иесі пенделеріне ауруды, апатты сол үшін – өткені, жаза басқаны, астамшылығы туралы ойланып, бұзылған пиғылын түзеп, тойымсызданған нәпсісін тыю үшін жібере ме, қалай?” деп ойлады осыдан кейін. Ауруханада ұзақ ойланған Ислам тәні әлсіз болса да санасы сілкініп тұрды. Көп ұзамай атажұртын тереңірек сезіну үшін бәрін тастап, Түркияға кетті. Мұнда ол иісі түркі әлемі, оның ішінде қазақтар туралы әдебиеттерді бас алмай оқыды. Сөйтіп Иранда алған білімін мұнда еселеп өсірді. Өз ұлтына, атажұртына деген махаббаты оның дүние мен малға деген нәпсісін осылай тежеді. Ол тән азығынан да жан азығын қатты қажетсінді. Атажұрттық қандастарымен Ислам алғаш рет осы Түркияда қауышты. Ақын Фариза Оңғарсынова бастап келген адамдар ішінде ана тілін білмейтін қазақтар бар екенін көргенде қатты күйінгені де бар. Ал өзі бұл кезде қазақ тілінен бөлек парсы, ағылшын, әзірбайжан, түрік, араб тілдерін еркін білетін, сол тілдердегі әдебиеттерді де оқитындықтан бір тілділердің көбінен білімі де артық еді. 1990 жылы сол Фариза Оңғарсынова апайының республикалық ақындар айтысына шақыртуымен Ислам Жеменей атажұртқа аяқ басты. Сол жылы Иран, Ауғанстан, Түркия, Еуропа елдерінің қазақтарымен бірге ол Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың үйіне барып сәлем берді. Димекең өзгелер қоштасып шығып бара жатқанда қолынан тартып, оңашалап алып қалды. – Сен сияқты азамат Қазақстанға керек, елге оралсаңшы, балам, – деді қарт зейнеткер. Содан соң “Саған не сыйласам екен?” деді де сөреде тұрған өзінің фотосуретін алып қолтаңба жазып беріп, бойы өзі тұрғылас балғын жігітті құшақтап: “Келіп тұр”, деп қоштасты. Әрине, Исламның бар арманы – қайткенде де атажұртқа оралу-тын. Бірақ қалай, қайтіп келмек? Ол Түркияға күпті көңілмен аттанды. Келсе, алдында ҚазМУ-ден шақыру қағазы жатыр. Ислам Қазақстанға чемоданын ашпастан қайта оралды деуге болады. Бірінші рейске билет алып, екі өкпесін қолына алып жетті Алматыға. Оны Мәскеудегі Иран елшілігі арқылы іздеткен университеттің шығыс тілдері факультетінің деканы, филология ғылымының докторы Әбсаттар Дербісәлі екен. Ол атажұртын іздеп еді, атажұрты да Исламды іздепті! Жат жерде туған қазаққа бұдан артық қуаныш бола ма? Әбсаттар ағасы оны оқу орнының ректоры, атақты физик Мейірхан Әбділдиннің алдына алып келді. – Біз шет елдегідей жалақы төлей алмаймыз, – деді ректор. – Мен әскери борышын өтеп жүр деп есептеңіз. Мен Отаныма тегін қызмет етуге әзірмін! – деді жас жігіт.* * *
1991 жылы қыркүйек айында Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға барды. Елбасы Ыстамбұлдағы “Қазы антеп” қонақ үйінің үлкен залында шет елдерде жүрген қазақтардың өкілдерін қабылдап, оларды көшіріп алу мәселесін де сөз етті. Ислам бұл кездесуге Иран, Ауғанстан қазақтарының атынан қатысып, Президентке солардың жайын баяндады. Ол шет елдердегі қазақтардың ең халі төмені Ауғанстандағы қандастар екенін, алдымен соларды көшіріп алу қажеттігін айтты. Президент Исламның атын сұрап алды да, өзінің “Әділеттің ақ жолы” атты кітабына қолтаңба қойып беріп: “Інім, тілегің орындалады, орындаймыз” деді нық сеніммен. Елбасының осы сөзінен кейін шет елдердегі қазақтардың атажұртқа оралуы басталды. Ислам Жеменей ҚазМУ-дегі шығыс тілдері факультетінде парсы тілінен сабақ бере жүріп тоқсаныншы жылдардың қым-қуыт қоғамдық-саяси өміріне қызу араласып кете барды. Бұл кезде ол журналистер іздеп жүріп сұхбаттасқан, қоғамдық ұйымдар жарыса шақырып жүздескен “модный” қазақтардың бірі болды. Ол шынында да жұмыс талғамады (Әрине, алғашқыда Иран азаматы болғандықтан мемлекеттік қызметке шақырылмағаны түсінікті). Кім сіздің көмегіңіз қажет десе, сол жұмысты атқара берді. Әу баста Түркияның “Заман” қоғамының өкілі болып, Қалтай ағасымен бірге “Заман-Қазақстан” газетін, қазақ-түрік лицейлерін ашуға, қазақ жастарының Түркия елінің жоғары оқу орындарында білім алуларына белсенді түрде атсалысты. Тіпті бизнестің қыр-сырын білетін әрі шет елдермен байланысы бар жігітті Қазақстанның да, өзге елдердің де іскерлері жағалады. Біраз уақыт әжептәуір ірі “Иран-Қазақстан” бірлескен фирмасының директоры болып істеді. Оның алдынан тағы да екі мүмкіндік ашылды. Көкірегінде тағы да екі пиғыл тайталасты. Бірі – бизнеспен айналысып, сол кезеңде тұралап қалған тәуелсіз Қазақстанның экономикалық жағынан нығаюына үлес қосу. Сөйтіп өзінің және ұрпақтарының келешегін материалдық жағынан қамтамасыз ету. Екіншісі – отарлық, атеистік, шовинистік саясаттан діні мен тілі шеттетіліп, ділі жұқарған ұлтының қасиеттерін қайтадан жандандыруға атсалысу. Ол дүниеге деген нәпсісін тағы тыйып, екіншісін таңдады. Ирандықтардың ұлттық мүдде жолындағы жанкешті күресін, әсіресе Ислам төңкерісі тұсында көзімен көрген Жеменей өзінің жанайқайын шығармай тұра алмайтын еді. Бизнесмен болып жүз адамды тойындырғанша, өзінің мақала-сұхбаттары арқылы мыңдаған адамдардың рухани қажетін өтеу керек деп шешті. Оның мұндай шешімге келуіне тағы бір үлкен себеп – халқымыздың белгілі ғалымы, әрі патриоты Мекемтас Мырзахметұлымен кездесуі де әсер етті. Өзінің айтуына қарағанда бұл адаммен алғаш рет Мұхтар Әуезовтің мұражай үйінде танысыпты. Ғалымның жан-дүниесіне қатты әсер еткені сонша, Ислам Мекеңнің соңына ілесіп жүре берген. Солай ол қазіргі “Атакент” маңындағы ғалымның үйіне дейін жаяу әңгімелесіп келіпті. Ол кісі жас жігіттің білімін, ой-танымын бағдарлап, оның тек мерзімдік баспасөзге мақала жазумен шектеліп қалмай, ұлтының рухани әлеміне үлес қосу үшін ғылыми-аудармашылық жұмыспен де айналысуы керек екенін айтады. Исламға керегі осы еді. Шығыс әлемін жетік білетін Мекемтас Мырзахметұлы оған жетекшілік етуге де келісім береді. Ең бастысы бірі Иранда, бірі Қазақстанның Жуалы-Түлкібасында туылған екі қазақтың дүниетанымында ортақтық көп болып шықты. Содан бері екеуі жұбын жазған емес. Бұл кездесуден кейін көп ұзамай Ислам Мекемтас ағасының артынан Түркістанға кетті. Ал Мекең Таразға ауысқанда ол енді біраз уақыт істеген Иран елшілігіндегі қызметін тастап, қайтадан Таразға келді. Сөйтіп ТарМУ-дегі “Дулаттану” ғылыми орталығына жетекші бас маман болып орналасты. Ол бұған дейін М.Мырзахметұлының жетекшілігімен “Хафиз және қазақ әдебиеті” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, осы аттас кітап та шығарып үлгерген еді.* * *
Оның еңбектерін шартты түрде бес топқа бөлуге болады. Біріншісі, мерзімдік баспасөзге жазып жүрген мақалалары мен сұхбаттары. Әртүрлі конференция, жиындарда жасаған баяндамалары. Бұл еңбектері Реза Пехлеви тұсындағы Иранның экономикасы мен мәдениетінің қалай қожырағанын, Иран ислам төңкерісінің не әкелгенін, Ауған, Түркия және басқа елдерді өз көзімен көрген, зерттеген адамның жазғандары ретінде құнды болды. Қазақстандағы тіл, діл, дін жағдайы туралы жазғандары да салыстырмалылығымен сауатты, әрі оқырманға өтімді келді. Ол жуырда Новосібір қаласында өткен саны аз халықтар проблемалары туралы ғылыми-теориялық конференцияда “Ұлттық психология хақында” баяндама жасады. Ұлттық психологияны қалыптастырудағы саяси биліктің рөлін ұзақ жылдар бодандықта болған қазақ халқының тарихи кезеңдері тұрғысынан дәлелдеп сөйледі. Пікірлерінің қызығушылық тудырғаны сонша ол артынан бір сағатқа жуық сұрақтарға жауап беруіне тура келді. Үзіліске шыққаннан кейін Сібірдің саны аз халықтарының өкілдері көп нәрсеге көзі ашылғандарын айтты. Ал конференцияның ұйытқысы болған филология ғылымының докторы, профессор Черемисина Майя Ивановна Исламды үйіне шақырып түнгі сағат 12-ге дейін сұхбат құрды. Сол жолы Ислам профессор Черемисинаға ислам философияның негізі – үш сүйіспеншілік – имани гүл туралы айтты. Ата-анаңды, жарыңды сүюден басталатын имани гүл күрделіленіп, жалпы адамзаттық сүйіспеншілікке ұласпақ керек. Бірақ, ортада үлкен өткел болып ұлтың тұр. Ұлттық проблеманы басқа ұлттың есебінен шешем деген пиғылдың арты соғыс екенін тарих сан рет дәлелдеп келеді. Сондықтан бұл тәуелсіздікке ұмтылған саны аз ұлт үшін де, өзге халықтардың есебінен күн көруді кәсіп қылған ұлттар үшін де аса қиын өткел. Жалпы адамзаттық жаһандануға бару үшін бірі әуелі ұлттық проблемасын шешіп, өз халқының ділін нығайтып алғысы келеді. Екіншісі, бүкіл әлемдік интеграцияны алға тартып, ұлттарды да “интеграциялап” жіберуге кет әрі емес. Кілтипаны көп осы мәселеде ортақ тілге әкелетін әділет қана. Ал санаң қанша сақылдап, өз пайдаңды есептеп тұрғанымен пиғылың таза болмаса, әділетті бола алмайсың. Пиғылың таза болу үшін Алланы сүюің керек. Міне, сонда үш сүйіспеншілік түгенделеді, жүрегіңде имани гүл көктейді. Бұл әңгімеден кейін Новосібір университетінде түркология кафедрасының негізін қалап, ұзақ жыл еңбек еткен қарт ғалым өзінің ислам құндылықтары туралы түсінігінің төмен болғанын мойындап, қазақ жігітінің қолын аса ризалықпен қысып қоштасты. Ислам еңбектерінің екінші тобына аудармаларын жатқызуға болады. Бұлар тәуелсіз Қазақстанның ғылымы, саясаты, мәдениеті мен тарихы, ұрпақ тәрбиесі үшін де ауадай қажет еңбектер. Сонымен қатар Исламның парсы әлемін жетік білетіндігімен, ол тілдің нәзік астарына дейін сезіне алатындығымен құнды. Мәселен, ол аударған Риза Шабанидің “Иран тарихы” (“Зерде”, А.2002) пышақ үстінен үлестіріліп кетті десе болады. Исламның тағы бір іргелі еңбегі – Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарихи-и-Рашидиін” парсы тілінен тікелей қазақшалап шығуы. Жуырда ол журналист Кеңесбек Демешпен бірге парсы, әрі шағатай тілінде жазылған Шейх Ахмед Хұдайдад Таразидің “Көркем сөз өнері” (ХV ғ.) атты кітабын қазақшалап тастады. Бұл еңбек – әдебиет теориясы басқа ешқайда емес, алғаш рет түрік әлемінде жасалғанын дәлелдеп отыр. Қазақтардың қолына кездейсоқ түскен осы еңбек жарық көре қалған жағдайда филология ғылымында үлкен сілкініс тудырары сөзсіз. Үшінші топқа, Тараздың 2000 жылдығы қарсаңында Ислам бас көтермей жұмыс істеп, Тараз қаласына, жалпы Қазақ елі мен жеріне қатысты парсы әдебиеттерін бірінен кейін бірін аударған еңбектері кіреді. Оларды Мекемтас Мырзахметұлымен бірге облыстық “Ақ жол” газетіне үзбей жариялаумен болды. Нәтижесінде той қарсаңында жергілікті баспадан Мекемтас Мырзахметұлы, Асқар Әбдуалиевпен бірігіп жазған “Көне Тараз” атты кітабы жарық көрді. “Тараздың 2000 жылдығын тойлаймыз” деп оншақты жыл шулағанда біз қаланың нақты қасиеттері туралы іс жүзінде аз біледі екенбіз. Әйтеуір осы кітап абыройымызды жапты. Шығыстың барлық ірі ақындарының Таразды табына жырлауының құпиясын бізге Ислам Жеменей ашып берді. Ал жеке өзі Иран елшілігінің демеуімен “Тараз – парсы ақындарының жырларында” атты кітап шығарды. Ғалым еңбектерінің төртінші тобына қазақ тілін мемлекетаралық қатынас тілдеріне жеткізудегі үлесім болсын деген мақсатта жанкештілікпен тиын-тебенсіз жасаған “Қазақша-парсыша, парсыша-қазақша” (“Санат”, 1994), “Парсыша-қазақша” (“Зерде”, 2003) сөздіктері жатады. Ислам еңбектерінің бесінші саласы – филология ғылымына байланысты төл зерттеулері. Мұның ішінде ең сүбелісі – “Хафиз және қазақ әдебиеті” атты кітабы. Мұнда автор “Бүгінге дейінгі қазақ және парсы әдебиетінің қарым-қатынасы жайындағы азды-көпті зерттеулер тарихына назар аударып, өзіне дейінгі жазылған еңбектерді түгел талдай келе өз мақсатын да анықтай алған” дейді ізбасары туралы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. Бір сөзбен айтқанда И.Жеменейдің осы бір шағын кітабы сөз астары мен ой астары үйлесіп, шендесіп жататын Хафиз шеберлігінен қазақ ақындарының әлі де үйренері көп екендігін көрсетті. Қоғамдық санада күрделі өзгерістер жүріп жатқан қазіргі заманда қазақ жырларында да Хафиз ғазалдарының сарыны төл топырағымызға сай көрініс табуы ғажап емес. Мұны тараздық кейбір жас ақындардың өлеңдерінен байқап та қалғандаймыз. Бұл талант иелері ең алдымен өздерін Хафиз және шығыстың өзге де ақындарымен таныстырып жүрген Исламға қарыздар. Парсылық-исламдық ортада өскен, әрі көп тілді білетін И.Жеменей мұның бәрін биіктен көріп тұр. Бірақ сол биікте бір өзі сопайып тұра бермей, мыңдаған жылдар бір-біріне рухани ықпал еткен парсы-түркі байланыстарын жетік біліп, осы тілдегі түркі әлеміне қатысты мол мұраны игеретін кадрлар даярлағысы келеді. Өйткені, бұл жұмыс науқаншылықты көтермейді, әрі бірер ғалым түбіне жете алмайды. Ол үшін мақсаткерлікпен атқарылатын жұмыстар керек. Соның бірі – парсы, араб, қытай тілдерін жетік білетін мамандар даярлау екені өзінен өзі түсінікті. Әрі олар қазақ тілі мен әдебиетінің де маманы болуы қажет. Осылай қос мамандықты игергенде ғана оларға сұраныс болмақ. Бір жағынан қазақ тілі мен әдебиетінің маманы ретінде еңбек етеді. Екінші жағынан солардың ішінен араб, парсы, қытай әлемімен байланыстарды зерттейтін ғалымдар өзінен өзі іріктеліп шығады. Бәлкім олар елшіліктер мен түрлі халықаралық ұйымдардың жұмыстарына тартылып, қазақ тілінің мемлекетаралық беделін көтеруге септігін тигізер. Егер “Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты шет тілі мамандарын қазақ тілі мамандарымен қосарлап даярлау ойластырылатын болса, Тараз университетінде еңбек етіп жатқан Ислам Жеменей бұл іске құлшына кірісуді өзінің Отан алдындағы борышын өтеу деп біледі. Осы жайды елеп, ескеретіндер табылса екен дейміз. Исламның дәнекерлігі арқасында Иран елшілігі ТарМУ-да парсы тілі кабинетін ашқалы біраз уақыт болды. Мұны парсы, араб тіліндегі әдебиеттер кітапханасы деуге болады. Өкінішке қарай Таразда оны оқып түсінетін Исламнан өзге адам жоқ. Ол бұл жағынан осы қалада өзінің тұл ұстаз болып тұрғанына қиналады. Ал Мекемтас Мырзахметұлы болса, дәл сондай қазақ әдебиеті кабинетін ашқан. Оған үлкен жүректі ғалым бүкіл өмір бойы жиған кітаптарын сыйлады. Ол аз десеңіз көптеген сирек кездесетін әдебиеттерді іздеп, тауып, көшірмесін болса да әкеліп, үнемі толықтыру үстінде. Оның ішінде шығыс-ислам әдебиеті де мол. Бұл кабинеттер туралы тәптіштеп айтып жатқаным, жалпы ТарМУ-де шығыс тілдеріне, оның ішінде парсы тілінен маман даярлауға негіз бар дегенді дәлелдегім келгені. Соған елдің назарын аударсам дегенім. М.Мырзахметұлының жетекшілігімен, Ә.Дербісәлінің ақыл-кеңесімен аударылып жатқан жоғарыдағы еңбектердің барлығы Тараз университетінде жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар университеттің қаржылық мүмкіндігі көтерген көлемде әлі де атқарыла береді. Мәселен, Ислам қазір “Тарих-и-Рашидидің” өзге нұсқалары мен басқа шығармаларын аудару үстінде. Оның мақсаты – баба мұраларын бүгінгі ұрпаққа дәл әрі толық жеткізу. Бірақ оны кім жарыққа шығарады, білмейді. Алғашқы нұсқаны “Мұхаммед Хайдар Дулати” қоры кітап етіп бастырды. Ислам, екінші нұсқаны да осылай қазақ тарихы үшін теңдесі жоқ жазба мұраны сатқысы келетін қаржылы біреуге беруге мәжбүр болады. Олар кімге, қалай сатады? Ең бастысы кітапханаларды, оқу орындарын қамтамасыз ете ала ма? Бұл жағы белгісіз болып тұр. Мұраны игеру тек аудармамен шектелмейтіні тағы түсінікті. Бұдан әрі М.Мырзахметұлы бастаған топ М.Х.Дулати еңбектерінің сөздігін, одан соң энциклопедиясын жасамақ, М.Мырзахметұлының пікірінше талай ұғымдар, атаулар түсіндіріліп, терминдер, ғылыми айналысқа түсіп, қазақ тарихының бүтін бір ақтаңдақ кезеңі ашылады деп күтілуде. Ірі ғылыми орталықтардан алыста жатқанымен бір ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жүзеге асыруға бекінген тараздық ғалымдардың осынау игілікті ісі “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында тиісті министрліктер тарапынан қаржыландырылмаса өкінішті-ақ.* * *
Жоғарыда мен Исламның Отанға деген махаббаты туралы көп айттым. Алайда бозбалалық сезімнен арылып, есейіп, елді таныған шағында қаракөз қазақ аруына жолыққаны өз алдына хикая. “Ғашықтың тілі – тілсіз тіл” деген сол да. Алла өмір берсе, ол да жазылар. Ал Исламмен сырласып жүрген бірнеше жылда байқағаным, жүрегіне имани гүл ұялаған адам әуіш болып кетпейді екен, қайта Отанына қызмет етуге күш-жігері арта түседі екен. Ислам Жеменейдің мақалаларымен, аудармаларымен, кітаптарымен тұтастай танысқан адам бұның бәрі жоғарыда айтылған даналарымыздың ілімдеріне барар жолдың баспалдақтары екенін аңғарады. Ал еңбектерімен бірге Ислам Жеменейдің өзін жақсы білген жан сол жампоздар армандаған арлы адам екеніне көзін жеткізеді. Өткен жылдың желтоқсанының соңғы күндерінің бірінде Рақбаймен бірге алты жасында Иранға кеткен Исламның әкесі Ақмұрат қария да ата-жұрты Маңғыстауға қайта оралды. “Жылап кетіп, күліп келдік”, деді ол теледидардан. Арада 70 жылдан астам уақыт өтті. Көп нәрсе өзгерді. Бірақ ол жақтағы қазақтардың да, бұл жақтағы қазақтардың да жүректерінде бір нәрсе өлмепті. Ол – имани гүл. Имани гүл, әсіресе, Исламның жүрегінде айрықша жұпар шашып тұр. ХХІ ғасырда барлық қазақтардың жүректерінде шашылса дейсің сол жұпар. Данышпан бабаларымыздың да арманы сол еді. Елбасымыздың түп ойы да осы. Елен ӘЛІМЖАН, жазушы. ТАРАЗ. 10 тамыз, 2004 жыл. "Егемен Қазақстан" Сурет: rus.azattyq.org
Пікір қалдыру